Жұмыр жердегі ең жанкүйері көп спорт түрі футбол екені даусыз. Теңбіл доп аламанында қос қақпаға гол соғып, мергендігімен танылып жатқан жұлдыздар жетерлік. Десе де тек жасыл алаңдағы әдемі ойын өрнегімен ғана емес, қайырымды істерімен де жанкүйерінің сүйіктісі атанып жүрген футболшы жетерлік. Сондай жанның бірі алатын айлығын тек бас пайдасына жұмсамай, елге көмектесетін үшінші қақпа үздігі – Зинедин Зидан.
Зинедин Зидан 1972 жылы 23 маусымда Францияның Марсель қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі – кәбил ұлтының өкілі. Отбасында бес ағайынды. Зинедин – әкесі Исмаил мен анасы Маликаның сүт кенжесі. Ләйлә, Жамил, Фариддин, Нұраддин атты әпке-ағаларының ортасында ерке болып өскен Язид бала күнінен спорт дейтін сиқырлы өнерді жанына серік етеді. Дзюдоға қатысып, жасыл белбеу тағынады. Сонымен қатар, велосипед, скейтборд тепкенді ұнататын. Ең бастысы, футболшы боламын деп армандап, доп додасы десе ішкен асын жерге қоятын. Бірақ, ол кезде бүгінгідей жайқалған жасыл алаң, зәулім стадион, тіпті жөні түзу доп та болған емес. Футбол десе жанын беретін бала үшін заманның таршылығы мұң болмайтын. Даланың шаңын бұрқыратып, екі тасты қақпа, пластикалық бөтелкені доп қылып тепті.
Ойын баласы таңнан кеш батып, көз байланғанша үй маңындағы шағын алаңнан шықпайтын. Сабақтан келе сөмкесін тастай салып, футболға кететін. Зиданның ағалары да футболды жақсы ойнайтын. Олар да ала доптың буымен алаңға құстай ұшатын. Барлығы футболшы боламыз деп армандағанмен ағалары отбасылық жағдайға байланысты футболды тастады. Өйткені әкесі күзетші, анасы үйде бала қарайтын. Барлығын бірдей қамтамасыз етуге қаражат жетпеді. Есесіне кенжесінің арманы алға жетеледі. Иә, сол кездегі бөтелке тепкен бала бүкіл әлемді мойындататын жұлдыз болады деп ешкім ойламады.
Зизу 9 жасында «АС Фореста» командасында капитан болып, аудан намысын қорғады. Ала допты ұршықша иірген футболшы небәрі 14 жасында «Канн» клубындағы жаттықтырушылардың көзіне түсіп, жастар құрамасына ілігеді. Күнделікті жаттығып, еңбектеніп, үш жылдың ішінде-ақ дүйім жұртты ерекше талантымен таңқалдырған тарлан аталған клубтың ересектер құрамасына ауысады.
Сөйтіп, 17 жасында бірінші лигадағы алғашқы ойынын өткізеді. Клуб жаттықтырушысының көзіне түскен жас бала осылайша үлкен футболға аяқ басады. 1992-1996 жылдары францияның «Бордо» командасына ауысады. Төрт маусым бойы шеберлігімен танылған Зизу 1996 жылы Франция біріншілігінің үздік ойыншысы атанды.
Сол жылы Италияның «Ювентус» командасына шақырту алды. «Қарт Синьора»
сапында да жасындай жарқылдап, екі мәрте Италия біріншілігінің чемпионы, бір рет Италия және УЕФА суперкубогының жеңімпазы атанды. Кейін Испанияның «Реал Мадрид» клубында өнер көрсетті. Зидан «Корольдік клубқа» келген жылдары аталған клубтың сапында Роналдо, Роберто Карлос, Бэкхэм сынды жұлдыздар өнер көрсетті. Әйтсе де, «Галактикос», яғни кіл жұлдыздар атанған командада Зизу тасты жарып шыққан гүл сынды жігерімен, өзінің ойын үлгісімен танылып, дүйім жұрттың сүйікті ойыншысына айналып, төрткүл дүние көз тіккен чемпиондар лигасын жеңді. Жасыл алаңда керемет ойын үлгісін көрсете білген жартылай қорғаушы Испания біріншілігінде топ жарып қана қоймай үздік ойыншы атағына ие болды.
Зидан ұлттық құрама сапында да ұлы футболшы бола алды. 1994 жылдың тамыз айынан бастап дүбірлі додаларда елінің намысын абыроймен қорғады. 108 ойында 31 гол соқты. 1998 жылы Әлем чемпионы атанады. 2006 жыл. Әлем біріншілігі. Байрақты бәсекеде Франция құрамасы кездескен қарсыластарын қоғадай жапырып, финалға жолдама алады. Ақтық сында Италия құрамасымен жолықты. Бірақ Франция мен Италияның финалдық кездесуінде күтпеген жағдай орын алып, алаңда балағаттағаны үшін итальяндық Марко Матерацциді басымен ұрып құлатқан Зиданға қызыл карточка көрсетіліп, алаңнан қуылады.
Бір ойыншыға кем ойнаған француздар кездесу соңындағы пенальтиден италиялықтарға жол
берді. Зидан жанкүйерлерінен кешірім сұрап, күллі әлем көз тіккен чемпионаттан кейін спорттағы мансабын тоқтататынын мәлімдеді. Тәртіп бұзғанына қарамастан Зинедин әлем біріншілігінің үздік ойыншысы атанады. Кейіннен Зиданның Матерацциді басымен ұрып тұрған сәтінің мүсіні жасалды.
Алғашында Парижде тұрған бұл мүсінді Катар елі сұратып алып, өз мұражайына қойды. Ал 2007 жылы Марко халық алдында Зиданнан кешірім сұрайды. 2009 жылдан бастап бапкерлік жолын бастаған ақылды да қайратты ойыншы дәл қазір білікті бапкер. Кезінде өзі ойнаған «Реал Мадрид» командасын жаттықтырады. Ол өзі дайындаған шәкірттерімен талай белестерді бағындырды.
Зидан – жасыл алаңда ғана емес, өмірде де үлгі алатындай жан. Ол тағдыры талқыға түскен жандарға қолда барын бөліп, аз қамтылған отбасылар үшін қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастырады. Тапқан-таянғанын жарлы-жақыбайға көмек ретінде аударады. Онымен қоса достарын шақырып, қайырымдылық футболын ұйымдастырады.
Кездесуге жиналған қаржыны тұрмысы төмен отбасыларға, Африкадағы аштықтан зардап шеккен жандарға үлестіреді. Туған қаласындағы жас футболшыларға қамқорлық танытып, олардың қаржылық жағдайының барлығын өзі көтереді. Осы секілді елдегі жетім-жесірлерді қолдау үшін де түрлі балалар үйіне қыруар қаржы бөлген. Алжирдегі балалар емханасына көмектескен. Ең кереметі, Рамазан айында Францияның түкпір-түкпірінде мұсылмандар үшін ауызашар өткізеді.
Шоқтығы биік саңлақ, өз басынан елін, отбасын жоғары қоятын рухты ұл. Оның туған еліне деген адалдығы мен сүйіспеншілігі ғажайып ғибраттың қайнары. Жұртының атымтайы атанған нарғасқа азамат футболдың ғана емес, үшінші қақпаның да үздігі.
Берен ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!