Мемлекет басшысы футболдан Солтүстік Ирландияны жеңген Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелеріне жылы лебізін білдіріп, елордалық еріктілер мен белсенділерге алғыс айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Instagram парақшасында Қазақстан ұлттық құрамасының жеңісіне арнап жазба жариялады.

“Ұлттық құраманың Солтүстік Ирландияның үздік командасына қарсы ойынын тамашаладым. Ойын өте қызықты әрі тартысты өтті. Қазақ футболшылары қарсылас командаға төтеп беріп, 1:0 есебімен лайықты жеңіске қол жеткізді. Қазақстан ұлттық құрамасы және олардың мыңдаған жанкүйерлері үшін қуаныштымын”, – деді ел басшысы.

Сондай-ақ «Астана жастары» мен басқа да ұйым еріктілеріне алғыс білдірді..

“Еріктілер ойыннан соң стадионда қалып, трибунадағы қоқысты жинап шықты. Футболшыларымыз бен жастарымызды мақтан тұтамын”, – деп жазды Тоқаев.

Еске салсақ, Қазақстан құрамасы Еуро-2024 іріктеу кезеңінде Солтүстік Ирландия футболшыларын ұтқан еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!