Аслан Сыйлықбектің есімі көпке таныс. 17 жастағы велошабандоз ел намысын абыроймен қорғап жүр. Азия ойындарында жүлде салған жүйрікпен аз-кем тілдескен едік.
– Аслан, әңгіменің әлқиссасын өзіңнен бастасақ…
– 2005 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Ойын баласы болдық. Велоспортқа келуімнің өзі қызық болды. Ауладағы достарыммен кеңесіп, велоспортқа барамыз деп шештік. Сондағы мақсатымыз – велосипед алып, аулада айдау. Діттеген мақсатымызға жеттік (күліп). Түбегейлі спортпен айналысамыз деген ой болмады. Аслан және Жандос есімді бапкерлерімнің арқасында 6 жылға жуық уақыт болды велосипед үстінде келеміз.
– Естуімізше, алғашқы жарыста қатысуға жасың жетпеген екен…
– Иә, дәл солай. Жаттығуға бойымыз үйрене бастаған соң жарыстарға талпынып жүрдік. Облыстық ашық біріншілік өтетін болды. Сол кезде 10-11 жастағы баламыз. Мүмкін сол жарысқа қатыспағанда велоспортқа деген махаббат жоғалып кетер ме еді?! Жаттықтырушыларым тәуекелге бел буып, қалың топтың арасына қосып жіберді. Тур де Франц жарысына қатысайын деп жатқандай әсер алғаным бар. Ең кішкентай қатысушы болсамда сол аламанда екінші орынға табан тіредім. Осылайша алғашқы жарыстағы жүлдем үлкен спортқа жол ашты.
– Велоспорттың қос тармағы бар. Бірі – велошоссе, енді бірі – велотрек. Екеуінің ерекшелігіне тоқталайықшы. Сіз үшін қайсысы тиімді?
– Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Велошоссе – табиғат аясында өтеді. Шақырымы да ұзақ. Жарыс алаңын талғамайды. Тауға қарай биікті де бағындыруға тура келеді. Ал велотрек – үлкен спорт алаңында болады. Елімізде мұндай жарыс алаңы біреу ғана. Сондықтан елордадағы Сарыарқа велотрек алаңында Қазақстан біріншілігі өтеді. Жылдамдықты қажет етеді. Жарыста ширақ қимылдаған спортшы ғана топ жарады. Негізінде бір бүйірім осы велотрекке бұрып тұрады. Сан мәрте Қазақстан жеңімпазы атандым.
– Қай спортшыны қарасаң да үлгі тұтар тұлғасы бар. Сізде қалай?
– Әрине бар. Словениялық велошабондоз Тадей Погачар қазір әлем жұлдызына айналды. Жетпеген жетістігі жоқ. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері. Саңлаққа Олимпиаданың алтыны ғана бұйырмай тұр. Сол спортшы қазір кумиріме айналды. Еңбекқорлығы мен спортқа жанашырлығы қатты ұнайды.
– 5 жыл ішінде көп белесті бағындырдың. Десек те жеткен жетістігіңнің ішінде қайсысы өзіңе ыстық?
– Өткен жылы велоспорттан Қазақстан біріншілігі Қызылорда қаласында өтетін болды. Жарыстың жалпы шақырымы 80 шақырымды құрады. Пандемиямен арпалысқан тұс. Кеселдің кесірінен біршама жаттығуларымыз да тұралап қалды. Нақты айтсақ, қаулыға сәйкес жаттығу өткізуге тыйым салынды. Сол себепті біраз бабымызды жоғалтып алғанымыз жасырын емес. Туған жерде өтетін болғандықтан намысты қолдан бермеу керек. 130-ға жуық шабандоз жиналды. Соның арасынан суырылып, І орын жеңіп алдым. Сол жүлде қиындықпен келгендіктен салмағы мен үшін ауыр болды.
– Асланды алда қандай жарыстар күтіп тұр?
– Нұр-Сұлтан қаласында соңғы дайындық жұмыстарын жүргізудемін. Бүгін сәтін салса велотректен Қазақстан чемпионатына қатысамын. Биыл мен үшін жарыс жылы болмақ. Одан бөлек Азия біріншілігі келе жатыр. Сондай-ақ 11 мамырда Францияның астанасы Парижде халықаралық жарыста ел намысын қорғаймын.
– Сәттілік серігің болсын!
Әңгімелескен
Ерасыл ШӘРІБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!