Елімізде алғаш рет қазақ күресінен «Turan Barysy» Азия кубогі өтті. Жарысқа Түркі мемлекеттері ұйымының мүшелері – Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан және Қазақстан балуандары қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Қазақ күресінің жыл өткен сайын ауқымы кеңеюде. Әлемде 30-дан астам қазақ күресі федерациясы жұмыс істейді. Бүгінде елімізде осы спорт түрімен 120 мыңнан астам жас шұғылданады. Жыл сайын түрлі деңгейде 800-ден аса жарыс өтеді. Сонымен бірге халықаралық деңгейде Азия кубогі, Азия және әлем чемпионаттары секілді халықаралық турнирлер өтеді. Дүбірлі сында балуандар екі топқа бөлініп, айналмалы жүйеде күресті. Мәдениет және спорт министрлігі, «Qazaq kuresi» ассоциациясы, «Qazaqstan barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қорының ұйымдастыруымен өткен турнирге түркі елдерінің ең мықты спортшылары қатысты. Олардың арасында қазақ күресімен қоса, басқа да күрес түрлерінен халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген спортшылар да бар. Мысалы, Әзербайжан құрамасы атынан самбодан екі дүркін әлем чемпионы Эйваз Бақшиев (60 келі) бақ сынады. Ал Мажарстан құрамасы сапында дзюдодан Еуропа чемпионы Эндре Гунич (82 келі), дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропаның үш дүркін чемпионы Барна Бооур (+90 келі) Азия кубогінде жеңіс тұғырынан көрінуге барын салды. Дзюдодан Еуропа чемпионы атанған түркиялық Фуркан Гүнер да аянып қалмады.
Қазақ күресінен өткен халықаралық жарыста жақсы өнер көрсеткен Өзбекстан құрамасы сапында әлем чемпионы Умид Есанов (82 келі), әлем чемпионы, дзюдодан Азия чемпионы Еркін Козоков (90 келі), үш дүркін әлем чемпионы, қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы Мухсин Хисомиддинов (+90 келі) бозкілемге шықты. Ал Қазақстан сапында 90 келі салмақта белдескен Айдарбек Тоқтарбек былтыр қазақ күресінен әлем чемпионы атанған болатын. 90 килодан жоғары салмақта Ғалымжан Қырықбай – «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің 2021 жылғы күміс, 2022 жылғы қола жүлдегері.
Еліміздегі ұлттық спорт түрін дамыту және қолдау мақсатында ұйымдастырылған, тартысқа толы күрес бәсекесінің жартылай финалында Әзербайжан балуандарын қапы қалдырған қырғыз өрендері қола жүлдені иеленді. Ал ақтық айқас Қазақстан мен Өзбекстан балуандары арасында өтті. Айтулы доданың ақтық бәсекесінде 4:3 есебімен Қазақстан балуандары басым түсіп, «Turan barysy» додасының жеңімпазы атанды. Алғаш рет ұйымдастырылған күрес сайысында бірінші орын алған команда –
10 000 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық алса, екінші орынға – 6 000 000, үшінші орынға 4 000 000 қаржылай сыйлық және арнайы кубок табыс етілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!