Кәсіпқой боксқа бет бұрған Тұрсынбай Құлахмет бірінші орта салмақтағы WBC International бос белбеуі үшін Ұлыбританияның Уэйкфилд қаласында жекпе-жек өткізді.

MTK Fight Night бокс кешінде жерлесіміз жеңіліп көрмеген британиялық Маколей Макгоуэнмен жұдырықтасып, ел намысын қорғады. ESPN мәліметінше, Құлахмет – Макгоуэн жекпе-жегі кештің екінші басты айқасы мәртебесін иеленген. Осыған қарағанда бұл жекпе-жекке баса мән берілгені байқалады. Мұның себебі британдық бұған дейін кәсіпқой рингте 14 рет жеңіске жетсе, жерлесіміз 1 рет қана кездесу өткізген. Ол биыл 23 тамыз күні Алматыда отандасы Сағадат Рахманқұловты ұтқан еді. Мамандарды осы жағдай да қызықтырған болуы мүмкін, ал, жергілікті жанкүйерлер Макгоуэнның жеңетініне сенген.

Бұл жекпе-жек 9 раундқа жоспарланған болатын. Жетінші раундта британдық боксшы Тұрсынбайдың тегеурінді соққысынан нокдаунға түсті. Бет-аузынан аяусыз соққы алған тұманды Альбион тарланы осылайша алғашқы жеңілістің ащы дәмін татты. Атой салған жерлесіміз сәл қателік жіберіп, рефери қазақстандық боксшының есебінен бір ұпай шегеріп тастаған еді. Бірақ мұндай «артқа тартушылық» Тұрсынбайдың тұғырын аласартпады. Жерлесіміз, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы енді құрлықтың менмін деген кәсіпқойларына күш атасын танымайтынын дәлелдемек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!