XXIV қысқы Ақ Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан командасының ту ұстаушылары, конькиші Екатерина Айдова мен шорт-трекші Абзал Әжіғалиев тарихи образбен бой көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық олимпиада комитеті хабарлағандай, олар сақ патшайымы Томирис пен қазақ батырының кейпінде ел алдына шығады. Команданың ту ұстаушылары киетін киімlе негізінен қазақтың ұлттық ою-өрнегі «қошқар мүйіз» бейнеленген. Айта кетелік, өрнек элементтерін дизайнерлер Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайымен бірлесіп дайындады. Токио-2020 Олимпиадасында да осындай қадам жасалған болатын. Ал Жапониядағы жазғы ойындарға ту ұстаушылардың киімін тіккен дизайнер-модельер Виолетта Иванова Бейжің Олимпиадасы ту ұстаушыларының формасын да дайындады. «Ту ұстаушылардың костюмі өз елінің дәстүрі мен мәдениетін паш етеді, сондықтан, біздің басты мақсатымыз да осы болды. Қазақ халқының еркін рухын ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан бай тарихынан артық ештеңе бейнелей алмайтыны анық. Қазақтың батырлары мен Томирис патшайымы туралы аңыздарды біз де, барша әлем де біледі. Костюмді дайындау кезінде осы бір қызықты оқиғаларды басты назарға алдым», – дейді

«Өрнектің негізінде барша әлем халықтары ежелден құрметтейтін, ең мықты энергия көзі саналатын күн жатыр. Бұл тек мықтыларға – жеңімпаздарға бағытталған. Біздің басты батырларымыз – спортшылар, олимпиадашылар тәртіпке берік, мақсаты анық, өз армандарына сенімді қадам басқан, бала күнінен бері басты мақсатына жету үшін еңбектенген жандар», – деп атап өтті ол. Қазақстандық модельердің айтуынша, ойынның ашылу салтанатына арналған форманы дайындау қиынға соққан. Себебі, жұмыс кезінде климаттық ерекшеліктерді де ескеру қажет. Әйел адамға арналған костюм пальто және қолмен өрнектелген бірегей сәукеледен тұрады. Бұл костюмді қазақстандық шеберлер 3 ай бойы, әрбір сантиметрін өз қолымен дайындаған. Көптеген антикалық авторлардың шығармаларында кездескен әрі мыңдаған жылдар бойы аңызға айналған Сақ патшайымы осы туындыға арқау болған.

Әйел адам костюміндегі «қошқар мүйіз» өрнегі қоршаған ортамен үйлесім тапқан, өмірге талпынған, құнарлылық пен молшылықты бейнелейді. Ер адамның костюміндегі негізі элемент – қалқан ерлік пен батырлықтың символы. Екі костюмнің де астары терең. Басты түс болып қара және «жеңімпаздардың түсі» саналатын алтын түс таңдалды. Қара су жолбарысының жылы да есепке алынды. Өйткені, Олимпиаданың басталуы тап осы жылдың енуімен сәйкес келіп отыр. Қазақстандық атлеттер костюмнің толық көңілден шығатынын киімді өлшеген сәттен-ақ айтып келеді. Еске салайық, Абзал Әжіғалиев екінші Олимпиада қатарынан еліміздің ту ұстаушысы атанып отыр. «Біздің костюмдеріміз бірегей әрі расымен де мықты энергетика сезіледі. Мұндай маңызды сәт Екатерина екеумізге сеніп тапсырылғанына қуаныштымын. Ел намысын Олимпиадада қорғау үлкен абырой, ал туыңды алып шығу арқылы жауапкершілік одан әрі арта түседі. Бұл сезімді жеткізу мүмкін емес!», – дейді Абзал Әжіғалиев. Эскизден бастап соңғы сыруға дейінгі процесс үш айға созылды. Бұл өнер туындысын дайындауға 20-дан аса шебер жұмылдырылды, оның ішінде 2 конструктор, 4 тігінші, суретші және 8 кестеші бар. Киімді безендіріп тұрған барлық кесте алтын, күміс жіптермен және моншақтармен қолдан жасалды.

«Костюмдердің эскизі Олимпиаданың ашылу салтанатына дейін құпия үсталды. Сондықтан, костюмнің қандай болатыны мен үшін ерекше қызық еді. Костюмнің керемет шығатынына күмәнім болған жоқ. Алайда, бұл костюм мен ойлағаннан да артық дайындалыпты! ҰОК пен осы бір сұлулықты қолдан жасаған барлық шеберлерге үлкен алғысымды білдіремін. Барлық жан-дүниесін салып істеген дүние екені сезіліп тұр. Қазақстанды осындай деңгейде таныту үшін бұдан асқан не ойлап табу керектігін білмеймін», – деді Екатерина Айдова. Айта кетелік, Олимпиада ойындарында спорттың 8 түрінен 34 спортшы бақ сынайды. Қазір Ақ Олимпиаданың ашылу рәсімі басталып кетті.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!