Соңғы жылдары Сыр жастарының спорттағы жетістігі ел назарында. Әсіресе, бокс бәсекесіндегі жерлестеріміздің жеңісі аймақ абыройын ғана емес, ел намысын асқақтатып келеді. Сондай жарқын жеңісі арқылы танылып жүрген таланттың бірі – Нұрсұлтан Алтынбек Ол жуырда Азия чемпионатында алтын еншілеп, болашағынан үміт күттіретін спортшы екенін әйгілеген еді. Осы орайда жерлесімізбен шағын сұхбат ұйымдастырған болатынбыз.

Нұрсұлтан, Азия чемпионатындағы жұдырықтасу қалай өтті?
– Әрбір жарыс жауапкершілік жүктейді. Жарыс алдында дайындықты пысықтау, психологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету үнемі назарда. Азия чемпионатында да осы үрдістен жаңылмай, жүйелі жаттығу ұйымдастырдық. Бапкерлердің білктілігінің нәтижесінде алтыннан алқа тағып, туған жерге жеңіспен оралу бұйырды.
Жеңіс қандай сезім сыйлады?
– Жарыстың тартысты болғаны ұнайды. Еш қуаныш жеңіл келмесі анық. Маңдай тер, тынымсыз ізденістің ақталар сәтінде есе жібермеуге талпынасың. Бұл жолғы Азия чемпионаты өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. Сөзсіз, тәжірибе мектебіне айналды. Әрине жеңімпаз атанған соң көңіл-күйіміз көтеріңкі, барлығына дән ризамын. Бұл – жеңісті жолдың басы. Болашақта дүниежүзілік, халықаралық додаларда топ жаруға талаптанатын боламын.
– Спорттағы басты арманыңыз қандай? Енді спортпен шұғылданып жатқан жастарға ақыл-кеңес айта өтсеңіз…
– Кез келген спортшының арманы – бірінші кезекте олимпиада жеңімпазы болу. Арманыма жету үшін бар күшімді саламын. Алда болатын Әлем чемпионаты мен Азия біріншілігінде топ жару – менің ең үлкен арманым. Ұстаздарымыз: «мықты спортшы болу кез келгеннің қолынан келеді. Бірақ чемпион болу – бәріне бірдей бұйыра бермейтін бақ» дейді. Осы бақ біздің басымызда ұзақ тұрса екен деп тілеймін.
– Жетістікке жетудің бір себебі білікті бапкер екені даусыз. Жалпы спорт жолына баулыған ұстазыңыз кім?
– Әрине, әрбір спортшының қалыптасуына туған-туыс, жақын адамдардың көмегі зор. Менің де спортқа келуіме жиенім әсер етті. Екеуміз бала кезден боксқа қызығып, бірге жаттықтық. Дайындықты үзбеуге тырысып, өзара бәсеке орын алды. Нәтижесінде жүлделі орынға жететін спортшы болуыма жол ашылды.
Алғашқы ұстазым – Жаңабек Әлиев. Ол білім-білігін аямай, додаларда жақсы нәтиже көрсетуіме күш салды. Үнемі ақыл-кеңесін айтып, жарыс сайын жіберген қателігімді көрсетіп отырады. Ағаның көмегініің арқасында Жасөспірімдер арасында Азия біріншілігін күмісті еншілесем, Жастар арасындағы Азия чемпионы атандым. Бүгінде Қызылорда қаласындағы аға жаттықтырушы, білгір маман Жамиль Жүсіповпен дайындық үстіндемін.
Кәсіби мансабыңызды енді бастаған боксшы есебінде бет түзейтін спортшың бары анық. Сіз үшін үлгі аларлық боксшы кімдер?
– Қазақстандағы бокс мектебі әлемге танымал. Біздегі жаттығу жүйесі, бапкерлер тәжірибесін әлем мойындайды. Сондықтан әрбір қазақстандық боксшының сәтті нәтиже көрсететіні анық. Барлығы құрметке лайық. Дегенмен жарыс жолында шыңдалуға жәрдемдескен боксшы ағаларымды атап өткім келеді. Олар 2017 жылы Әлем чемпионы Қайрат Ералиев, «2021 Әлем біріншілігінің» жеңімпазы Сәкен Бибосынов, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Махмуд Сабырхан. Үлгі тұтар ағалармен жаттығу жиынында тәжірибе алмасып, үлкен сабақ алдым.
Сұхбатыңызға рақмет!

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!