Үстел теннисі – әлемдегі ең танымал һәм қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі. Оның артықшылықтары көп және дене мен ақыл-ой үшін теңдесі жоқ ойын. Біз бүгін үстел теннисінің денсаулыққа, ақыл-ой қабілетіне және әлеуметтік қарым-қатынасқа тигізетін пайдасы жайлы ой қозғамақпыз.

Үстел теннисі дененің барлық бұлшықеттерін қозғайтын әрі қарқынды қозғалысты талап ететін спорт түрі.

Аталған спорт түрі жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысын жақсартып, қан айналымын ретке келтіреді. Сондай-ақ түрлі аурулардың алдын алуға көмектеседі. Теннис ойнау арқылы дененің қозғалысы мен көздің байланысы жақсарады, бұл әсіресе қарт адамдар үшін өте маңызды. Бір сағат ойын барысында шамамен 300-400 калория жағуға болады, бұл салмақты бақылауда ұстауға көмектеседі.

Үстел теннисі – стратегиялық және тез шешім қабылдауды қажет ететін ойын, сондықтан ол ми жұмысын жақсартатын құрал ретінде кеңінен танымал. Доптың қозғалысын бақылау және дұрыс бағытта әрекет ету зейін мен реакция жылдамдығын қалыптастырады. Жүйелі түрде ойнау мидың жаңа нейрон байланыстарын құруына ықпал етіп, нәтижесінде есте сақтау қабілетін арттырады. Бұл спортты кез келген жастағы адам ойнай алатындықтан, отбасы мүшелерімен, достармен немесе әріптестермен уақытты тиімді әрі қызықты өткізуге болады.

Дүние жүзінде түрлі компаниялар, сонымен қатар мемлекеттік жұмыс орындарында да әріптестік ынтымақтастықты арттыру мақсатында үстел теннисіне баса мән береді. Біріншіден қызметкерлер жұмыс арасында бой сергітсе, екіншіден күнделікті сәлемдесумен шектелетін адамдар ойын барысында ортақ қызығушылық тауып, таныстық арта түседі.

Үстел теннисін ойнау жас пен дене дайындығына қарамастан барлығына жарамды. Жастар үшін бұл спорт дене дамуына ықпал етсе, ересектер үшін стресті азайту мен дене белсенділігін арттырудың керемет тәсілі.

Сондай-ақ үстел теннисі ауыр жарақаттану қаупі аз спорт түрлерінің бірі. Сондықтан оны кәсіби спортшылар ғана емес, әуесқойлар да еркін ойнай алады.

ПИНГ-ПОНГ ТАРИХЫ

Үстел теннисі немесе пинг-понг – әлемде ең танымал спорт түрлерінің бірі. Оны ХІХ ғасырдың соңында американдық Джон Джаквес ойлап тапқан. Басқа ойындар сияқты, үстел теннисінің алғашқы нұсқасы да кездейсоқ пайда болды.

Үстел теннисі алғашында «Пинг-Понг» деп аталған. Бұл атау 1880 жылдардың соңында танымал болған «J.Jaques & Son» компаниясының белгісіне байланысты туындаған. Ойын барысында шариктің үстел үстінде қозғалысынан шыққан дыбыстың әсерінен осындай атау алған көрінеді. Яғни «пинг» – ракеткамен допты ұрған кезде шығатын дыбыс болса, «понг» – доп үстелге тигенде шығатын дыбыс.

Үстел теннисінің алғашқы ережелері қарапайым еді, дегенмен аз уақыттың ішінде кеңінен тарала бастаған спорт түрі 1890 жылы Англияда алғаш рет ресми турнир өткізу деңгейіне көтерілді. 1926 жылы Халықаралық үстел теннисі федерациясы (ITTF) құрылып, ойынның әлемдік ережелері бекітілді. Осыдан кейін спорт жарыстары мен чемпионаттар әлемдік деңгейде ұйымдастырылып, үстел теннисі халықаралық деңгейде кеңінен таралды.

Қазақстанда үстел теннисі ХХ ғасырдың ортасында танымал бола бастады. Алғашында спорттың бұл түрі негізінен жастар арасында кеңінен тараған болатын. Бүгінде Қазақстанда үстел теннисінен турнирлер мен чемпионаттар өткізіліп, қазақстандықтардың сүйікті ойындарының біріне айналып отыр.

Үстел теннисін бастау үлкен дайындықты қажет етпейді. Бар болғаны үстел, ракетка және доп болса жеткілікті. Егер денсаулығыңызды нығайтып, белсенді өмір салтын ұстанғыңыз келсе, үстел теннисін таңдаңыз!

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!