фото: ашық дереккөзден алынды
2025 жылы Қызылордада үстел теннисі орталығы заман талабына сай жаңарып, спорт саласында елеулі серпін алды. Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа ғимарат өткен жылы ресми түрде ашылып, биыл толығымен пайдалануға берілді десек, бұл өңірдегі спорт инфрақұрылымының маңызды белесі.
Қазір үстел теннисі Қызылордада тек спорт түрі ғана емес, рухани және әлеуметтік дамудың маңызды факторына айналды. Жаңа орталық – балалар мен жастардың денсаулығын нығайтатын, ой-өрісін қалыптастыратын әсерлі алаң.
Үстел теннисі – денені сергітіп қана қоймай, ойлар мен сезімдерді де шыңдайтын ерекше спорт. Доптың жылдамдығын болжау мен соққының нақтылығы көз, ақыл, қол үйлесімін, реакция мен ойлау қабілетін белсенді дамытады. Жеңіл қарқынмен жүретін бұл ойын жүрек-қан тамырлары мен жалпы физикалық дайындығын жақсартып, стресті азайтуға ықпал етеді.
«Денсаулық – зор байлық» дейді дана халқымыз. Ал сол байлықты сақтаудың бір жолы – спорт. Әр спорт түрінің өзіндік ерекшелігі бар, бірақ үстел теннисі – жүрек пен ойды, дене мен рухты қатар тәрбиелейтін ерекше өнер десек, қателеспейміз.
Шағын ғана үстел үстінде зуылдап жүретін доп ойыншыдан найзағайдай жылдамдықты, қырандай қырағылықты талап етеді. Бір сәтке ойың бөлінсе, қарсыластың соққысы сенің әлсіз тұсыңнан табылады. Сол себепті үстел теннисі реакцияны ғана емес, зейінді, табандылықты дамытады.
Бұл ойын бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, ағзаны толық жаттықтыратын аэробтық жүктеме. Қол мен аяқтың үйлесімді қимылы, бел мен арқа бұлшық еттерінің серпіні, жүрек пен өкпенің жұмысын жақсартуы – мұның бәрі үстел теннисінің денсаулыққа қосқан үлесі. Дәрігерлер мұндай жаттығулар қан айналымын жақсартып, гипертония мен артық салмақтың алдын алатынын айтады.
Атақты спортшылардың бірі: «Үстел теннисінде тек ракеткамен емес, ойыңмен ұтасың» деген екен. Шынында да, бұл спорт – стратегия мен тактиканың күресі. Әр допқа берілетін жауап – ойдың жылдамдығы мен шешім қабылдау қабілетінің айнасы. Ал жарыс кезінде жеңіліс те, жеңіс те бар. Екеуін де сабырмен қабылдау – өмір мектебінің бір сабағы.
Үстел теннисі – жас пен кәріні біріктіретін спорт. Әке мен бала, ұстаз бен шәкірт, дос пен әріптес – бәрі бір үстелде бәсекелесіп, бір уақытта көңіл көтеріп, денсаулығын нығайта алады. Бұл тек ойын емес, адамдар арасындағы байланыс пен достықты арттыратын құрал. Кішкентай ғана доптың артында үлкен күш жатыр. Ол – сергектік, табандылық, денсаулық пен мықты ойдың күші. Үстел теннисін өміріңнің бір бөлігіне айналдырсаң, сен тек спортшы ғана емес, шыдамды, зейінді, мықты жан боласың. Өйткені спорт – дененің ғана емес, жанның да тәрбиесі.
Қаламызға көрік беріп тұрған ғимараттың аумағы – 3 651,9 м² құрайды. Мұнда 16 үстел теннисіне арналған алаң, 350 көрермен сыйымдылығы бар трибуна, арнайы дене дайындық жаттығу залдары, душ және киім ауыстыратын бөлмелер бар. Ал қала халқы үшін жұмыс істеп тұрған нысанда 5 кәсіби жаттықтырушы жұмыс істейді. Олар 14 оқу тобында 220-дан астам жасөспірімге тәлім беруде.
Маңызды ақпарат! Үстел теннисіне қызығушылығы бар жасөспірімдер үшін ғимарат күніне (5-14 жас) 09:00-19:00 аралығында тегін жаттығу өткізеді. Сондай-ақ кешкілік келетін ересектер 19:00 мен 23:00 уақыт аралығында ақылы түрде спортпен шұғылдана алады. Жалдау құны – сағатына 2000 теңге.
Сіздерге теннис орталығының есігі әрдайым ашық! Спортпен шұғылданыңыз!
Жәнібек ОҢТАЛАП,
«Теннис спорт түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер
спорт мектебінің» КММ-нің әдіскері
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!