Ұлттық олимпиадалық коми­тет жылдың спорттық оқиғаларын қоры­тын­ды­лап, «Аltyn Samǵaý – 2021» ұлт­тық жүлдесін табыстады.

«Үздік спортшы» және «Үздік спортшы қыз» аталымдарында қыс­қы және жаз­ғы спорт түрлері­нен төрт жеңімпаз таңдалып, Токио Олимпиада­

сының қола

жүлдегері әрі әлем чемпионы Сәкен Бибо­сынов, каратэден Олимпиаданың және әлем чем­пионатының қола жүлдегері Софья Берульцева, сондай-ақ шорт-тректен Әлем кубогі кезеңдерінің жүлдегері Денис Никиша мен фристайл-могулдан әлем чемпионатының жүлдегері Юлия Галышева жүлде иегері атанып отыр.

«Мен «Аltyn Samǵaý – 2021» сайысында «Үздік спортшы» атанғаныма қуаныштымын. Алайда, біздің спортшыларды түгел же­ңім­паз деп есептеймін. Соңғы екі жыл бар­лығымыз үшін қиын болғаны жасырын емес. Жарыстар кейінге шегеріліп, тіпті, мүлде өтпей қалды. Айлар бойы жаттығу жасаудың өзі мұң болды. Сондықтан, бүгін чемпиондар мен спортшылар бас қосқан жиынға қатысу – мен үшін үлкен абырой», – дейді Сәкен Бибосынов.

Мырзағали Айтжанов (бокстан ұлттық құ­раманың аға бапкері және Сәкен Бибо­сы­новтың жеке жаттықтырушысы) пен Мәдіғали Қарсыбеков (шорт-тректен Қазақ­стан командасының бас бапкері) жаз­ғы және қысқы спорт түрлері бойынша «Үз­дік жаттықтырушы» атағына лайық деп та­нылды.

«Жылдың үздік командасы» атағын фут­залдан Қазақстан құрамасы еншіледі. Биыл футзалшылар әлем чемпионатының жартылай финалына шығып, төртінші орынға табан тіреген болатын. «Жыл жаңалығы» аталымында «Токио – 2020» Олим­пиадасының қатысушысы әрі әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрқанат Әжіқанов топ жарды. Ол әлем чемпиона­тындағы командалық сында да қола медаль жеңіп алған болатын.

Паралимпиадалық спорт түрлері бойынша «Үздік спортшы» атағы пауэрлифтингтен Токиодағы паралимпиадалық ойындарының жеңімпазы Давид Дегтяровқа берілді. Паралимпиадалық спорт түрлері бойын­ша «Үздік жаттықтырушы» атағына пара­дзюдодан ұлттық құрамның бас бапкері Жандос Қиянов лайық деп танылды. Оның үш шәкірті – Әнуар Сариев, Дәулет Теміржанов және  Зарина Байбатина Жапониядағы жарыста үш күміс  медаль жеңіп алған.

Ұлттық олимпиадалық комитеттің арнайы дәстүрлі жүлдесі – «Қазақстан спортының мақтанышы» наградасы отандық спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосып, болашақ чемпиондарға үлгі атанған спортшылар мен қайраткерлерге табысталады. Биыл бұл жүлде грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы, 1981 жылғы әлем чемпионы, КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері және Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровке берілді. Жүлдені даңқты қазақ балуанының ұлы, бүгінде әкесінің атындағы спорттық кешенді басқарып отырған Жандос Үшкемпіров алды.

Сондай-ақ Алматы – еліміздің спорт федерациялары арасында дауыс беру нәтижесі бойынша «Үздік спорт өңірі» номинациясын жеңіп алды.

Бұдан бөлек, FourFourTwo басылымы 2021 жылдың қорытындысы бойынша 50 үздік жаттықтырушының жеке тізімін ұсынған болатын. Мұнда бірінші орын «Манчестер Ситидің» бапкері Хосеп Гвардиолаға бұйырды. Биыл ол командасымен Ағылшын Премьер-лигасы мен Ағылшын лигасының кубогында топ жарды. Чемпиондар лига­сының финалында ойнады. Екінші орынды «Челсидің» бас бапкері Томас Тухель ие­ленді. Оның жетекшілігімен лондондықтар Чемпиондар лигасы мен Уефа суперкубогын жеңді. Үздік үштікке «Ливерпульді» тізгін­дей­тін Юрген Клопп кірді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!