Шопенгауердің «Дені сау кедей – ауру корольден бақытты» деген қанатты сөзі өте орынды айтылған. Бүгінгі дені сау ұрпақ – елдің ертеңгі жалғасы. Осы ретте халқымыздың ұлттық ойыны асықтың пайдасы өте зор.
Ол адамның денсаулығына, ширақ қимылдауына, ақыл-ойының зерек қалыптасуына, мергендігінің артуына пайдалы. Иә, сіз асық ойнап көріп пе едіңіз?! Бүгінгі мәселенің мәні де осында. Жаһанданудың озық технологияларына қол жеткелі бері біз қозғалысты қойдық. Тіпті, көшеде емін-еркін, алаңсыз асық ойнаған толқынның өзі отыздан асты. Одан беріде балалық шағы өткендердің көбі смартфонға жіпсіз байлаулы. Ендеше, «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой баққан озар» деген халық нақылы еңбекке бағыттаса керек-ті. Бірақ, асық ойнағанның азғанын, доп ойнағанның тозғанын байқамадық. Әйтпесе, Роналдо мен Месси әлемді бағындырмас еді, атақты сері Сегізбаев қазақтың даңқын әлем төрінде паш етпес еді….
Ұлтымыздың негізсіз ұмытылып бара жатқан ойынын жаңғырту, қызығушылық оятуды мақсат еткен асық ойынын дамыту арқылы балаларды дәлдікке, мергендікке, ептілікке, жеңіске деген құштарлыққа баулимыз. Ұлтымыздың құндылықтарын қастерлеуге бағыттаймыз. Ертеде қазақ халқы асықты бала кезде қолына алып, жас кезінен бастап ойнаған. Сондай-ақ, бұрынғы аға буын өкілдерінің арасында асық ойнамай өскен бірде-бір адам жоқ.
Халқымыз асықты қастерлеген. Сондықтан ғасырлар бойы халықтың зердесінде сақталып келген осы бір ойынды өскелең ұрпақты тәрбиелеудің құралы ретінде пайдаланған жөн. Ол мазмұны жағынан ұтыс ойынына жатады. Қазіргі ауыл және қала балаларының ойнап жүрген асық ату балалардың ширақ қимылдауына үлес қосады.
Қазақ баласының есепке жүйріктігі, міне, осындай ойындарды ойнаудан қалыптасқан. Асықты ешкім қолдан жасап жатпайды. Табиғи нәрсе. Оның салмақты түрлерінен сақа жасайды. Қазақта «қой асығы болғанмен, қолыңа жақса сақа тұт, жасы кіші болса да, ақылы асса аға тұт» деген мақал бар.
Асық – спорт. Бір мезгілде бірнеше бала ойнайтын ойын баланың намысын жанып, қатарымнан озсам деген талпынысты бойға сіңіреді. Бүгінгі таңда, ұлттық ойын компьютер мен интернетте күні бойы отыратын жастарды көз ауруынан құтқаратын, таза ауаға шығарып, қимыл-қозғалыс жасауға, денсаулығын шыңдауға пайда келтіретінін ғылымдар дәлелдеді.
Асық түрлеріне қарай сақа, кеней болып, бөлінеді. Сақаға ірі үлкен қошқар, ісек асықтарының оңқайы алынады. Кеней – деген қой, ешкі, киік, қозы, лақ асықтарының жалпы аты. Асықты тәйкесінен тұрғызып, өзіне қаратып қойғанда ұшы оң жаққа қараса тұрса оңқай, сол жаққа қараса солақай асық деп аталады. Сақаның түрлері: айналсақ сақа, жымпиыт сақа, тәйпек, қорғасын сақа. Арқар сақа – арқардың асығы. Айналсақ сақа – бүгі мен шігін айналдыра қорғасын белбеу құяды, ол сақа алшы мен тәйке ғана түседі. Жымпит асықтың екі жағын жұқалап егеп тастайды, көздегенде жер жалатып тигізуге оңай, ал қарсыласың мұндай сақаға оңайлықпен тигізе алмайды. Тәйпек – асықтың не алшы, не тәйке жағының бүрі егеліп, тегістелген сақа. Алшы жағын егесе, тәйке тұрғыш, тәйке жағын егесе, алшы тұрғыш болады. Қорғасын – асық салмақты, ұшқыр болып, дәл тиюі үшін түрлі әдістермен жан-жағын қуыстап тесіп, қорғасын құйған сақа.
Қорғасын құю тәсілдері де түрлі, омпы жағынан не тәйкесін, не алшы жағын үңкіп құю керек. Әр ойынның түріне қарай жеке-жеке сақалары болады. Сақаның тұмсығын өзіңе қаратып, тәйке жағынан сұқ саусағымен қысып ұстап, иіріп атасың, не шиырып тастайсың. Сақаны кейде қаржиды. Қаржу – сақаны екі алақаныңның арасына салып, не қара санның үстіне қойып, оң алақаныңмен жіп ширатқандай ысып қалып жерге тастап жіберу.
Ал сақа соғыстыру дегеніміз – ойын бастау кезегіне ие болу үшін балалар бар сақаны жиып алып, төмен шашып тастауы. Кімнің сақасы бірінші тұрса, кезек соныкі. Егер екі сақа бірдей тұрса, екеуін қайта тастайды.
«Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» кітабында қазақтың ұлттық ойындарының мән-маңызы туралы былай деп жазылған: «Қазақ ұлты негізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп қойып, балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса зор мән берген. Нәтижесінде дәстүрлі бала тәрбиесінің басты құралы ретінде ұлттық ойынды орайластырып, дамытып отырған».
Міне, халқымыздың ұлттық ойындарының әрбірінде ұлттық идеология, тәрбие жатыр. Бірақ оны жете түсініп, тұрмыста қолдана алсақ игі. Асық ойынының ханталапай, хан, бестас, тәйке, шыр, арқалампай, бестабан, үштабан, шік-бүк тәрізді түрлері бар. Иә, ұлттық ойын – ұлттық құндылық. Ел тәуелсіздік тізгінін қолға алғалы көп жыл өтті. Жоғымызды әлі толық бүтіндей қойған жоқпыз. Асық ойынынан да осылай алшақтамасақ екен.
Самат МҰҚАНОВ,
М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінің дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!