Фото: әлеуметтік желіден
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Еркін Тапалов «Тобылдан» ел чемпионы «Қайратқа» ауысты.
«Қайрат» футбол клубының мәліметіне қарағанда, Е.Тапаловпен келісім 2025 жылдың соңына дейін бір маусымға ұзарту мүмкіндігімен бірге есептелген.
Еркін Тапалов 1993 жылы 3 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Жартылай қорғаушы, сондай-ақ қапталда да ойнай алады. Бойы – 180 см, салмағы – 77 кг.
Еркін – оралдық «Ақжайық» футбол клубының түлегі. Ол кәсіпқой мансабын 2011 жылы туған командасында бастап, онда тоғыз маусым ойнады. Оған қоса «Жетісу», «Каспий», «Шахтер», «Тұран», «Қызылжардың» намысын қорғаған. Қазақстан премьер-лигасында жалпы 197 матч өткізген.
Е.Тапалов өткен маусымды қостанайлық «Тобылда» өткізіп, барлық турнирде 27 матч ойнап, 2 гол соғып, 4 нәтижелі пас берді.
Жартылай қорғаушы 2019 жылы Қазақстан құрамасы сапында дебют жасап, содан бері ұлттық құрамада 17 ойын өткізген.
Еркін Тапалов биыл төрт дүркін ел чемпионы атанған «Қайрат» (Алматы) командасы сапына қосылғанына қуанышты екендігін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайық» ойыншылары чемпионат матчына қатысудан бас тартқанын жазған болатынбыз.
«Ақжайық» футбол клубы өткен маусымды бірінші лигада өткізіп, 11-орынмен аяқтады.
Оралдық командаға бюджеттен қаржы бөлу мәселесі жыл бойы шешілген жоқ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!