Әні-міне дегенше ескі жылдың есігін жауып, жаңа жылға аяқ басқалы отырмыз. Өткеніңе көз тастап, өз-өзіңе есеп беру кез келген адам баласының ғана емес, мемлекеттің де маңызды міндеті. Ал ұлу жылына көз жүгіртсек, бұл жылдың еншісінде еліміздің тарихында мәңгі қалатын айтулы оқиғалар мен маңызды шаралар аз болмапты. Барлығын дерлік тізіп шығудың қажеті шамалы. Дей тұрғанмен ел есінде қалған жайттарды қағаз бетіне түсіргенді жөн санадық.
Ұлу жылы есік қағып кірген сәттен-ақ қазақ халқын біраз әбігерге салғаны бар. Еліміздің бірнеше облысын су басып, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, әбігерге түскен қалың қазақ мұны әлі күнге ұмыта қойған жоқ. Күнделікті күйбең тіршіліктен бас алмай жүрген жұртты елең еткізген су тасқыны 27 наурыз күні басталып, бір аптаға созылды.
Еріген қар суы мен бөгеттердің жарылуы себебінен Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс пен Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ұлытау мен Шығыс Қазақстан облыстарында төтенше жағдай жарияланды. Соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апаттың салдарынан елді мекендердегі тұрғындардың шаңырағын су басып, баспанасыз талай адам далада қалды.
Қазақта «Ел басына күн туса ер етікпен су кешер» деген сөз бар. Осы бір мақал дәл осындай елді алаңдатқан шақта айтылса керек. Салмағы ауыр сөз. Дей тұрғанмен жұртшылық қиын-қыстау шаққа тап келсе, шығатын амал тауып, елдің бірлігін сақтап, қорғап қалудың жолында ерлер жүгірмегенде қайтпек?.. Жан-жақтан қолына күрек ұстаған азаматтар топ-топ болып, суды бөгеуге оқиғаның басына аттанды. Күндіз күлмеді, түнде кірпік қақпады. Одан қала берді азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз еткен де өзіміздің ағайын. Оның ішінде құтқарушылар, тәртіп сақшылары мен еріктілердің жасаған жұмысы ұшан-теңіз.
Биылғы жылдың еншісіндегі айтулы оқиғалардың бірі – Париждегі ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындары. 32 спорт түрінен 329 медаль сарапқа салынған Франция еліндегі дүбірлі доданы Қазақстан құрамасы 7 медальмен түйіндеді.
80 спортшы аттанған байрақты бәсеке қызықты сәттерге тола болды. Жарыстың бірінші күні жағымды жаңалықпен басталып, пневматикалық мылтықпен нысана көздеуден сынға түскен Александр Ле мен Ислам Сәтбаев алғашқы қола жүлдені қоржынға салды. Бірнеше күннен соң дзюдошымыз Ғұсман Қырғызбаев кезекті қола медалді иеленіп, жанкүйерлердің еңсесін тіктеп қойды. Алайда бокстан шаршы алаңға шыққан сегіз спортшымыз да сәтсіз өнер көрсетті. Тек ерлер арасынан 80 келіде күш сынасқан Нұрбек Оралбай мен әйелдер боксынан 50 келі салмақтағы Назым Қызайбай ғана ел қоржынына бір күміс пен бір қола медаль салды. Сондай-ақ, гимнастикадан Нариман Құрбанов пен грек-рим күресінен Демеу Жадыраев та күміс жүлдегер атанды.
Дүбірлі додада тұтас қазақ халқының жүгін көтерген дзюдошы Елдос Сметов болды. 60 келіде қарсылас шақ келтірмей алтын медаль иеленген ол Франция төрінде көк туымызды көкке көтеріп, әнұранымызды шырқатты.
Мұнан соң пара спортшыларымыз Франция төрінде бас қосты. Ел намысын қорғаған Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары дүбірлі додада рекорд орнатып, 2 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль иеленді. Осылайша төртжылдықты түйіндейтін бәсекеде еліміз 182 мемлекеттің арасында 39 орынға тұрақтады.
Алтыннан алқа тағынған Давид Дегтярев пен Ақмарал Науатбек туралы айта берсек тоқтау жоқ. Екеуі де төртжылдықты түйіндеген бәсекеде мықты екендерін дәлелдеді. Одан қалды нысана көздеуден Еркін Ғаббасов, 100 метрге брасс әдісімен жүзуден Нұрдәулет Жұмағали және пара дзюдодан Ерғали Шәмейдің күміс еншілеуі де ел мерейін үстем етті. Бұл қатарға қола медаль иеленген Жұрқамырза Шүкірбеков, Даяна Федосова, Зарина Раифоваларды қоса аламыз. Міне, Париж төріндегі XVII Жазғы Паралимпиада ойындарының нәтижесі осындай. Ерік-жігері, табандылығы, қайсарлығымен ел мерейін тасытқан спортшылар қандай құрметке болса да лайық.
2024 жылы елдегі маңызды шараның бірі – бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Еліміздің астанасында ұйымдастырылған ұлттық спорт түрлерінен өткен сайысқа 89 мемлекеттен 2500-ге жуық спортшы қатысты. Көшпенділер ойындарында ұлттық және халықтық ойындардың 21 түрінен жарыс өтіп, 97 медаль сарапқа салынды. Нәтижесінде Қазақстан спортшылары 112 медальмен көш бастады. Оның 43-і алтын, 32-сі күміс және 37-сі қола жүлде.
Осы жылдың еншісінде қалған спорт саласындағы жетістіктері аз болмады. Кешегі бокстан жастар арасындағы Әлем чемпионаты, Азия біріншілігіндегі жетістіктердің өзі ұшан-теңіз. Бір ғана саламен шектеліп қалудан аулақпыз. Десек те біз айтып отырған жайттарға сіз бен біз бірге куә болып, назар аудартқаны рас.
2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Үкіметтің қолдауымен әрбір аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны күшейді. Бір ғана Сыр елінің өзінде жыл бойы халықтың тұрмыс- тіршілігін жақсарту мақсатында әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Ал осы жылғы көрсеткіш бойынша облыс бюджеті 744 млрд теңгеден асқан болса, 1.4 трлн теңге инвестиция тартылған.
Биыл өңірде инвестор қаржысына салынған жаңа жылу электр орталығының өзі ауқымды жоба. ТМД елдерінде теңдесі жоқ заманауи жылу электр орталығы алғаш болып Сыр елінде бой көтеріп отыр. Құны 215 млрд теңгеден асатын нысан келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Облыстағы ел игілігіне берілген нысандардың қатары мұнымен тоқтап қалмайды. Көлік инфрақұрылымының өркендеп, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалуы да ауыз толтырып айтарлық іс. Соның ішінде Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы, жаңа автовокзал мен теміржол вокзалының қайта жаңғыруы Сыр еліне жаңа серпін сыйлағандай.
Халық денсаулығын маңызды міндет санайтын Қызылорда облысында 16 медициналық нысан ел игілігіне табысталған. Мұнан бөлек бала біліміне ден қойған өңірде алғашқы «Жайлы мектеп» ашылды. Сондай-ақ облыстағы жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 92 пайыздан асып, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша биыл 575 жоба жүзеге асырылды.
Баспанамен қамтудың да оңтайлы шешімі табылған. Жуырда Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға жеті қабатты 84 пәтерлік 6 жаңа тұрғын үйдің кілтін табыстады. Мұнымен қоса алғаш рет мәдениет саласының қызметкерлеріне де 40 қызметтік жаңа баспананың бақытына кенелу бұйырды.
Қызылордалықтар өңірде кірпіш зауытының құрылыс басталғанын біле ме? Білмесеңіз, айтайық. Жуырда ғана «Қызылорда Саз М» ЖШС заманауи кірпіш зауытының іргетасы қаланды.
Жобаға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, зауытқа Қызылорда қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағынан 7 гектар жер телімі берілді. Құны 2,3 млрд теңге болатын зауытта жылына 90 млн дана кірпіш шығарылады деген жоспар бар. Іргетасы желтоқсан айында құйылып бітеді. Құрылыс алаңында 20 жұмысшы, 11 техника жұмыс жасауда. Зауытқа қажетті қондырғылар желтоқсан айында жеткізіліп, алдағы жылдың ақпан айында монтаждалады. Бұл зауыттың басқалардан ерекшелігі – өндіріс толығымен автоматтандырылған.
Биыл Сыр елінде «Руханият жылы» өтуде. Соның аясында игі бастамалар қолға алынып, шешімін тапты. Мәселен, мәдениет саласында 1000 орындық көпфункционалды «Өнер орталығы», «Отбасы орталығы», «Оқушылар сарайы» пайдалануға берілді. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдері көптен күткен игілік «Жыраулар үйі» жұмысын бастады.
Бұл аз десеңіз, сол жағалаудан құны 2,3 млрд теңге болатын облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратын салу жұмыстары басталды. Соңғы 2 жылда симфония оркестрі, инклюзивті театр, жастар театры, «Анаға тағзым»орталығының, заманауи би және хор ұжымы жаңадан жасақталды. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан құны 11 млрд теңге болатын «Шығармашылық академиясы» салынуда. Мұнан бөлек, халықаралық стандарттарға сай келетін 11 мың орындық «Орталық стадион» және жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.
Жуырда ғана сол жағалаудан «Үстел теннисі орталығы» ашылды. Жастар мен балаларды спорттық үйірмелермен қамтуға мүмкіндік беретін «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені салынады және тағы 10 кешеннің құрылысы басталды.
Айта кетейік, биыл 11,5 млрд теңге қаржы бөлініп, барлық ауданда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі біріктірілген «Руханият» орталықтарының құрылысы басталды. Бұл орталықтарда ұлттық құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүр насихатталады.
Биыл жүйелі жұмысымен нәтижесін берген республика көлеміндегі «Таза Қазақстан» акциясы болды. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жоба әр аймақта жалғасын тапты.
Қорыта айтсақ, ескі жылдағы жағымды жаңалықтар мен мазмұнды міндеттер көңіл қуантарлықтай. Ал көпшілік есік қағып тұрған жылан жылы да бейбіт, ырысты, молшылыққа толы болады деп топшылайды. Лайым, солай болғай!
Абзал ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!