Тура осыдан 21 жыл бұрын Сидней Олимпиадасының ринг төрінде жеңістің жарқын үлгісін көрсетіп, 57 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанып, ел мерейін үстем еткен Бекзат Саттархановтың жеңісін қазақ жұрты әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ. Небәрі 20 жасында жұлдыздай жарқырап, Олимп шыңын бағындырған ер Бекзат бүгінгі күні ел ортасында жоқ. Дегенмен артында қалған аға-інілері, бауырлары, жерлестері оның есімін өшірмей келеді. Соның бір дәлелі – Түркістан қаласында өткен батыр атындағы «Вekzat cup» шағын футбол бәйгесі.

Биыл үшінші мәрте жалауын желбіретіп жатқан республикалық турнир үш күнге созылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен ат басын тіреген командалар 4 топқа бөлініп, 6 500 000 теңге жүлдені сарапқа салды.
Жарыстың алғашқы және екінші күні аяқдопшылар «Olimpic Stadium » кешенінде топтық ойындарды өткізді. Ал үшінші күні жартылай және финалдық ойындар көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Дәстүрге айналған бәйгеде Қырғызстан мен Өзбекстан Республикасы, Ресей, Иран елі және бразилиялық аяқдопшылардың Түркістан төрінде өнер көрсетуі турнирдің деңгейі жоғары екенін көрсетті.

Жартылай финалдық ойындар басталмас бұрын біріншіліктің ашылу салтанаты өтті. Алғашқы сөзді алған батырдың анасы Сырлыкүл Саттарханова жарыстың өтуіне атсалысқан жандарға алғысын білдірді.
– Бекзат – елдің ұлы. Бекзатымның дүниеден өткеніне 21 жыл өтсе де, оның есімін естен шығармай ұлықтап жүрген достары, аға-інілері, бауырларына алғысым шексіз. Мықты болған спортшылар жеңіске жетсін, – деді.
Мұнан соң сөз алған турнир ұйымдастырушысы Бағдат Қалмырзаев:
– «Вekzat cup» республикалық турнирі биыл үшінші мәрте өтіп жатыр. Турнир олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған. Дәстүрге айналған бұл бәйгеде биыл еліміздің бірнеше өңірінен 16 команда бақ сынады. Сондай-ақ өзге қалалардан 5 кәсіби төреші шақырылған. Қазір жартылай финалға түркістандық «Мarka.kz», «Top Car 13», «Arnur » және Қызылорда қаласынан келген «Алтын Айдарлы» командалары шықты. Барлығы да кіл сен тұр мен атайын ойыншылардан жинақталған. Кешен лық толы көрермен. Бірнеше сағаттан соң осы жылдың мықтысы анықталатын болады. Сәттілік! – деді ол.

Ресми шарадан соң Сырлыкүл Саттарханова мен әр өңірден келген қонақтарға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтар табысталды.
Жарыстың соңғы күнін қарасы қалың көрермен асыға күтті. Алғашқы ойын «Мarka.kz» пен «Алтын Айдарлы» командалары арасында өрбіді. Есеп тең аяқталып, барлығы пенальти сериясында шешілді. Осылайша асығы алшысынан түскен қызылордалық команда ақтық сынға жолдама жеңіп алды. Ал «Top Car 13» пен «Arnur» арасындағы ойында 2-0 есебі тіркеліп, «Top Car 13» жігіттері финалға шықты.

Республикалық біріншіліктің қола жүлдесі «Arnur » аяқдопшыларына бұйырса, финалда сүрінген «Алтын айдарлы» командасы күміс жүлдені қанағат қылды. Ал «Вekzat cup» турнирінің 2026 жылғы жеңімпаздары түркістандық «Top Car 13» командасы атанды.
Құрамы кәсіпқой футболшылармен жасақталған жігіттерге 3 миллион теңге, арнайы кубок пен медаль табысталды. Сол секілді ІІ орынға 2 миллион, ІІІ орын 1 миллион және төртінші орын иегерлері 500 мың теңге иемденді. Сондай-ақ жеңімпаздарға 14-15 ақпан күндері Қызылорда қаласында өтетін жүлдесі 14 миллион теңге болатын Батыржан Шалғынбаев атындағы турнирге тегін жолдама берілді. Мұнан бөлек үздік ойыншыларға арнайы сый-сияпаттар үйлестірілді.
Айта кетейік, батыр атындағы бәйгенің алғашқы чемпиондары «Жолдың асты» командасы болса, 2025 жылы «Jom Mobile Fortuna» жігіттері жүлде иегері атанды.
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!