Қазақ елінің даңқын шығарған спорт түрінің бірі – волейбол. Ал Қызылордада волейболдың өріс алуы 1951 жылы қалаға қызметтік жолдамамен Ленинград қаласынан келген спорт шебері Александр Бирюковпен байланысты. Республикалық дәрежеде көрінуіне «Динамо» лақап атымен облыс құрамасы намысын ұзақ жылдар қорғаған Тұрғанбек Алтынбековтің еңбегі зор. Жалағаштық Сұлтан Бекжанов пен Серік Абдуллаев, Жұматай Сүйіндіков, шиелілік Жағыппар Айтжановтар мықты ойыншы болуымен қатар шәкірттерін жетілдіріп, облыстық деңгейде волейбол спортын дамытуға атсалысты. Бұл спорт түрінің қарқынды дамуы осындай нәтижелі еңбекпен байланысты. Тіпті, қазір облыста «Бақсайыс» әуесқойлар командасы бар. Жақында команда жаттықтырушысы Әбдіманап Төреқожаевпен тілдесіп, қызықты спорттың қыр-сырына қаныққан едік.
– Әңгімемізді бастамас бұрын осы спорттың қысқаша тарихын тарқатсақ…
– Волейбол 1895 жылы АҚШ-та пайда болған. Негізін қалаушы – Уильям Морган. Волейбол тарихындағы маңызды оқиға ретінде 1922 жылы бүкілхалықтық турнирдің өтуін айта аламыз. Сол жылы Чехословакияда алғашқы федерация құрылды. Бұл – волейболдан әлемдегі алғашқы спорттық ұйым.1925 жылдан бастап КСРО, Болгария, Жапония және АҚШ мемлекеттерінде осы спорттан федерациялар пайда болды. 1947 жылы халықаралық волейбол федерациясы (FIVB) құрылды. Еуропа және әлем чемпионаттары басталды. 1964 жылы волейбол Олимпиада ойындарына енгізілді. Қазір 110-нан астам ел FIVB-тің мүшесі. Бұл – тұтас команданың шеберлігін шыңдайтын және интеллектуалдардың басын қосатын спорт.
– Спорттың түрі көп. Неліктен волейболға тоқталдыңыз?
– Бұл – жеңіліс табатын немесе жеңіске ұмтылдыратын талас пен тартысқа толы спорттық ойын. Ал жеңіліс пен жеңіс қатар жүретін жерде бәсекелестік бар. Бәсекелестік – дамуға, нәтижеге бастайтын фактор. Волейболды таңдауымның сыры осында.
– Команда жасақтау идеясы қашан, қалай пайда болды?
– Алғашқыда 4-5 адам ойынға келетінбіз. Бара-бара қатарымыз толықты. Арамыздағы ойыншылар да осал адамдар емес. Уақыт өте ақылдасып, аудандық, қалааралық ойындарға шығуға келістік. Осылайша бірауыздан «Бақсайыс» командасын құрып, 2018 жылы желтоқсан айынан бастап жарыстарға шыға бастадық.
– Бүгінде спортта моральдық қолдауды айтпағанда материалдық қолдаудың маңызы айтарлықтай. Демеушілеріңіз бар ма?
– «Абай Дәулет» серіктестігі – команда демеушісі. Біздің жарысқа шығуға қажеттілігімізді қамтамасыз етумен айналысады.
– «Бақсайыстың» арнайы дизайнері бар ма, топтың формасына қатысты тоқталсаңыз…
– Форманы дайындауда арнайы маман көмегіне жүгінбедік. Өзіміз бірнеше үлгіні ортаға салып, көптің көңілінен шыққанына тоқталдық.
– Бұған дейін бірнеше бәсекеде бақ сынағандарыңызды айттыңыз. Есте қалғаны қайсы?
– «Бақсайыстың» алғашқы жарысы 2019 жылы өтті. Қалалық турнирлерден бөлек, Қармақшы, Жаңақорған, Арал, Шиелі, Тереңөзек аудандарындағы додаларда өнер көрсеттік. Әр ойынның орны бөлек және әр жеңіс командаға шабыт сыйлайды. Өткен жылы Жиенбай жырау Дүзбенбетұлын еске алуға арналған Қармақшы ауданы, Тұрмағанбет ауылында өткен турнирде жүлделі І орын алдық. Одан бөлек Түркістан облысында өткен жарыста III орынды иелендік. Алматы облысына да жарысқа шықтық. Бұл жарыста алматылық «Орбитадан» басымдық көрсетіп, номинация еншіледік. «Орбита» – республикадағы танымал құраманың бірі.
– Алға қойған жоспарларыңыз қандай?
– Жоспар көп. Басты орында – команда құрамын кеңейту. Біз қазір спортсүйер жастарды, оның ішінде волейболға қызығатын ойыншыларды дайындауды бастап кеттік. Облыстық жарыстарға шығып жүрміз. Ендігі мақсат – республикалық турнирлерге шығу.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен:
Лунара ОРЫНБАЙ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!