Фото: видеодан алынған скрин
KAZINFORM — Өскемен қаласында волейболдан әйелдер командалары арасында Қазақстан кубогының финалына шыққан клубтар анықталды.
Алдымен Қазақстанның тоғыз дүркін чемпионы, өткен жылғы кубок иегері «Жетісу» (Талдықорған) мен «Қуаныш» (СҚО) командалары алаңға шықты.
Бірінші партияда солтүстікқазақстандықтар 20:15 есебімен алда тұрғанымен, «Жетісу» қуып жетіп қана қоймай, басымдылық танытты – 28:26.
Екінші және үшінші сет 25:23 есебімен «Қуаныштың» пайдасына шешілді. Төртінші партияда сербиялық маман Марко Гршичтің шәкірттері есе қайырды – 25:16. Дегенмен бесінші, шешуші партияда Юрий Панченко жаттықтыратын солтүстікқазақстандықтар жеңісті жұлып алды – 15:10. Қорытынды есеп – 3:2.
«Қуаныш» сапында команда капитаны Сана Анақұлова бастаған қыздар сәтті өнер көрсетті. Әсіресе, сербиялық Аннет Альфонсо Бенитес, қазақстандық Светлана Николаева шабуыл шебінде нәтижелі ойнады.
Екінші жартылай финалда алаң иелері «Берел» мен «Тұранның» (Түркістан) жолдары тоқайласты.
Асқар Шалқыбеков жаттықтыратын түркістандықтар бастапқы екі партияда басымдылық танытты – 25:20, 25:22.
Бұдан кейін сербиялық Владимир Васовичтің шәкірттері есе қайтарғандай болған – 25:18. Бірақ «Тұран» төртінші партияда матчты тәмамдады – 25:14. Түркістандықтардан команда капитаны, байланыстырушы Ирина Кузнецова, Зинат Гиёсова, либеро Сандуғаш Асанова, ресейлік Елена Самойленко, сербиялық Анжелка Новоселді атап өтуге болады.
Осылайша, «Қуаныш» пен «Тұран» Қазақстан кубогын сарапқа салады. Ал «Жетісу» мен «Берел» тек қола жүлде үшін таласады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!