KAZINFORM – Таиландтың Накхонпатхом және Ратчабури қалаларында 16 жасқа дейінгілер арасында волейболдан Азия чемпионаты өтіп жатыр.
Қазақстан волейбол федерациясынан мәлім еткеніндей, құрлықтық дода осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр.
Бұдан екі жыл бұрын Өзбекстанда Дулат Олжабаевтың шәкірттері алтыншы орынды қанағат тұтқан еді.
Бұл жолы құраманы Алексей Теренин баптап апарды.
Қазақстан жасөспірімдері осындай жастағылар арасында Азия чемпионы – Иран, сондай-ақ Индонезия және Гонконг командаларымен бір топқа түсті.
Қазақстандықтар алғашқы кездесуінде Гонконгты 3:0 (25:16, 25:17, 25:22) тізе бүктірді.
Иран Индонезияны 3:1 (21:25, 25:21, 25:19, 26:24) есебімен жеңді. Бұдан матчтың едәуір тартысты өткенін байқауға болады.
Бүгін Қазақстан құрамасы Индонезиямен ойнайды. Үздік сегіздікке ілігу үшін оны қалайда ұту керек.
Азия бәсекесі 19 шілдеде мәресіне жетеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!