Семейдің топырағынан шыққан Дәулет Уранхаев бүгінде Еуропалық футбол қауымдастықтары одағында (УЕФА) жұмыс істейтін ең бірінші әрі жалғыз Қазақстан азаматы.
Футбол индустриясында жұмыс істеу Дәулеттің бала кезінен арманы болды. Сондықтан УЕФА бас кеңсесіне қызметкерлер іріктеп жатыр деген жаңалықты ести салысымен бірден құжаттарын жинап өткізген. Ал бас кеңсенің жас қазақ жігітін әңгімелесуге шақыруы да тосын болған. Дәулет бірден жұмысқа қабылданды. Бүгінде ол Чемпиондар лигасына жетекшілік ететін департаменттердің бірінде еңбек етеді.
«Әрине, алғашқы сәтте үлкен жауапкершіліктен, абдырап қалудан бас айналғандай көрінді. Ал қазір бәрін жадыма сақтап, қажетті тәжірибе жинақтауға тырысып жүрмін. Өйткені мұның барлығы Қазақстанда қажетіме жарайтындығы сөзсіз», – деді жас маман.
Шынымен де Дәулет Уранхаев уақыты келгенде елге оралып, жинаған мол тәжірибесін отандық спорт индустриясын дамытуға қосқысы келеді. Дәл осы себеппен ол бұқаралық спортты дамытуға қатысты өз ұсыныстарын қағазға түсіріп, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған екен. Мемлекет басшысының атынан Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктен нақты жауап та алған.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» шынымен де жұмыс істейді. Жасым небәрі 21-де ғана әрі білетінім де аз емес. Әрине, кейде жастың албырттығы да бар шығар. Дегенмен мені ұмытқан жоқ, сауалдарым мен ұсыныстарыма жауап берді. Міне, дәл осы жайт мені мұнан да жақсы жұмыс істеуге ынталандырып отыр. Жинақтаған кез келген тәжірибемнің елімнің қажетіне жарарына сенімдімін», – деді Дәулет.
Отандасымыз футболмен әуестенумен қатар еліміздің имиджін шетелде ілгерілетуге тырысып, шетелдік достарына қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрі жайында үнемі айтып жүрді. Сонымен қатар достарымен бірге Glion университеті ұйымдастыратын көрмеге қатысып, қазақтың ас мәзірімен, дәстүрімен таныстырды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!