фото: ашық дереккөзден алынды

Қазақстанның үздік теннисшісі, әлемдік WTA рейтингінде 9-орында тұрған Елена Рыбакина Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан беделді WTA 500 турнирінің жартылай финалына сенімді түрде шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Ширек финалда Рыбакина 104-орында тұрған австралиялық Айла Томляновичпен кездесті. Қазақстандық спортшы қарсыласына еш мүмкіндік бермей, екі сетте жеңіске жетті — 6:2, 6:0. Ойын бар болғаны 58 минутқа созылды.

Енді Рыбакина финал жолдамасы үшін әлемдік рейтингтің 8-сатысында тұрған италиялық Жасмин Паолинимен кездеседі.

Бұған дейін турнирдің алғашқы айналымында Елена украиналық Даяна Ястремскаяны (30-орын) тартысты матчта 6:4, 6:7, 6:3 есебімен ұтқан еді.

Нинбо турнирінің жүлде қоры — 1 064 510 АҚШ доллары. Ал турнир жеңімпазы 164 мың доллар мен WTA тізіміне қосылатын 500 рейтингтік ұпай иеленеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!