Сыр елінің футзал сүйер халқы үшін өңірде 4 төрт футзал мерекесі тойланды. Бұған дейін Құлсары қаласында ұйымдастырылып келген «Xan-Bekbatyr Cup» турнирі биыл Қызылорда қаласында жалауын желбіретті. Евразия спорт кешінде өткен аладоп бәсекесінде 20 команда бақ сынап, жалпы құны 10 миллион теңгені сарапқа салды. Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Колумбия, Бразилия мен Армения елдерінен келген спортшылар көрермендерге нағыз шоу сыйлай білді. Тартысты ойындар, сапалы трансляция, толы трибуналар, эмоцияға толы атмосфера және финалдағы ерекше перфоманс – бәрі-бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған.

Жарыстың алғашқы екі күнінде 5 топқа бөлінген құрамалар топтан шығу үшін айқасты. Үшінші күн дегенде плей-офф ойындарына жолдама алған құрамалардың мықтылығы ширек финалда байқала бастады. Өйткені жасақталған құрамының негізгі ойыншылары 3 күн дегенде сыр беріп, қосалқы ойыншыларға күш түсе бастады. Ақыр соңында турнирдің соңғы күндерін ойлаған жігіттері жеңісті жолын жалғастырып отырды.

Қазақ жұртының назарын бұрғызған сайыста көрерменнің көңілінен шығып, бас шайқатқан тұстары өте көп болды. Дей тұрғанмен барлығының ішінен суырылып шығып, жартылай финалда кездескен 4 командаға тоқталайық.

Алғашқы жұп – айырқалпақты ағайынның «Akfa» командасы мен құрамы Өзбекстанның үздіктері толыққан атыраулық «Жахан» командасы болды. Ақтық сынды сарапқа салған ойында қырғыз жігіттері мінез көрсетті. Соңғы секундқа дейін тартысып, 5-4 есебімен өз ағайынды тізе бүктірді.

Xan-Bekbatyr Cup: үздіктер бәсекесі

Сыр жұрты асыға күткен қызықты ойын екінші жұп болатын. Неге дейсіз ғой? Себебі екеуі де жергілікті құрама. Оның үстіне «Altyn Aidarly – SQB» командасы Өзбекстан, Колумбия мен Бразилия ойыншыларымен толыққан болса, оларға қарсы өнер көрсететін «Қожамберді» командасында өзіміздің Қазақстан футзал құрамасының жігіттері өнер көрсететін еді.

Алаңдағы төрешінің ысқырығы естілді, доп ойынға қосылды. Футзал десе ішкен асын жерге қоятын қызылордалық жанкүйерлер әрбір мүмкіндікті назарында ұстап отыр. Бір жағынан «өзіміздің аяқдопшылар қайтер екен?» деп Жаһангір Ращид, Әлішер Сәрсенбаев, Дамир Қайырбай, Ерсұлтан Сағындықовқа сынды ойыншыларға сынай қарап отыр. Не керек, тартысты ойында таблода 4-1 есебі тіркеліп, «Altyn Aidarly – SQB» жігіттері финалдық ойынға жолдама алды.

Финал. Қырғызстанның «Akfa» командасы мен жергілікті «Altyn Aidarly – SQB» кұрамасы сақадай сай. Арнайы шоу арқылы ойыншылар алаңға беттеді. Құрамында – Қырғызстан ұлттық құрамасының ойыншылары, оның ішінде жуырда ғана «Атыраудан» кеткен Денисбек Амандыкуулу да бар.

Ал екінші – «Altyn Aidarly – SQB» командасының толық құрамы Өзбекстан чемпионатында ойнайтын SQB Futsal командасынан жасақталған.

Негізгі уақытта чемпион анықталмады. Жеңіс тағдыры экстра-таймда шешілді. Қос команда үш гол соғып, соңында «Akfa» 2:1 есебімен жеңіске жетті. Айта кетейік, бұл жолда олар Атыраудың жұлдызды жігіттерін де, құрамында Ресей чемпиондары мен ұлттық құраманың ойыншылары бар Құлсарының «Mako» командасын да жолда қалдырған болатын.

Xan-Bekbatyr Cup: үздіктер бәсекесі

Үшінші орын үшін өткен матч та нағыз шайқасқа айналды. «Жахан» (Атырау) құрамына «Атырау» клубының және Өзбекстан құрамасының ойыншылары қосылды. Солардың бірі – Ихтиер Ропиев, өз елінің ұлттық құрамасының көшбасшылардың бірі турнирдің ең үздік сұрмергені атанып, 11 голмен көзге түсті.

Ал «Қожамберді» (Қызылорда) командасы Қазақстан чемпионатында ойнайтын ойыншылардан құралды: үш ойыншы – «Қайраттан», екі ойыншы – «Тұлпардан», сондай-ақ «Аят», «Бәйтерек» пен «Ордабасы» футболшылары да болды. Мұндай құраммен келесі маусымда ел біріншілігінде лайықты өнер көрсетуге де болар еді. Алайда бұл ойында атыраулықтар басым түсті – 3:1, және қола медальдар батысқа жол тартты.

Турнирдегі ерекшеліктердің бірі – 1200 тудың көрермендерге тегін таратылуы. Көрермендер арасынан Дубай мен Түркия еліне берілетін жолдамалар да жанкүйер жинаудың тиімді тұсы болды. Одан бөлек ақтық сынға футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Рикардо Каканың да келуі турнирдің қандай деңгейде екенін көрсетіп берді. Ал барлығының басын осындай бәсекеде қосып, Сыр елінде тартысты турнир ұйымдастырған Ерболат Омаровтың еңбегі ерекше екенін баса айтқанымыз жөн.

А. БАҚЫТҰЛЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!