фото: ҚТФ

Бұл шешім аяқ астынан қабылданған жоқ: оған жылдар бойғы орасан жүктеме себеп болды. Астанада Қазақстан теннисі тарихындағы ең жарқын спортшылардың бірімен әсерлі қоштасу рәсімі өтті. Зарина Дияс кәсіби мансабын аяқтайтынын Канада құрамасына қарсы Билли Джин Кинг кубогы іріктеуінің екінші ойын күні басталар алдында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қоштасу сәті шын мәнінде өте әсерлі өтті. Әлемдік теннис жұлдыздарының бейнеүндеулері, әріптестерінің алғыс сөздері мен жанкүйерлердің ұзақ қол соғуы Заринаны бірнеше рет көз жасына ерік беруге мәжбүр етті. Әлемнің бұрынғы 31-ракеткасы, еңбекқорлық пен төзімнің үлгісіне айналған спортшы, тұтас бір дәуірді артқа тастап, кортпен қош айтысты.

Қорытынды баспасөз мәслихатында Зарина өте ашық сөйлеп, бұл шешімнің аяқ астынан қабылданбағанын айтты. Оның сөзінше, мұның бәрі жылдар бойы жиналған орасан физикалық және психологиялық жүктеменің салдары.

Бұл – шексіз жаттығулар, әр аптадағы тынымсыз ұшулар, стресс пен қысым. Физикалық тұрғыдан барған сайын қиындай түсті. Теннис – ешқашан тоқтамайтын жарыс секілді, бір сәтте тоқтайтын уақыт келгенін түсінесің, – деп мойындады спортшы.

Дияс жеңістің дәмін өте ерте сезінгенін де еске алды: 9 жасында алғашқы жүлделерін жеңіп алса, 16 жасында АҚШ-та әлем чемпионатын ұтқан. Дәл осы ерте қалыптасқан өз-өзіне сенім оны Токиодағы WTA титулына және «Үлкен дулыға» турнирлерінің төртінші айналымына дейін жеткізді.

Зарина жас ойыншылар мен олардың ата-аналарына қалдырған басты кеңес – сабыр сақтау.

Теннис – ұзақ жолдың ойыны. Жетістік бір күнде келмейді. Құлдырау да болады, қиындық та болады, бірақ ең маңыздысы – тек мақсаттан емес, процестің өзінен ләззат алу. Ал ата-аналар баланың спортқа деген сүйіспеншілігін оята білуі керек. Сонда бала жаттығуға қуана барады. Сол кезде бәрі де болады, – деді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!