Фото: instagram.com/zarinadiyas

Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Кайсери (Түркия) ITF W50 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды KAZINFORM.

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 224-інші, осы жарыстың 3-ракеткасы, Беларусь өкілі Алена Фалеймен чемпиондық атақты сарапқа салды.

Бірінші партияда белоруссиялық теннисші Заринаға еш мүмкіндік берген жоқ – 6:0.

Екіншісінде Зарина Дияс 3:0 есебімен алға шыққанымен, Фалей таразы басын теңестірді. Дегенмен Зарина тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:4.

Үшінші, шешуші сетте Фалей алға кетті – 2:0. Бірақ қазақстандық теннисші есепті теңестіріп қана қоймай, өзі алға шықты – 5:3. Сосын өзі доп бергенде, екінші матчболын пайдалана білді – 6:3.
Тартысты матч 2 сағат 6 минутқа созылды.

Осылайша, екі жылдық үзілістен кейін кортқа оралған З.Дияс биылғы алғашқы титулына қол жеткізді. Кезінде Зарина әлемдік рейтингіде 31-орынға дейін көтерілген болатын. Қазіргі таңда ол WTA Live рейтингісінде 488-ден бірден 379-сатыға шығып тұр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!