Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына жұмыс сапары кезінде: «Көп шығынды талап етпейтін шахмат, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, садақ ату, қазақша күрес, тағы басқа спорт түрлерін дамытқан жөн. Бұл қадам, ең алдымен, балаларымызды теріс әдеттен алыстатады және спорт залдарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Әкімдікке осы шаруаларды пысықтауды тапсырамын», – деген болатын. Көп шығынды қажет етпейтін спорт түрлеріне садақ ату, қазақ күресі секілді спорт бағытының енуі тегін емес. Себебі соңғы жылдары аталған ұлттық сайыс түрлері қарыштап дамып, сұраныс артқан. Түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып, кәсіби шеберлер саны артты. Осы орайда «Садақ атуды дамыту қалай жүруде, жетістік қайсы?» деген сауалға жауап іздеп көрелік.

Қазір әлем бойынша қырыққа жуық ел ат үстінде садақ атуды дамытуда. Қазақстан да алдыңғы қатарда. Сала спортшылары бірнеше халықаралық жарысқа барып, ат үстінде садақ ату техникасы төңірегінде тәжірибе алмасуда. Шетелдік мамандардың қызығушылығы да жоғары. Себебі қазақтың садақ ату стилі күрделі. Басқа елдерде садақшы мен жылқы ғана қозғалып, нысана қозғалмайтын болса, бізде жамбы да, садақшы да қозғалады. Бұл тек қана аттың үстіндегі мығымдық пен садақты дұрыс ұстауды ғана емес, үнемі қозғалыс үстіндегі нысананы дәл көздеуді, қырағылықты талап етеді. Сондықтан спорт тұрғысында садақ атудың маңызы мен мәні жоғары.
Жалпы көбісі классикалық садақ ату мен дәстүрлі садақ атуды шатастырады. Екеуінің басты айырмашылығы, классикалық садақ ату – олимпиадалық спорт түрі. Ондағы басты талаптың өзі классикалық үлгіде. Дәстүрлі садақ атуға мүлдем сай келмейді. Ережесі бөлек. Садақтың жасалу жолы да өзгеше. Ал дәстүрлі садақ біздің ата-бабаларымыздан қалған өнеге. Олардан қалған өнерді дәріптеу. Салтымызды қайтадан жаңғырту қазіргі таңда қарқынды дамуда. Дәстүрлі садақ атудың жай жапсары туралы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының басшысы Исламбек Салжанов былайша пікір білдірген еді.
«Дәстүрлі садақ ату Қазақстанда 90-жылдары басталды. Соңғы 4-5 жылда бұл спорт түрі ұлттық дәрежеге көтерілді. Бүгінгі чемпионат Маңғыстау облысында алғаш рет өтуде. Қазір бұл спортқа мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп жатыр. Бұл спорт түрімен 7 жастағы бала да, 70 жастағы қария да айналыса алады. Ол әлі де өзінің лайықты орнын алады деп ойлаймын. Бұл спортты әлемдік деңгейге шығаруға дайынбыз, ол үшін жан-жақты қолдау білдіреміз. Жақында Түркияда өткен көшпенділер ойынында еліміздің садақшылары екінші орын алды. Бес елдің ішінде Қазақстан екінші орын алып, 3 алтын, 2 күміс, 3 қола медальмен оралды», – дейді.
Аталған спорт түрі ұлттық болмысқа жақын болғанымен, өзге ұлттың бәріне ортақ құндылыққа жуықтас. Содан болар, садақ ату өнеріне қызығушы халықтар саны жылдан жылға артып келеді. Бұл бағыттағы байқаулар Түркия, Қырғызстан, Қазақстанда кең дамыған. Мәселен, жуырда Маңғыстау облысында дәстүрлі садақ атудан жастар арасында республикалық чемпионат өтті.
Орайы келгенде Ұлттық спорт қауымдастығы туралы айта кеткен жөн секілді. Бүгінде қауымдастық тек садақ ату емес, өзге де ұлттық спорт түрінің дамуына үлес қосуда. Қауымдастық құрамына 7 спорт түрі және 6 федерация кіреді. Дәстүрлі садақ ату осы жеті спорт түрінің ішіндегі бұқаралық сипатқа көбірек таралуға мүмкіндігі бар, потенциалы жоғары спорт. Көп жерде жылқымен қамтамасыз ету қиын болуы мүмкін. Ал дәстүрлі садақ атуға қолыңда садағың мен жебең болса, жетіп жатыр.
Дене бітімнің сымбатты болуы үшін пайдалы. Сабырлы мінезді қалыптастыруға, өзін-өзін тәрбиелеуге, бойға сенімділік ұялатуға көмектеседі. Шетелге шыққанымызда біздің садақ ату машығымызға бәрі қатты таң қалды. Қазақстанда бұл спорт түрі екі жылдан бастап қарқынды дамуда. Олар садақшылардың дәстүрлі садаққа махаббатына қызығушылық танытып, біздің елдің садақ атудан әлемдік деңгейге көтерілуіне сенетінін айтты, – дейді Қазақстан бойынша дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті Диас Ахметов.
Жалпы аттың үстінде отырып садақ атумен, жерде тұрып садақ ату – тамырлас дүние. Шетелде де екі спорт түрін қатар дамытады. Қазақстан да аталған үрдісті ескеріп, түрлі ат-спорт клубы мен садақ ату орталығының санын көбейтуде.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!