Жуырда Жалағаш ауданында ауыл шаруашылығының көрнекті қайраткері Мөрәлі Шәменовты еске алуға арналған дзюдодан 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті.
Дүбірлі додада Астана, Шымкент қалаларынан, Абай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Түркістан, Атырау, Ұлытау, Маңғыстау облыстарынан және Қызылорда қаласы мен аудандарынан келген 350-ге жуық спортшы 9 салмақ дәрежесінде бақ сынасты.
Екі күнге созылған турнир нәтижесі бойынша 25 команданың ішінен командалық есепке сәйкес, Қызылорда қаласы 4 алтын, 3 қоламен – І орынды, Атырау облысы 1 алтын, 3 күміс, 6 қоламен – ІІ орынды және Жалағаш ауданы 1 алтын, 2 күміс, 2 қоламен – жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Ал салмақ дәрежелері бойынша 38 келі салмақта Жалағаш аудандық №13 олимпиадалық-резервтік спорт мектебінен А.Батыржанұлы, 42 келі салмақ дәрежесі бойынша Қызылорда қаласынан А.Керейтбай, 46 келі салмақ дәрежесі бойынша Жаңақорған ауданынан М.Ахмет, 50 келі салмақ дәрежесі бойынша Қызылорда қаласынан Н.Әбдіқадыр, 55 келі салмақ дәрежесі бойынша Н.Мұратов, 60 келі салмақ дәрежесі бойынша М.Жолдасбек, 66 келі салмақ дәрежесі бойынша Н.Дүйсенбай І орынды иеленсе, 73 келі салмақ дәрежесінде Батыс Қазақстан облысынан М.Қыдырбай І орынды еншіледі.
Сонымен қатар ірі салмақ дәрежесінде жүлделі І орынды Атырау облысынан келген спортшы А.Мақсат қанжығасына байлап, үздік ойынның үлгісін көрсетті.
Айта кетейік, жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын турнирдің мақсаты саналы ғұмырын мемлекетіміздің өркендеуіне, туған жеріміздің көркейуіне арнаған азамат, ауыл шаруашылығының көрнекті қайраткері Мөрәлі Шәменовтың есімі мен еңбегін кейінгі буынға ұлықтау болып табылады.
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!