Қысқа мерзімде мол қаржыға кенелген бапкерлер үлкен футболда жетерлік. Қызметін қомақты қаражатқа бағалап, жұмысы оң нәтижеге ұласпаған бапкерлердің тізбегін оқырман назарына ұсынамыз.
«Тоттенхэм» бапкері Нуну Эшпириту Санту қысқа уақыт ішінде мол қаржыға ие болған жаттықтырушы атанды.«Тоттенхэм» Нуну Эшпириту Сантуды қомақты қаржы беріп, жұмыстан шығарды. «Челси» мен «Тоттенхэм» клубтарының қожайындары Роман Абрамович пен Даниэль Леви әлемдегі бапкерлерге ең көп ақша жұмсаған екен. Бұл тізімде ПСЖ және «Манчестер Юнайтедтің» де жетекшілері бар. Бүгін жұмыс істемей-ақ, келісімшартта көрсетілген өтемақыны қалтасына басқан бапкерлер жайлы сөз қозғамақпыз.
Роберто Ди Маттео (12,5 миллион еуро)
2011 жылдың ортасында «Челсидің» бұрынғы жартылай қорғаушысы сол кездегі бас бапкер Андре Виллаш-Боаштың жаттықтырушылар штабына еніп кетті. Ал 2012 жылдың басында ол бірнеше сәтсіз матчтан кейін португалиялық маманның орнын басты. Роберто маусымның соңына дейін уақытша нұсқа ретінде қарастырылды, бірақ команданы біріктіріп, алға жетеледі, оның тұсында «Челси» кенеттен Англия кубогін және Чемпиондар лигасын жеңіп алды.
Роман Абрамович көптен күткен жүлдеге қуанып, Ди Маттеомен толық келісім-шартқа отырды. Бірақ эмоциялар басылып, уақыт бапкердің нақты деңгейін анықтап берді. Команданың ойыны кері кетіп, Роберто қараша айында жұмысынан айырылды. «Челсиден» кейін бір маусым «Шалькеде» және үш ай «Астон Виллада» жұмыс істеді. 2016 жылдан бері Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанған бапкер жұмыссыз жүр.
Чемпиондар лигасындағы кездейсоқ жеңіс Ди Маттеоға мол қаржы әкелді, жалақы мен бонустардан бөлек, келісімшартты бұзғаны үшін 12,5 миллион еуро өтемақы алды.
Андре Виллаш-Боаш (14,1 миллион еуро)
2011 жылы Роман Абрамович «Порту» клубының жетістігіне сүйсініп, Жозе Моуриньоға қатты ұқсайтын болашағы зор бапкер алғысы келді. Таңдау Виллаш-Боашқа түсті.
Андре «Челсиді» қайта құрылымдау үшін шақыртылды, бірақ жас жаттықтырушы ол кезде беделді емес еді. Португалиялық маман көп ұзамай ойыншылардың қолдауынан, содан кейін жұмысынан айырылды. Виллаш-Боаш өзін алданып қалғандай сезінді. Оған реформалар үшін уақыт уәде етілген еді, бірақ Абрамович наурыз айында шешімін өзгертті.
Келісімшартта қарастырылған үш жылдың орнына Андре «СтэмфордБриджде» жарты маусым ғана жұмыс істеді және ол бұл үшін 14,1 миллион алды.
Маурисио Почеттино (14,7 миллион еуро)
Почеттино – «Тоттенхэм» тарихындағы ең жақсы бапкердің бірі. Аргентиналық маман «Тоттенхэм» командасының ойынына ерекше стиль енгізді және жүлдесіз клуб үшін керемет нәтижелерге қол жеткізді. Ол Премьер-лигада екінші және екі рет үшінші орынға ие болды. Бұл – лондондықтардың Премьер-лигадағы ең жақсы көрсеткіші.
2019 жылы Маурисио өзіне ескерткіш қойдыртатын мүмкіндікке ие болған еді, бірақ Чемпиондар лигасының финалында «Ливерпульден» жеңіліп қалды. Осыдан кейін «Тоттенхэм» күйреді. Ойыншылар бапкерге деген сенімін жоғалтты, прессинг мүлдем жасамай қойды. Тіпті ең тәжірибелі Уго Льористің өзі өте нашар матчтар өткізді. Даниэль Леви бапкерді сапалы трансферлермен қолдамады, керісінше, нәтиже нашарлаған жағдайда оны жұмыстан шығара салмақ болды. Бірақ Почеттино бұл үшін қатты қобалжыған жоқ. Ол «Тоттенхэмнің» деңгейінен асып кеткенін түсінді, бұқаралық ақпарат құралдары оны үнемі «Реал», ПСЖ және «Манчестер Юнайтедпен» байланыстырды. Оның үстіне, Леви келісімшартты бұзғаны үшін Маурисиоға 15 миллион еуро төледі. Ал аргентиналық бапкер көп күттірмей ПСЖ клубын тізгіндеді.
Луис Фелипе Сколари (16 миллион еуро)
2009 жылы атақты бразилиялық маман әлем чемпионатын жеңген Премьер-лигадағы алғашқы бапкер атанды. Луистің ниеті басынан-ақ анық болды. «Мен 70-ке дейін жаттықтырушы болып жұмыс істегім келмейді. 4-5 жылдан кейін мансабымды аяқтауды қалаймын. Сондықтан мен үшін қаржы мәселесі маңызды», – деп мойындады жаттықтырушы. Оның ойын стилі де жұрттың көңілінен шықпады, ал Сколари клуб басшылармен жанжалдасып қалды. Атап айтқанда, «Челсидің» сол кездегі жарық жұлдызы Дидье Дрогбамен сөзге келіп қалды. «Челсиде» жарақаттарға байланысты және одан да басқа проблемалар болды. Бір-екі ойыншы менің жұмыс стиліме қарсы шықты. Кімдер екенін айтайын ба? Олар – Анелька мен Дрогба», – деп шағымданды бразилиялық бапкер.
Лондондықтар Премьер-лиганың көшбасшыларынан едәуір артта қалды, ал ақпан айында Сколари жұмысынан айырылды. Бірақ ол өтемақы ретінде көрсетілген 16 миллион еуроны қалтасына басты.
Нуну Эшпириту Санту (16,4 миллион еуро)
Бұл мәміле қазір Даниэль Левидің қорқынышты түсіне айналған болар. Нуну «Тоттенхэмдегі» мансабын керемет бастады. Үш матчта жеңіске жетіп, айдың үздік жаттықтырушысы атанды. Бірақ кейін нәтиже нашарлап, ойыншылар бапкердің ойын түсінбеді.
Леви Нунуды егер «Тоттенхэм» үздік алтылыққа кірмегенде осы маусымнан кейін өтемақысыз жұмыстан шығаруы мүмкін еді. Бірақ бұған шыдамы жетпеді. Ол португалиялық маманға 16,4 миллион төлеп, Антонио Контені шақыртты.
Лоран Блан (20 миллион еуро)
Бланның бапкерлік мансабы жақсы өрбіді. «Бордомен» күтпеген жерден чемпион атанып, Франция құрамасына, кейіннен ауқатты ПСЖ-ға шақырту алды. Парижде Лоран керемет жетістіктерге қол жеткізді. Ол Лионель Месси, Неймар және Килиан Мбаппесіз-ақ үш рет Франция чемпионатын жеңіп алды. 2014-2015 жылғы маусым ПСЖ үшін тамаша өтті. Париждік клуб Франциядағы барлық турнирлерде топ жарды. Тек Чемпиондар Лигасы ғана бағынбады, осы үшін Блан жұмысынан кетті. Бапкердің келісімшарты 2020 жылдың жазына дейін есептелген, сондықтан шейхтер 2016 жылы оған 20 миллион еуро беріп, шығарып салды. Бір қызығы, одан кейін ПСЖ-ны тізгіндеген барлық бапкерлер тек Франциядағы трофейлермен шектелді. Унаи Эмери мен Маурисио Почеттино және Томас Тухель Чемпиондар лигасын жеңе алған жоқ.
Жозе Моуриньо (21,1 миллион еуро)
Моуриньо – «Челси» тарихындағы ең табысты және ерекше бапкерлердің бірі. Ол әрқашан нәтиже көрсетті, бірақ ойыншылармен және басшылықпен қарым-қатынасын түзей алмады.
Бұл оның «Стэмфорд Бриджге» алғаш келген кезінде болды. Португалиялық маман клуб үшін екі рет Англия чемпионатын, Англия Кубогін және Супер кубогті, сонымен қатар Лига Кубогін жеңіп алды. Бірақ содан кейін ойыншылармен және Абрамовичпен трансферге байланысты жанжал пайда болды. Ресейлік олигарх португалиялық бапкерді жақсы көретін, бірақ оның ерсі әрекеттеріне төзімі жетпеді. 21,1 миллион еуроны қалтасына басқан Жозе «Челсиден» кетіп, алты жылдан кейін қайта оралды. 2018 жылы Жозе «Манчестер Юнайтедті» тізгіндеп, жақсы нәтижелерге жете бастады. Қарқыны төмендеген клуб 2016-2017 жылғы маусымда үш жүлдеге (Англия Супер кубогі, Лига кубогі және Еуропалигасы) ие болды.
Жозе өзін жақсы жарнамалап, басшылықты есінен тандырып, келісімшартты жақсарту үшін келіссөздер жүргізді. Осыдан кейін «Манчестер Юнайтед» бірден құлдырады. Жозе бұл жерден тезірек кету үшін бәрін жасады. Басшылық оған 23 миллион еуро төледі.
Антонио Конте (30,8 миллион еуро)
Конте де италиялық командаларға эмоция сыйлап, сапалы футбол қойып, нәтижеге тез қол жеткізеді. Осыдан кейін бапкер жұлдыз ауруына ұшырайды. Ол ойыншылармен жанжалдасып, басшылықтан трансферлер үшір көп ақша сұрай бастайды. Мұндай жағдай «Ювентус», «Интер» және «Челсиде» қайталанды. Антонио 2016-2017 жылғы маусымда Англия Премьер-лигасында топ жарды және титулды сақтау үшін жаңа жұлдыздарды, атап айтқанда Ромелу Лукакуды талап етті. Бірақ Марина Грановская мен Роман Абрамович Альваро Моратаны таңдады. Конте бұған қатты ашуланды. Нәтижесінде Мората клуб тарихындағы ең сәтсіз трансферлер тізіміне қосылды.
Оның үш орталық қорғаушыдан тұратын чемпиондық схемасын қарсыластар өзіне қарсы қолдана бастады, бірақ жаттықтырушы басқа нұсқа таба алмады. Ал Абрамович болса, «Стэмфорд Бриджде» Контенің жүзін көрмеу үшін әлемдік футболдағы рекордтық өтемақыны төлеуге өз келісімін берді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!