Биыл 21 қараша мен 18 желтоқсан аралығында футболдан Қатарда өтетін XXII әлем чемпионаты қарсаңында ең көп жалақы алатын бас жаттықтырушылардың тізімі жарияланды. Бұл көшті Германия құрама командасының бас бапкері Ханс-Дитер Флик бастап тұр.
Ханс-Дитер түрлі командаларды жаттықтырып, 2019 жылы әйгілі мюнхендік клубтың тізгінін ұстады. Аталған маманның жетекшілігімен «Бавария» екі рет ел чемпионы атанып, кубок пен суперкубокты иеленді. 2020 жылы УЕФА чемпиондар лигасы, УЕФА суперкубогы және клубтық әлем чемпионатында бас жүлдені олжалады. Бұл күндері ұлттық құраманы жаттықтырып жүрген 57 жастағы Ханс-Дитер Флик жылына 6,5 миллион еуро көлемінде жалақы алады.
Екінші орында – 51 жастағы Гарет Саутгейт. Кезінде ол АПЛ-дағы «Кристал-Пэлас», «Астон Вилла», «Мидлсброның» және 1995-2004 жылдар аралығында Англияның ұлттық құрамасының тас-қамал қорғаушысы болды. 2016 жылдан бері өз елінің бас командасын жаттықтырып жүрген 51 жастағы Саутгейт әр жыл сайын 5,8 миллион еуроны қалтасына басуда.
Үшінші орынды даңқты Дидье Дешам иеленуде. Жалындап тұрған шағында ол Францияның «Нант», «Марсель», «Бордо», Италияның «Ювентус», Англияның «Челси» және Испанияның «Валенсиясында» жасындай жарқырады. Амплуасы – жартылай қорғаушы. Өз елінің ұлттық құрамасы сапында 1998 жылы әлем чемпионы және 2000 жылы Еуропа чемпионы атанды. Қарт құрлықтың бірқатар белді клубтарын жаттықтырған ол көптеген биік белесті бағындырды. Дешамның жетекшілігімен франциялық футболшылар 2016 жылы Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері, 2018 жылы әлем чемпионы, 2021 жылы Ұлттар лигасының жеңімпазы деген аса мәртебелі атақтарға қол жеткізді. 53 жастағы Дидьенің жалақысы 3,8 миллон еуро шамасында.
Сондай-ақ ТОП-10 ауқатты бас жаттықтырушылар қатарында Тите (Бразилия. 3,6 млн еуро), Луи ван Гал (Нидерланд. 2,9 млн еуро), Херардо Мартино (Мексика. 2,9 млн еуро), Лионель Скалони (Аргентина 2,6 млн еуро), Феликс Санчес Бас (Қатар. 2,4 млн еуро), Фернандо Сантуш (Португалия. 2,25 млн еуро) және Мурат Якин (Швейцария. 1,6 млн еуро) сынды майталман мамандар бар. Ал әлем чемпионатына қатысушылар арасында ең аз жалақы алатын Жәлел Қадри екен. 50 жастағы Тунис құрамасының бас жаттықтырушысы жылына бар болғаны 130 мың еуро алады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!