Аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов (17-9) Гамбургте (Германия) өткен OKTAGON 73 турнирінде чемпион атанды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Vesti.kz-ке сілтеме жасап. 

Жалғас ең жеңіл салмақ дәрежесінде өткен титул кездесуінде Грузиядан келген қазіргі чемпион Бено Адамиямен (12-8-2) күш сынасты.

Адамия жекпе-жек алдында салмақ шегінен асып кеткендіктен, октагонға сары картамен шықты.

Бес раундқа жоспарланған жекпе-жектің қорытындысы бойынша Жалғас жеңіске жетіп, лиганың жаңа чемпионы атанды. Ол қарсыласын соңғы раундта бір рет нокдаунға да түсірді.

Айта кетейік, Адамия бұл жекпе-жекке қатарынан алты рет жеңіске жеткен еді, бірақ бұл жолы Жумагұловқа есе жіберді. Ал Жалғас қатарынан төртінші жекпе-жекте жеңіске жетіп отыр. Oktagon – Еуропадағы үздік лигалардың бірі.

Еске салайық, Жұмагұлов бұған дейін UFC-де өнер көрсеткен. Ол промоушенде жеті жекпе-жек өткізіп, бір рет жеңіске жетіп, алты рет жеңілген. UFC-ден 2023 жылы кеткен.

Жалғас бұған дейін Fight Nights Global ұйымында чемпион болған. Ол 2018–2019 жылдары ең жеңіл салмақта бұл лиганың чемпиондық белбеуіне ие болды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!