Жуырда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округі Ж.Махамбетов ауылындағы жаңа спорт кешенінің ашылу рәсіміне қатысты. Еңселі ғимарат «Самұрық-Қазына» қорының 15 жылдығы тұсында ауыл тұрғындарына тарту етілді.

Шараға «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қатысты.

Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аймақта спорт саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Ел Президентінің бастамасымен өткізілген «Балалар жылында» демеушілер 1 млрд 600 млн теңгенің 80 спорт-ойын алаңын балдырғандарға тарту етті. Соның 50-і Қызылорда қаласында орнатылды. Демеушілер бұл жұмыстарды биыл да жалғастырды. Үкімет қолдауымен аймақта спорт құрылымдарын дамыту үшін ауқымды жобалар жүзеге асуда. Бүгінде облыста 11 спорт кешенінің құрылысы қарқын алды. Оның ішінде Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылдық округінде салынуда», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов құттықтау сөзінде қызылордалық спортшылардың алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.

«Өңірлердегі қайырымдылық жобаларын қолдау – «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қызметіндегі басым бағыт. Ж.Махамбетов ауылында көпсалалы спорт кешенін салу өзіміз бастама танытқан жоба екенін атап өткім келеді. Мұнда қажетті спорттық құрал-жабдықтар бар, спорт секциялары мен алаңдарда мектеп оқушыларынан  бөлек тұрғындар да жаттыға алады. Өскелең ұрпақтың денсаулығы біздің балаларға жасайтын қамқорлығымызға тікелей байланысты. Әрбір жоба арқылы біз олардың болашағына керекті сапалы білім берумен қатар, әлеуметтік ахуалын жақсартамыз. Осы спорт кешенінен чемпиондар өсіп шықсын деген ақ ниеттеміз!», – деді Басқарма төрағасы.

Мерекелiк шарада ауыл ақсақалы Қыпшақ Рүстембеков ел ағалары атынан бата берді.

Аумағы 1504 шаршы метрлік жаңа спорт кешені спорттық шараларды өткізуге арналған. Мұнда волейбол, шағын футбол, баскетбол алаңдары жабдықталған, теннис корты, күрес алаңы, екі жолақты жүгіру жолы бар. Бұл – «Самұрық-Қазына» АҚ демеушілігімен салынып, биыл пайдалануға берілетін еліміздегі 5 кешеннің алғашқысы.

Бұған дейін аймақ басшысы Шиелі ауданына жұмыс сапармен барып, жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан болатын. Ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі спорт саласындағы айтулы сәтті тілге тиек еткен еді.

Өткен жылы Шиелі кенті «Көкшоқы» шағын ауданындағы спорт кешені жөнделіп, бүгінде онда тұрғындардың спортпен айналасуына барлық жағдай жасалған. Жастардың байрақты бәсекелерде, дүбірлі додаларда топ жаруына заманауи үлгідегі осындай нысандардың қосар үлесі мол», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Расында Сыр  саңлақтары спорттық додаларда жеңіс төрінен көрінуде.  Аймақ спортшылары биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша ҚР чемпионаты мен кубоктарында 552 (175 алтын, 165 күміс, 212 қола) медаль жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаты мен кубоктарында 76 медальға (32 алтын, 24 күміс, 20 қола) қол жеткізді. Атап өту керек, бүгінде облыс тұрғындарының 38 пайызы, яғни 316 мыңнан астам адам бұқаралық спорт түрлерімен шұғылданады.

Қызылорда қаласының сол жағалауында салынуы жоспарланған «Көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы» жобасы оң шешімін тауып, республикалық маңызы бар спорт ғимаратының құрылысы басталды. Жоба құны – 6 млрд 900 млн теңге. Бұдан бөлек, 7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының заманауи стадионының құрылысы жақын күндері басталмақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!