Футболдан ел біріншілігінің жаңа маусымы басталды. 2 тур артта қалды. Қазір екі ойында да сенімді жеңіске жеткен алматылық «Қайрат» көш басында тұр. Ал 11-аймақтың «Қайсар» футбол клубы 2 ұпаймен 11-орынға жайғасқан. Бізді қызықтыратыны – қасқырлардың алдағы жоспары. Әрине мақсат – чемпион атану. Жанкүйерлердің де тілегі сол. Сол үшін ел назарын аудартқан легионерлерді қатарға қосты, құрамды күшейтті, бапкер ауыстырды. Бірақ барлығы біз ойлағандай бола ма?
Кейінгі жылдары түрлі қиындықтан көз ашпай қойған жергілікті клубтың келешегіне жанкүйерлер алаңдаулы болғаны рас. Әсіресе өткен маусымнан бастап легионерден түбегейлі бас тартқанда азды-кем дау болғаны бар. Абырой болғанда жігіттер премьер-лигада қалды. Ал биылғы жылдан бастап бюджет қаржысына телмірмей жергілікті кәсіпкер, «Tau Group» ЖШС құрылтайшысы Исламғали Қозбақовтың иелігіне өтті. Өңірде Мемлекет басшысының қолдауымен стандартқа сай 11 мың орындық «Kaysar Arena» стадионы пайдалануға берілді. Ендігі жанкүйерлер талай жыл түрлі кедергіге тап болған аяқдопшылардың осы маусымда мүмкіндігі артып, жеңісті жорығы аз болмайтынына сеніммен қарап отыр. Жекенің қолына өткен жергілікті клубтың мүмкіндігі бұрынғыдан да арта түсетініне күдіктен гөрі үміт басым.
Жаңа маусым басталар алдында жергілікті жігіттер Біріккен Араб Әмірлігі мен Түркия елінде маусым алдындағы жаттығу жұмыстарын жүргізген. Клубтың тізгінін ұстаған Андрей Ферапонтов бапкер командадағы жігіттердің ел біріншілігіне сақадай сай екенін айтқан болатын. Осылайша алғашқы турды жаңа стадионда өткізіп, астаналық «Жеңіс» командасынын қабылдады. Алғашқы таймның аяқталар соңында команда қорғаушысы Әділет Кеңесбек есепті ашып, жаңа маусымдағы қасқырлардың алғашқы голын соққан. Бірақ ойынның екінші жартысында Нұрымжаен Салайдин қорғаған қақпаға қарай айып добы белгіленіп, қарбалас арасында қорғаушы Нияз Ідірісов гол соғып, таразы басы теңесті. Осылайша қос ұжым тең тарқасып, 1 ұпайды қанағат қылған. Аталған кездесуде көпшілік асыға күткен биылғы жылдың топ трансфері Виктор Мозес алаңға шықпады. Есесіне екінші ойында нигериялық ойыншыны алаңнан көрдік. Ол туралы сәлден соң тоқталамыз. Иә, араға бір апта салып екінші елордалық клуб Сыр еліне табан тіреді. Бауыржан Исламхан, Марин Томасов, Абзал Бейсебеков бастаған жігіттерден «Kaysar Arena» стадионында 3 ұпай қоржынға салсақ деген дәмеміз болған. Бірақ «Астана» клубынан ұпай алу оңай болмайтыны анық болды. Алғашқы алғашқы таймда сәтті шабуылдар ұйымдастырып, Мұхамеджан Сейсен қорғаған қақпаның осал тұсын іздегенмен болмады. Оқтын-оқтын бұрыштамадан Томасов доп асырғанда көзімізді жұмып отырғанымыз рас. Мұнан бөлек команда капитаны Нұрымжан Салайдин тамаша сейфтерімен көзге түсті. Нұрдәулет Ағзамбаев, Айбол Әбікеннің тамаша мүмкіндіктері де мүлт кетіп жатты. Мұнан бөлек Сағи Совет, Батырхан Тәжібай мен Томас Джонстың көзге түсетіндейі болған. Бірақ, болмады. Ойынның 64-минутында жанкүйерлер асыға күткен Виктор Мозес алаңға қосылды. Бір мәрте тамаша шабуыл ұйымдастырған, бірақ соққы қақпадан сәл қиыс кетті. Алайда нигериялық ойыншының алаңдағы қозғалысы көп жанкүйердің көңілінен шықпағаны рас. Дегенмен «алғашқы ойыны ғой» деп өздерін жұбатқандай болды. Осылайша 90+5 минут артта қалып, бұл жолыда жаңа аренадағы ойын тең аяқталды. Қазір қасқырлар 2 ұпайды қоржындарына салып, ендігі алдағы апта Шымкент қаласының «Ордабасы» клубына қонаққа барады. Оңтүстік дербидің оңай болмайтыны анық. Десек те «Қайсар» ойыншыларының қайсарлық көрсетіп, сырт алаңда да ұпай алып келетінініне сенім мол.
Әзірге барлығы ойдағыдай орындалып келуде. Бастысы құрам мықты ойыншылармен толықты. Жаңа стадион пайдалануға берілді. Клуб жекеге өтті. Ендігі чемпиондыққа таласып, жанкүйерлердің көптен күткен арманын орындау қажет секілді. Одан бөлек Қазақстан Кубогындағы жорығын да жеңісті жолға салу қажет.
Өткен жылға қарағанда құрам әлдеқайда жаңарған. Ел шулаған трансфердің бірі Ақтөбе қаласына Луиш Нанидің келуі болса, екіншісі Виктор Мозестің қасқырлар сапын толықтырғаны. Ел назарын аудартқан ойыншы Еуропаның алпауыт клубтарында доп тепкен. Мәселен, «Кристал Пэлас», «Челси», «Ливерпуль», «Вест Хэм», «Интер», «Фенербахче», «Спартак» командаларының намысын қорғаған. 2 дүркін Еуропа лигасының жеңімпазы, Англия кубогының иегері, Челси командасымен АПЛ чемпионы, Нигерия құрамасымен Африка Ұлттар кубогының жеңімпазы.
Мұнан бөлек, нигериялық Имо Эзекиль де жанкүйерлерді қуантқан сәтті трансфердің бірі болды. Бірақ әзірге бұл ойыншыны жасыл алаңнан көре алмай келеміз. Басшылықтың сөзіне сенсек, ойыншымен келіссөздер әлі жүруде. Алдағы уақытта қатарға қосылады деп күтілуде.
Бұл ойыншы мансабында белгиялық «Стандарт», «Андерлехт», испан чемпионатында «Лас-Пальмас», Біріккен Араб Әмірлігінің «Әл-Жазира», «Әл-Зафра» сынды командаларда доп тепкен. Сондай-ақ Нигерия құрамасының намысын қорғап, Рио Олимпиадасының қола жүлдесін жеңіп алған.
Алғашқы екі турда ерекше көзге түскен ойыншылардың бірі – Амир Мохаммад. «Астана» командасымен ойында Марин Томасовты тұсап, жанкүйерлердің ықыласына бөленгені тағы бар. Ресейлік «Анжи» футбол клубының түлегі болған ол бұған дейін «Химки» мен «Балтика» сапында өнер көрсеткен. Ресей ұлттық лигасының екі дүркін жеңімпазы.
Жаңа маусым басталмас бұрын чилилік Томас Джонс қатарға қосылғанда жанкүйерлердің қатты қуанғаны бар. Бірақ «Жеңіс» командасымен ойында бос қақпаға гол соға алмағанда бұл ойыншының өткен маусымда «Копиапо» сапында доп теуіп, 14 гол соққанына күмәнмен қарағандар болды. Бірақ бұл әлі басы. Алда әлі талай маңызды ойын күтіп тұр. Томас Джонстың алдағы кездесулерде қасқырларға 3 ұпай сыйлайды деген сенім жоқ емес.
Басты мақсат – «Қайсар» жігіттерінің маусым бойы мінез көрсетіп, чемпиондық атаққа таласуы. Ендеше жанкүйерлерін қуантып, жаңа жетістікке жетелейтін сәтті жорық болуына тілектеспіз.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
