Аталған құжатта Мемлекет басшысының тапсырмалары мен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қол жетімді денсаулық сақтау» Ұлттық жобасының барлық көрсеткіші мен іс-шарасы қамтылған. Соның негізінде жаппай спорт инфрақұрлымдарын салу қолға алынады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлімдеді.
«Тірек ауылдарда тез салынатын модульдік спорт ғимараттарын салу және дене шынықтыру үшін қолжетімді инфрақұрылым яғни спорт алаңдары, жүгіру және велосипед жолдары, жаяу, сондай-ақ атпен жүретін туристік маршруттар құру жоспарланып отыр. Ол үшін ең алдымен еліміз бойынша жұмыс істеп тұрған спорт нысандарын «ауқымды түгендеу» жұмыстарын жүргізетін боламыз», – деді министр.
Негізгі мақсат – аймақтарда спорттық инфрақұрылымды дамыту және оның қолжетімділігін арттыру. Бұған қоса Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде балаларды тегін спорт секцияларымен және шығармашылық үйірмелермен қамту ұлғаяды. Аталған бағдарлама аясында былтыр 400 мың балаға жағдай жасалған болса, биыл 4 жастан 17 жасқа дейінгі 560 мыңнан астам бала тегін секциялармен және үйірмелермен қамтамасыз етіледі.
«Биыл бұл бағыттағы жұмыс күшейтіледі. Оған 86,7 млрд теңге бөлінді. Бұл сома 560 мың баланы тегін үйірмелермен, секциялармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен 160 мыңға артық. Ендігі кезекте өңірлерде мәселелерді шешуді жеделдетіп, дереу жұмысқа кірісу қажет» делінген жауапты ведомствоның мәліметінде.
Күн тәртібінде кәсіби спортшылардың, жаттықтырушылар мен мамандардың бірыңғай электронды деректер базасын іске қосу тұр. Бұл спортшының физикалық және моральдық жағдайын, оның күшті және әлсіз жақтарын объективті бағалауға мүмкіндік береді. Таланттарды іздеу бойынша жұмысты жүйелеуге және спортшылар мен жаттықтырушыларды бағалау кезінде субъективтіліктен аулақ болуға да сеп. Сондықтан Мәдениет және спорт министрлігіне Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен серіктестікте «E-sport» платформасын іске қосуды жеделдету тапсырылып отыр.
Басым міндеттердің тағы бірі – балалар арасында ұлттық спортты насихаттау. Бұдан былай «Қазақша күрес» мемлекеттік спорттық тапсырыс шеңберінде қаржыландырылатын спорт секцияларының тізіміне енгенін ерекше атап кеткен жөн. Бұл тізімге алдағы уақытта тоғызқұмалақ пен асық ату да кіреді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!