Ұлттық Олимпиадалық комитет 2022 жылғы Бейжің ойындарына арналған Қа­зақ­стан командасының фор­масын көпшілік наза­ры­на ұсынды. Алғаш рет эки­пировкадағы ел атауы қазақ ті­лінде «Qazaqstan» болып жа­­зылды. Олимпиадалық коман­даға арналған спорттық фор­маны қазақстандық ZIBROO ком­паниясы шығарған.

«Ең стильді команда»

 Шеруге арналған коллекцияны ресейлік дизайнер, SHISHKIN брендінің негізін қалаушы Дмитрий Шишкин дайындаған. Екі өндіруші ең жоғары талаптарға сай келетін, өндірістегі эко-шешімді қолдайтын және киім дизайнының әлемдік трендін қолданатын ортақ олимпиадалық эпикировка коллекциясын ұсынды. Оны дайындауға бір жылдан аса уақыт кеткен. Киімді дайындау процесіне атлеттердің өздері қатысқанын білдік. Олар форманың дизайны, сапасы мен функционалына қатысты өз ұсыныстарын білдірген.

«4 ақпан күні төртжылдықтың басты додасы – қысқы Олимпиада басталады. Токио қарсаңындағы секілді, бұл ойын басталардан бұрын да біз олимпиадалық экипировканы дайындау кезінде спортшылардың ұсыныс-тілегін ескердік. Біз үшін Олимпиада ойындарында спортшыларға осы форманың ыңғайлы, қолайлы және сәнді сезінгендері маңызды, – деді ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков.

Қысқы ойындарға арналған олимпиадалық форманың таныстырылымына жазғы спорт түрлерінің өкілдері, атап айтар болсақ, Токио Олимпиадасының жүлдегерлері, оның ішінде жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов пен Софья Берульцева қатысты. Осылайша, жазғы спорт түріндегі атлеттер қысқы Олимпиадаға аттанатын спортшыларға қолдау көрсетіп, олимпиадалық құраманың «Бір ел – бір команда» ұранын тағы бір нақтылап отыр. Сондай-ақ фотосессияға дзюдошылар Жансай Смағұлов пен Ақмарал Науатбек, бокстан ерлер командасының капитаны Абылайхан Жүсіпов, гимнаст Аружан Қасенова мен «Барыс» хоккейшісі Самат Данияр қатысқан.

«Командамыздың олимпиадалық формасының таныстырылымына қуана қатыстым. Спорттық күнтізбеміздегі айырмашылықтарға байланысты қысқы спорт түріндегі атлеттермен жиі кездеспесек те, олардың бізге көрсеткен қолдауын ұмытқан емеспіз. Тиісінше, біз де Олимпиада кезінде отандастарымыздың басты жанкүйері боламыз. Өйткені біз бір команданың – Қазақстан құрамасының намысын қорғаймыз. Формаға келер болсақ, сапасы қатты ұнады», – деді бокстан Токио Олимпиадасының жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов.

Токио Олимпиадасының жүлдегері, каратэші Софья Берульцева «Форманың таныстырылымына шақырту алғанымда таң қалдым әрі қуандым. Өйткені қысқы спорттағы атлеттеріміздің нәтижесін үнемі қадағалап жүремін. Бір күн бойы өзімізді модель сезіндік. Мұндай қызық жобаға қатысу мен үшін үлкен тәжірибе. Форма қатты ұнады, түсі де, эпикировканың сапасы да қуантады. Өте жылы әрі денеге жақсы тұрады. Спортшылар жабық ғимараттарда да, үлкен стадиондарда да өздерін ыңғайлы сезінетіні анық. Айтпақшы, олардың ең стильді болатынына да күмәнім жоқ. Алдағы ең маңызды жарыста қазақстандық командаға сәттілік тілеймін. Алға!» деген пікір білдірді.

Пандемия кезінде жеңіл өнеркәсіп басқа да салалар секілді бүкіл әлем бойынша кедергілерге тап болды. Тауарды жеткізу логистикасы бұзылды, тіпті, әлемдегі ең үлкен брендтердің өзі киімді бұрынғыдай мерзімде, бұрынғы көлемде шығара алмайды. Сондықтан жеткізушіні таңдау кезіндегі басты талап – сенімділік, тігін өнеркәсібіндегі алдыңғы технологияларды пайдалану, одан бөлек, киімді дайындаудағы толық өндірістік цикл болатын. Шеруге арналған форманы тігу көптеген жылдар бойы ірі компаниялармен, футбол және хоккей клубтарымен жұмыс істейтін, сондай-ақ FISCHER компаниясына арнап Еуропаға тау шаңғысы экипировкасын экспорттайтын «SHISHKIN тігін мануфактурасына» сеніп тапсырылды. Дизайнерлер бұл жобаға толыққанды дайындалған, еліміздің мәдени ерекшеліктері мен әлемдік сән трендіндегі маңызды жайттарды сараптады. Киімдегі жазуға бірегей шрифт таңдалды. Жарысты қабылдаушы елдің дәстүрлері де назардан тыс қалған жоқ. Олимпиада өтетін жыл су жолбарысы жылымен сәйкес келеді, ал шығыс күнтізбесі бойынша 2022 жылғы түс «талаптарына» аспан көк, қара және ақ түс сәйкес келеді. Бейжіңде Қазақстан командасы біртұтас ойластырылған жиынтыққа ие болады.

Киім Қытайдағы қысқы климатқа арнайы ойластырылған. Мұнда температура кей кездері 20 градустан да төмендейді. Сондықтан сырт киім табиғи қаздың жүнімен толықтырылған, жылуды сақтап, суықты өткізбейтін заманауи жарғақтық материалдар қолданылған. Көлеміне қарамастан, киімнің салмағы аз, өте иілімді және еркін қозғалуға ыңғайлы. Дизайнерлердің пайымынша, олимпиадашылар бұл форманы спортттық аренадан басқа жерлерге де кие алады. Қысқы Олимпиада ойындары 4 ақпан күні Бейжіңде басталып, 20 ақпанға дейін созылады. Қазақстан командасы спорттың сегіз түрінен бақ сынайды деп күтілуде.

Қазақстан туын кім ұстап шығады?

Шорт-тректен Қазақстан командасының көшбасшысы, әлем кубогі кезеңдерінің жеңімпазы әрі жүлдегері Абзал Әжіғалиев пен конькимен жүгіруден төрт құрлық чемпионы Екатерина Айдова Олимпиадада Қазақстан олимпиадалық құрамасының туын ұстаушылар болып бекітілді. Екатерина Айдова ең алғаш рет 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасында қатысты, кейін Сочи-2014 және Пхенчхан-2018 ойындарында ел намысын қорғады. 30 жастағы Айдова үшін Бейжің ойындары өз мансабындағы төртінші Олимпиада болмақ. Тәжірибелі спортшы – конькимен жүгіруден әлем кубогі кезеңінің, 2017 жылғы Универсиада ойындарының жүлдегері, 2021 жылғы төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы.

 «Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында еліміздің байрағын көтеріп шығатын алғашқы қазақстандық спортшы қыз екенімді мақтан тұтамын. Көптеген атлеттер үшін бұл алғашқы Олимпиада, ал кейбіреулері төртжылдық додасына бірнеше рет қатысқан. Алайда Олимпиадаға қанша рет қатыссаң да, ондағы сезім өзгермейді. Елің үшін мақтанасың және үлкен жауапкершілік барын түсінесің. Бейжіңде ел үмітін ақтау үшін бар күшімізді саламыз», – деді Екатерина Айдова.

 Абзал Әжіғалиевтің еншісінде шорт-тректен әлем кубогі кезеңдерінің барлық жүлдесі бар, 2017 жылғы Универсиада, 2011 жылғы Азия ойындарының медалі де қоржыннан табылады. Абзал 2014 және 2018 жылдардағы Олимпиадаға қатысып, Пхенчханда Қазақстанның туын көтеріп шыққан болатын. Ол мұндай құрметке екінші рет ие болып отыр.

Кімдерден үміт күтеміз?

Айта кетейік, Қытайда жалпы саны 109 медаль сарапқа салынады. 2018 жылы Пхенчханда 102 медаль болған. Олимпиаданы жалғыз Бейжің емес, оның қасындағы Яньцин және Чжянцзякоу қалалары да қабылдайды. Бейжіңде хоккей, мәнерлеп сырғанау, керлинг, шорт-трек, конькимен жүгіру спорт түрлері өтеді. Яньцинде бобслей, шана, скелетон, тау шаңғысынан жүлделер сарапқа салынады.Ал жүлденің көбі Бейжіңнен 180 шақырымдағы Чжянцзякоуда үлестіріледі: шаңғы жарысы, биатлон, қоссайыс, трамплиннен секіру, фристайл, сноуборд.Олимпиаданың ашылу салтанаты Бейжіңдегі орталық стадионда өтеді. Бұл 2008 жылы жазғы Олимпиадаға арналып салынған.

Ал Қазақстан қысқы Олимпиададан 1994 жылдан бері 8 медаль жеңіп алған. Оның төртеуі әйгілі Владимир Смирновқа тиесілі. Көкшетаулық шаңғышы 1994 жылы Лиллехаммерде 1 алтын, 2 күміс еншілеген. Одан кейін 1998 жылы Наганода бір қола медальға қол жеткізді. Сол жылы керекулік конькиші қыз Людимила Прокашова да үшінші орыннан көрінді.Өкінішке қарай 2002 жылы Солт-Лейк-Сити мен 2006 жылы Туринде жүлдесіз қалдық. Бірде-бір спортшы тұғырдан көріне алмады. 2010 жылы Ванкуверде Беларусь елінен келген легионер Елена Хрусталева биатлоннан күміс медаль әперді. 2014 жылы Сочиде марқұм Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан, 2018 жылы Юлия Галышева Пхенчханда фристайлдың могул түрінен қола жүлде жеңіп алды.Қытайдағы Олимпиадада нақты мына спортшы жүлде әкеледі деп айту қиын. Мәнерлеп сырғанау спортындағы мақтанышымыздың бірі Денис Тен өмірден өтсе, жерлесіміз Элизабет Тұрсынбаева карьерасын аяқтады. Тағы да Юлия Галышеваның жолына үмітпен қараймыз.Галышева секілді могулшылардан Павел Калмыков пен Анастасия Городко бар. Ол екеуі биыл Алматыдағы әлем чемпионатында қола медаль алған. Егер осы жетістіктерін Қытайда қайталай алса, онда Қазақстан үшін керемет жетістік болары сөзсіз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!