«Қайсардың» соңғы сәтсіздіктеріне байланысты Сыр жанкұйерлері чемпионаттағы команданың аяқалысына алаңдаулы. Қасқырлардың жаттығуына команданың бір топ жанкүйерлері қатысып, алдағы ойындарды футболшылармен бірге талқылады. Қызылордалық клубты 1968 жылдан бері қолдап келе жатқан Қоныс Әбікен Сыр жанкүйерлерінің сәлемін аяқдопшыларға жеткізді.

– Командаға да, жанкүйерлерге де оңай болып жатқан жоқ. Бір ойыннан кейін бірінші айналым аяқталады. Алдағы «Қайрат» командасына қарсы нық ойнауымыз керек. Екінші айналымда жеңістеріміз көбейіп, турнирлік кестеде жоғары орындарға талпынуымыз тиіс. Биыл «Қайсарда» жергілікті мамандар мен футболшылардың көбейгені қуантады әрине. Бірақ намысты қолдан жібермей, аймақ абыройын асқақтатуымыз керек. Біз қандай жағдайда болмасын команда жанынан табыламыз. Алматы қаласында жақсы ойнауларыңызға тілекшіміз, – деді Қоныс Әбікен.

Сапар алдында сәттілік тілеген жанкүйерлерге клуб директоры Серік Досманбетов алғысын жеткізді.

– Жанкүйерсіз футболды елестету қиын. 50 жылдан аса тарихы бар команданың қолдаушысы көп екені қуантады. «Қайсардың» жанкүйерлерінің сенімін ақтау үшін команданың футболшылары да, бапкерлері де толассыз дайындықтарын жүргізуде. Біз «Қайсар» жанкүйерлерімен әрдайым мақтанамыз! Ел бірінішілігінде алғы шепте қолдау көрсететін жанкүйерлердің белсенді тобы Қызылордада қалыптасқан. Сырт алаңда ойнасақ та қолдауларын үзген емес. Клуб ұжымы жанкүйерлердің сеніміне селкеу түсірмейді, – деді Серік Құттыбайұлы.

Айта кетейік, «Қайсар» ертең түзде «Қайратқа» қарсы ойын өткізеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!