Алматыда өткен кәсіпқой бокс кешінде қазақтың қайсар ұлы Жанқош Тұраров бірінші жартылай орта салмақ дәрежесі бойынша IBO нұсқасының чемпиондық белбеуін иеленді. Ол мексикалық Алехандро Менесесті техникалық нокаутпен тізе бүктіріп, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұған дейін аталған чемпиондық белбеу Алехандро Менесеске тиесілі болған. Мексикалық өткен жылы ұлыбританиялық былғары қолғап шебері Сэм Максвелді айқын басымдықпен ұтып, әлем чемпионы атанған болатын. 32 жастағы Мексиканың марқасқасы кәсіпқойлар арасында 21 кездесу өткізіп, 16 рет жеңіске жетті. Тоғыз қарсыласын есінен тандырды. Міне, осындай айтулы боксшы Жанқошқа есе жіберді.
Жанқош Тұраровтың жүріп өткен жолы қазақ жанкүйерлерінің көз алдында. Талай талантты жастардың томағасын сыпырған Сағатбек Мұсахановтай майталман маманның қол астында жаттығатын қандасымыздың кәсіпқойлар арасында күш сынасып жүргеніне 14 жылдан асты. Сол аралықта 26 рет жұдырықтасқан Жанқош бірде-бір рет жеңілістің кермек дәмін татқан емес. 19 қарсыласын жұлындай ұшырды. Бұған дейін Тұраров Қазақстаннан бөлек, АҚШ, Доминикан Республикасы, Эквадор және Ұлыбританияда өнер көрсетті.
Өзіне ғана тән жұдырықтасу мәнерімен көзге түсіп, жанкүйерлер жүрегін жаулап алған Жанқош осы күнге дейін де бірнеше ортаңқол нұсқалар бойынша чемпиондық белбеуді иеленді. Десек те, осы сәтті ол ұзақ күткен еді. Алматыда өткен бокс кешінде оның басымдығы бірден байқалды. Менесес бір қарағанда қопалдау және епсіздеу көрінгенімен, ашық айқасқа барудан еш қаймықпайтын нағыз қайсар жігіт екен. Бойы мен қолының ұзындығын өте жақсы пайдаланады. Жекпе-жек барысында ол «өліспей беріспеймін» дегендей сыңай танытып, Тұраровқа әжептәуір қарсылық көрсетті. Тіптен, бірнеше ауыр соққыларын да дарытты.
Қазақ боксшы бұл жерде қожайын кім екенін көрсету үшін үнемі шабуыл өтінде жүрді. Әсіресе, оның үшінші және төртінші раундтарда жұмсаған ауыр соққылары қарсыласын тәлтіректетіп тастағандай көрінді. Тек гонгтың арқасында ғана Алехандро «аман» қалды. Тоғызыншы раундтың соңында мексикалықтың көзі қанап кетті. Үзіліс кезінде дәрігерлер оған көмек көрсетіп, жекпе-жекті жалғастыруға рұқсат берді. Бірақ Менесестің бапкерлері боксшының денсаулығын ойлап, 10 раундта рингтің ортасына шығармады. Сөйтіп, техникалық нокаутпен жеңіске жеткен Жанқош Тұраров әлем чемпионы атанды.
«Алматы Аренада» өткен жарыста тағы бірнеше өте қызықты жекпе-жектерді тамашаладық. Атап айтсақ, Бекман Сойлыбаев (15-1, 6 КО) осыған дейін ешкімнен жеңілмеген филиппиндік Женел Лаусаны (12-0, 7 КО) үшінші раундта бүйірден ұрып құлатып, WBA Inter-Continental нұс-қасының алтын белбеуін иеленді. Дәурен Елеусінов (10-2-1, 9 КО) өзбекстандық Бахром Паязов (22-21, 15 КО) екінші раундта есінен тандырды. Танымал бапкер Дастан Сәдуақасовтың шәкірті Бауыржан Бейілдиновтің де өнері жергілікті жанкүйерлердің көңілінен шықты. Тең дәрежеде өтіп жатқан бәсекенің төртінші раундында ол өз қарсыласын бауырдан оңдырмай ұрып, нокаутқа жіберді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!