Венгрияның астанасы Будапештте дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Дүбірлі додаға жер-жаһанның әр қиырынан келген 600-ге тарта балуан бақ сынап, 15 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Айтулы жарыста біздің дзюдошыларға жалғыз жүлде бұйырды. Оның иесі – Ғұсман Қырғызбаев.

Елішілік жарыстарда 60 кило салмақ дәрежесінде бәсекелестік деңгейі өте жоғары. Сол мықтылар арасында Елдос Сметовтің шоқтығы биік екені еш дау туғызбаса керек. Соңғы сегіз жыл бедерінде оның алдына ешкім түсе алған жоқ. Тараздың түлегі Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем және құрлық чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы атанып, басқа да толағай табыстарға қол жеткізді. Бірақ бұл жолы ұлттық құрама бапкерлері Елдостың Токиоға еш алаңсыз даярланғаны жөн деген шешімге келіп, Будапешттегі бәсекеге Ғұсман Қырғызбаев пен Мағжан Шамшадинді аттандырды.

Біраз жылдан бері Сметовтің көлеңкесінде жүрген дзюдошылардың екеуі де Мажарстанның астанасында өзін жақсы қырынан көрсетті. Әсіресе Қырғызбаевтың шеберлігіне тәнті болдық. Бұған дейін талай байрақты бәсекеде олжа салған ол әлем чемпионатында бірде-бір рет жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ еді. Ғұсманның ең үздік көрсеткіші – бесінші орын. 2019 жылы Токиода ұйымдастырылған додада Ермек Нәсиевтің шәкірті қола медаль үшін таласып, өзінің командалық әріптесі әрі сыралғы қарсыласы Елдос Сметовке есе жібергені есімізде. Сол біріншілікті Қырғызбаев бесінші орынмен қорытындылады.

Бұл жолы 28 жастағы Қырғызбаев өзіне берілген мүмкіндікті ұтымды пайдаланды. Бастапқы бәсекелерде чехиялық Давид Пулкрабек, германиялық Мориц Плафки және моңғолиялық Унуболд Лхкагважамтсты жеңіп, жартылай финалда Еуропа чемпионы деген дардай атағы бар Францияның сақа спортшысы Валид Хиярмен күресті. Ол да қайсар қазақтың қарқынына шыдас бере алмады. Финалда Ғұсман ресейлік Яго Абуладзеден ұтылып, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Әзірге бұл – Ғұсманның спорттық мансабындағы ең зор табысы.

Жеңіс тұғырына сынық сүйем қалғанда сүрінген Мағжан Шамшадин мен Елдос Жұмахановқа да өкпе айта алмаймыз. Олардың да өнері көпшіліктің көңілінен шықты. Кезінде жастар арасында әлем чемпионы атанған Шамшадин көпке дейін ересектер дуында өзін мойындата алмай жүрген еді. Елішілік жарыстарда тәуір күрескенімен, халықаралық додаларда бірде-бір рет даралана алмады. Ал бұл жолы біз мүлде басқа Мағжанды көрдік. 24 жастағы Сыр бойының сайыпқыраны жартылай финалға дейін қарсылас шыдатпады. Әуелі Украинаның әккі балуаны Артем Лесюктің аяғын көктен келтірді. Іле-шала Бельгияның беткеұстары, Еуропа ойындары мен құрлық біріншілігінің қола жүлдегері Йорре Ферстрэтен мен Испанияның марқасқасы, әлем чемпионаты мен құрлықтық ойындардың жүлдегері, Еуропа біріншілігінің жеңімпазы Франсиско Гарригосты жолынан ығыстырды. Бірақ одан әріге Мағжанның әлі жетпеді. Жартылай финалда Еуропа чемпионатында екі рет үздіктер санатынан көрінген Яго Абуладзеге ұтылып, қола медаль үшін сайыста әлем және құрлық біріншіліктерінде жеңіс тұғырына көтерілген әзербайжандық Харамат Гусейновке жол берді. Сөйтіп Мағжан Шамшадин бесінші орында қалып қойды.

66 кило салмақта өнер көрсеткен Елдос Жұмаханов та дәл сол межеден көрінді. Ол да – талай дүрмекті көрген әккі балуан. Сол себепті де 30 жастағы дзюдошыға артылар жүктің салмағы ауыр еді. Мажарстандағы жарыстың тұсаукесер кездесуінде 2018 жылғы Еуропа чемпионы словениялық Андреа Гамбочты жолынын ығыстырған Жұмаханов келесі айналымдарда аустралиялық Натан Катц және моңғолиялық Херлен Гандболдтан басым түсті. Бастапқы кезеңдердегі белдесулердің барлығының да шиеленісті өткені соншалық, бұл бәсекелерде жеңімпазды анықтау үшін қосымша уақыт қажет болды. Бұл сынақтан Елдос мүдірмей өтті. Ширек финалда Беларусь өкілі Дмитрий Минковтан мерейі үстем болған қазақ дзюдошысы жартылай финалда әлемдік рейтингтің көшбасшысы, биыл Лиссабонда Еуропа чемпионы атанған италиялық Мануэль Ломбардомен айқасты. Бәсеке барысында қандасымыз аяғын қайырып алды. Соған қарамастан ол соңғы секундтарға дейін аянбай айқасты. Десек те жеңіс Апеннин түбегі түлегінің уысында кетті. Содан кейін қазақ балуаны қола медаль үшін таласуға тиіс еді. Қарсыласы – Моңғолияның мықтысы Бакхуу Йондонперенелей. Алайда алдағы айқаста алған ауыр жарақаты Жұмахановтың татамиге шығуына мүмкіндік бермеді. Соның салдарынан бесінші орынды қанағат тұтуына тура келді.

Қазақстанның әйелдер құрамасынан тек қана 29 жастағы Отгонцэцэг Галбадрахқа сенім артқанымызды несіне жасырайық. Олай деуге бірнеше негіз бар. Біріншіден, Отгонцэцэгтің Олимпиада, әлем чемпионаттары және Азия ойындарының жүлдегері, Азия чемпионы деген дардай атақтары бар. Екіншіден, үздіктер рейтингінде олжалаған орны оған Токио Олимпиадасында бақ сынауға мүмкіндік беріп отыр. Үшіншіден, бүгінгі таңда Галбадрах аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі ең белді балуандардың бірі. Сол себепті де осыдан алты жыл бұрын Моңғолиядан Қазақстанға қоныс аударған спортшы Будапешттен олжалы оралады деп үміттендік.

Иә, Отгонцэцэг Будапешттегі жарысты өте жақсы бастағаны рас. Алғашқы айналымдарда мажарстандық Лука Мамира мен маврикилік Присцилла Морандты тырп еткізген жоқ. Үшінші кезеңде өзінің бұрынғы отандасы Уранцэцэг Мұңхбатынмен кездесті. Кезінде 48 кило салмақ дәрежесі бойынша Моңғолияның бас балуаны атану үшін екеуі әбден «қырқысқанын» жанкүйерлер жақсы біледі. Сол кезде ұлттық команда бапкерлерінің таңдауы тәжірибелі Мұңхбатынға түсті. Соған күйінген Галбадрах Қазақстанға қоныс аударды. Кейіннен түрлі жарыстарда екеуінің жолы жиі түйісті. Бірде Уранцэцэгтің бағы жанса, енді бірде Отгоцэцэгтің мерейі үстем болды. Осылайша, екеуі итжығыс түсіп жүрді. Ал Мажарстанның астанасында Моңғолиядан келген балуанның мысы басым болды.

Татамиге шыққан өзге қыздарымыздан да қайыр болмады. Әбиба Әбужақынова (48 кило), Нұрсұлу Ералиева (52 кило), Севара Нышанбаева (57 кило), Зере Бектасова мен Мөлдір Нарынова (70 кило) және Назгүл Маратова мен Кәмила Берліқаш (+78 кило) сынды бұрымдыларымыздың барлығы да алғашқы айналымдардан аса алмады. Иә, оларға өкпе айту орынсыз. Өйткені, қазіргі кездегі Қазақстанда әйелдер дзюдосының деңгейі осы. Бізде өсу, ілгерілеу байқалмайды. Ал өзге елдерде бәрі керісінше, спорттың бұл түрі уақыт озған сайын қарыштап дамып барады…

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!