Төрт жылда бір келетін байрақты бәсекенің бірі – жазғы Олимпиада ойындары. Тарихқа үңілсек, бәсі биік бәсеке  Зевс құдайдың құрметіне б.з.д. 776 жылдан бастап төрт жылда бір рет Олимпия қаласында өткізілген. Кейін б.з.д 394 жылы Византия императоры Федосий І-нің бұйрығы бойынша тоқтатылды. Бұл ойындарда әскери дайындық, дене шынықтыру өнерін көрсету байқаулары, дәстүрге айналған ақындар мен шешендер айтысы, әр түрлі өнер көрмелері аламанның негізгі шартына айналған. Қызығы сол Олимпиада ойындары кезінде соғыстар тоқтатылып, тыныштық орнайтын дәстүр қалыптасқан. Осы кезде бір айдан үш айға дейін бүкіл Эллада жерінде қару жұмсауға, тіпті ойынды тамашалаушыларға қару-жарақпен келуге тыйым салынған. Ол кезде Олимпиада ойындары бес күн өткізілген, бағдарламасына жүгіру, күрес, ат жарысы, қоссайыс, бессайыс сияқты спорт түрлері кірген. Жеңімпаздарға зәйтүн ағашының жапырағынан өрілген алқа кигізіліп, құрмет көрсетілген. 19 ғасырдың орта кезінде Грекияда Олимпиада ойындарын қайта жандандыру мақсатында біраз әрекеттер жасалады. Сөйтіп, 1859, 1870, 1875 және 1889 жылдары Афинада грек спортшыларының қатысуымен секіру, жүгіру, диск, найза лақтыру, гимнастика сияқты спорт түрлерінен жарыстар өтті. Олимпиада ойындары бүкіл Грекияны біріктіретін, жалпыұлттық оқиғаға айналды. Біраз уақыттан кейін гректерге Олимпиада ойындарының бірыңғай күнтізбесін бекіту идеясы келді. Осылайша үлкен мәртебеге ие болған төртжылдық бәсекенің жүлдесі қай спортшыға болмасын құнды. Биыл Олимп ойындары тарихта тұңғыш рет бес жылдан кейін өтеді. Себеп – әлемді әбігерге салған пандемия. Олимпиада комитетінің төрағасы Томас Бах Сиыр жылында дүбірлі доданың өтуіне кедергі болмайтынын жеткізді. Сонымен әлем көз тігетін додаға Қазақастан құрамасы қаншалықты дайын, спортшылардың қарқыны қандай, ел қоржыны қанша жүлдемен толығуы мүмкін? Бүгінгі сараптамада тарқатып көреміз.

23-інші шілдеде жалауы желбірейтін Токио Олимпиадасына Қазақстан құрамасы 45 жолдамаға ие болды. Бұл көрсеткіш өзге Олимпиадалараға қарағанда едәуір төмен. Бірақ Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми өкілі Жігер Әзберген жолдама саны әліде артатынын алға тартады.

– Қазақстан құрамасы Жапонияда өтетін жазғы Олимпиада ойындарына жаппай дайындық жұмыстарын бастады. Әзірге 45 жолдама еншімізде бар. Мұның  саны алдағы уақытта ұлғаяды деп жоспарлаудамыз. Өтйкені лицензиялық жарыстар сәуір мен мамыр айларында өтеді. Мысалы, Алматы қаласында еркін күрестен Азия біріншілігінің жалауы желбірейді. Сонда білікті балуандарымыз жолдама алуы тиіс. Сонымен қатар соңғы екі жылда өнер көрсеткен спортшылардың ұпайы есептеліп, рейтинг түзіледі. Яғни бұл – дзюдо спортына қатысты дерек. Үздік 20 спортшының қатарына енген татами шеберлері Токиоға баруға мүмкіндік алады. Пандемияға байланысты былтыр өтуі тиіс жарыстар биылға ысырылды. Тіпті кейбір спорт түрлерінен ұйымдастырылуы тиіс аламандар өтпейтін болды. Оның бірі қыздар боксы. Қандай нәтиже бар, сол бойынша боксшылар Токиоға баратын болды. Амал жоқ, 5 жолдаманың тек біреуін ғана еншіледік. Жалпы ел спортшыларына мәдениет және спорт минстрлігі және Ұлттық Олимпиада комитеті тарапынан қолдау көрсетілуде. Барлық спортшылардың жаттығуы мен дайындығында ешқандай кедергі жоқ. Көрсеткіш жақсы болуы тиіс.

Белгілі спорт комментаторы Ермек Төрениязов ел спортшыларының қазіргі деңгейіне қарап, Жапонияда жоғары табысқа жету екіталай дейді.

ЖАПОНИЯ БІЗДІ ЖАРЫЛҚАЙ МА?
Ермек Төрениязов

– Биылғы Олимпиада спортшылармен қатар жанкүйерлерге де қиындау болып тұр. Өйткені Жапонияға сырт елден жанкүйерлер кіргізілмейді. Сол себепті аренада жапон жанкүйерлері ғана аламанды тікелей тамашалай алады.  Жалпы әлемнің барлық споршылары тең дәрежеде. Біріншіден, Олимпиадаға 3-4 айдың дайындығымен бара алмайсың. Жылдар бойы еткен еңбектің нәтижесімен төртжылдықтың басты додасында бақ сынауың мүмкін. Спортшылар 100 пайыз дайындықпен барады деп айту қиын. Барлығының дәрежесі тең. Олай дейтінім барлығы бірдей жарыстарға қатысты, дайындық жүргізді. Жігері, намысы оянғандар алға шығады, бағы жанбағандар бос қайтады. Ел споршыларына тоқталсақ. Биылғы Олимпиаданың жолдамасы басқасына қарағанда аздау болатын секілді. Оны спорт басшылары да жиында айтып жүр. Сондықтан жүлделер саны да бұрынғыдай көп болады деп айта алмаймыз. Әрине, бұл жағдайға себеп көп. Көшбасшы спортшыларымыздың жасы ұлғайып, карьерасын аяқтады. Ізін басып келе жатқан жастардың деңгейі жүлде алатындай емес. Үміт артатын спорт түрлері арасынан ең алдымен боксқа сенеміз.  Бірақ бокстың өзге елдеде дамуын жоғары бағалауымызға болады. Алысқа бармай ақ өзбек спортышылары әңгімемізге бірден-бір дәлел. Оның үстіне бокста «былық» көп. Сол себепті біздің боксшылар керемет өнер көрсетті дегеннің өзінде 2 алтын алуы ықтимал. Одан кейін күрес түрлері. Марқұм Жақсылық Үшкемпіровтен кейін Олимпиада шыңын бағындарған балуандарымыз жоқ. 1980 жылы Мәскеу және 1996 жылы Атланта Олимпиадасынан кейін қазақ балуандары үшін еркін және греко рим күресінен алтын жүлде бұйырмай жүр. Осы жолы бәлкім бірнеше жүлде алуымыз мүмкін. Қазақ балуандары бабында болғанын Нұр-Сұлтан қаласындағы әлем чемпионатынан байқадық. Жолдама алған жігіттердің деңгейі де жаман емес. Еркін күрестен алтын бұйырып қалады деп топшылауға болады. Дзюдодан жалғыз үміт артар саңлағымыз Елдос Сметов пен Отгонцецэг Галбадрах. Олимпиадада ең көп жүлде сарапқа салатын жеңіл атлетика мен су спорты. Бірақ аталған спорт түрлерін әлі күнге дейін дамыта алмай келеміз. Жеңіл атлетикадан сол баяғы Ольга Рыпакова. Қартайсада бапкерлер құрамадан жібергісі келмейді. Өйткені Ольганың орнын басар спортшы жоқ. Жүлде алатын жалғыз саңлағымыз Рыпакова десек артық айтқандық емес. Су спортынан Дмитрий Баландин жұлде салуы бек мүмкін. Дмитрийдың Риода бағы жанғаны белгілі. Бірақ сол жетістік Токиода қайталануы екіталай. Таэквандо, Олимпиадаға жаңа қосылған Каратэден жүлде күту қисынға келмейтін секілді. Өйткені ол спорт түрі елімізде даму жағынан кенже қалған. Лондон мен Рио Олимпиадасында ауыр атлеттеріміз ерлеген еді. Бұл жолы Қазақстанға екі ғана жолдама берілді. Қай спортшы барсада жүлдесіз қайтпайды. Қыздардан Зулфия Чиншанло баруы тиіс. Өз салмағында көшбасшылардың қатарынан орын алары сөзсіз. Алтын алмасада, күміспен күптелетініне сенуге болады. Ерлерден мықтылар көп. Бәлкім Ибрагим Берсанов, бәлкім Игорь Сон баруы ықтимал. Қос атлеттің де өз салмағындағы нәтижесі көңіл қуантатындай. Велоспортта өрлеу байқалады. Александр Винокуровтың ізбасарларының дайындығы жаман емес. Алексей Луценкодан жүлде күтеміз. Алексей бұрын соңды Олимпиадаға қатысып, айтулы аламанның атмосферасын көрген спортшы. Сондықтан тәжірибесі мол шабандозға сәттілік тілеймін. Тректегі вело жарыстан да жолдама жеткілікті. Бұл сында үміт артар саңлағымыз Артем Захаров.

Тізгін ұстаған Токиоға Қызылорда облысына екі спортшы аттануға жақын. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Шоңғалова өңірден қатысатын қос спортшының жүлде аларына сенеді.

ЖАПОНИЯ БІЗДІ ЖАРЫЛҚАЙ МА?
Лаура Шоңғалова

– Әзірге аймақтан Қамшыбек Қоңқабаев пен Дәулет Ниязбеков Токиода ел намысын қорғайды. Мұның саны әліде ұлғаюы мүмкін. Жолдама үшін жарыстар аяқталған жоқ. Қызылорда облысы Бейжің Олимпиадасынан бері ел қоржынына жүлде салып жүр. Қамшыбек пен Дәулеттің қарымын спорт сүйер қауым жақсы біледі. Қос спортшының да жүлде алуға мүмкіндігі мол. Әлемдік рейтингте Ниязбеков пен Қоңқабаев та үздік көрсеткішке ие. Жуырда Германияның Кельн қаласында Қамшыбек халықаралық жарыста топ жарды. Шаршы алаңда шебер қимылымен жерлесіміз көптің көңілінен шықты. Одан бөлек кәсіпқой бокста табысты өнер көрсетіп келеді. Былғары қолғап шебері қазір бабында деп толық кесіп айтуға болады. Қамшыбекті алтын жүлдеден үмітті спортшылардың бірі деп білемін. Ал, Дәулет Ниязбеков тәжірибесі толысқан балуан. 8 дүркін ел чемпионы, 3 дүркін Азия біріншілігінің жеңімпазы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Осындай даңқты балуанның жүлде саларына сенімдімін. Айта кетейін, Олимпиада ойындары аяқталысымен паралимпиада басталады. Маңыздылығы жөнінен  дәрежесі жоғары паралимпиадаға жеңіл атлетикадан Ислам Салимов, дзюдодан Азамат Тұрымбетов пен Олжас Оразалыұлы қатысуға мүмкіндігі мол. Аталған спортшылар сәуір мен мамыр айында өтетін халықаралық жарыстарда жүлдегер атанса, Токиоға аттанады.

Еркін күрестен Олимпиадада ел намысын қорғайтын Дәулет Ниязбеков қызу дайындық үстінде көрінеді. Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жүрген балуаннан Токиоға қаншалықты дайын екенін сұрадық.

– Кім болмасын Олимпиадаға барып, ел намысын қорғауды армандайды. Сол арманның жетегімен Жапонияға жолдама алдық. Қазір бапкерлерімен бірге Шымкент қаласында соңғы дайындықты пысықтап жатырмын. Көбіне дайындықты ұлттық құрамамен бірге өткіземін. Жылына төрт-бес рет шет елге шығып дайындалып келеміз. Арасында турнирлерге барамыз. Жалпы жаттығуыма көңілім толады. Бірақ шет елге барып, сол жақты тұрақты жаттығу өткізгім келмейді. Өз отанымда, үймінің қасында болғанды жаным қалайды. Бапкерлерім де білікті. Одан артық маған не керек? Басты мақсатым – осы уақыт аралығында қатысқан аламандардағы қателіктермен жұмыс істеу. Олимпиада ойындары секілді ірі дода алдында осындай кемшіліктермен жұмыс істеп, кейін соны қайталамау үшін бар күшімізді саламы Сәуір айының16-17 аралығында Алматыда Азия чемпионаты өтеді. Сонда қатысуды жоспарлап отырмын. Аламанға Азиядағы басты қарсыластарымның бәрі жиналады. Олимпиадада күресетін балуандардың бәрі Алматы бозкілемінде белдесуге келеді деп ойлаймын. Мәселен, жапониялық балуан Такуто Отогура, бір кездері есемді жіберген үндістандық Пуния Баждранг та келуі мүмкін. Олимпиадаға дейін тағы күресіп, өзімді тексеріп алуым керек қой. Себебі аталған спортшылар, тағы да әзірбайжандық Гаджи Алиев, Куба мен АҚШ балуандары менің негізгі қарсыластарым болмақ. 65 келі салмақта әлем бойынша өте көп. Оңай болмасы анық. Құрама сапында жас бойынша ең үлкенімін. Соған қарамастан қарсыластарымнан екі есе көп еңбектенгенді ұнатамын. Бәсекелестеріме қараймын да, оларды ұту үшін, олардан екі есе көп жұмыс істеу керегін түсінемін. Олимпиаданың жүлдесін алу үшін тер төгудемін.

Атланта Олимпиадасынан бері ел спортшыларына жанкүйер болып жүрген Жалғас Садықбаев құрама саңлақтары Токиода табысты өнер көрсететіне сенеді.

ЖАПОНИЯ БІЗДІ ЖАРЫЛҚАЙ МА?
Жалғас Садықбаев

– 1996 жылы еліміз ресми жазғы Олимпиада ойындарына қатысып келеді. Жапонияға дейін 6 рет төртжылдық бәсекенің куәсі болдық. Қоржынымыз алтынсыз қайтпады. Сол үрдіс биыл да үзілмейтініне сенімдімін. Әрине, жолдама саны көп деп айта алмаймыз. Бірақ саны аз болса да сапалы спортшыларымыз ел намысын қорғауға аттанбақ. Жалпы Қазақстан құрамасы кем дегенде 2 алтын, 4 күміс, 5 қола жүлде алуға қауқары жетеді. Бокстан Ғалымбек Кенжебаев жаттықтыратын Қазақстан ерлер құрамасы Токио Олимпиадасына толық құрамда қатысады. 8 боксшымыз кемінде 4 жүлде салуы тиіс. Абылайхан Жүсіпов, Бекзат Нұрдаулетов, Василий Левит, Қамшыбек Қоңқабаевтар алтын үшін талас жүргізері анық. Бастысы, Куба, Ресей, Өзбекстан боксшыларынан мерейі үстем болса, алтын қоржында деп бағамдай беруге болады. Қамшыбекте жалғыз қарсылас Баһадүр Жалолов. Баһадүрді жеңетін болса, Қамшыбектың арманы орындалатыны анық. Ауыр атлетикада 2-ақ жолдама бар. Түрлі айыптаулар тағылғаннан кейін 2 жолдамаға түсіністікпен қарағанымыз жөн. Елімізде мықты зілтеміршілер көп болғандықтан  Жапонияға кім баратыны белгісіз болып тұр. Дзюдодан Елдос Сметовке сенім артамын. Әлемдік рейтингтке 2-інші орында тұрған балуанымыз Токиода аянып қалмасы анық. Рио Олимпиадасының күмісін алтынға айырбастайды деген ойдамын. Жүзуден Дмитрий Баландин,  сондай-ақ Дәулет Ниязбеков кем дегенде қола жүлде алуға қауқары жетеді. Әбутәліп Амановтан тәлім алатын бозкілем шеберінің бабын жоғары бағалауға болады,

Қазақ боксы әлемде үлкен державаға айналғаны белігілі. Атлантадан бері алтын олжалап келе жатқан былғары қолғап шеберлерінен үмітіміз мол. Ел спорты тарихында тұңғыш рет үш Олимпиадаға қатысқан жалғыз спортшымыз Біржан Жақыпов қазақ боксшыларының әлеуетін бағамдап берді.

ЖАПОНИЯ БІЗДІ ЖАРЫЛҚАЙ МА?
Біржан Жақыпов

– Құдайға шүкір, жігіттер жаман емес. Қай жарысқа барсада жүлдесіз қайтпайды. Жанкүйерлердің де басты үміті боксышалар. Сондықтан жауапкершілікті біздің боксшылар жақсы түсінеді деп ойлаймын.  Құрамада тәжірибелі боксшылар көп. Атап айтар болсам, Қамшыбек Қоңқабаев, Василий Левит, әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов, Закир Сайфуллин бар. Тәжірибе жинақтап келе жатқан жастар да аз емес. 69 келі де Абылайхан Жүсіпов, 75 келідегі Әбілхан Аманқұлов, 52 келідегі Сәкен Байбосынов секілді боксшыларымыз жоғары нәтиже көрсетуге дайын деп ойлаймын. Бастысы, төрешілер тарапынан қысым болмаса барлығы жақсы болады. Жалпы қазір өзбек боксшыларының жоғары деңгейге көтерілу себебін сұрайды. Себептері көп қой. Балалардың дайындығына да байланысты. Одан бөлек оларға жоғары жақтан қолдау болады деп ойлаймын. Төрешілер тарапынан оларға қысым көрсетілмейді. Бір бүйрегі өзбек ағайындыларға бұрып тұратынын көп жағдайда байқап келемін.

Олимпиада ойындары жақындаған сайын түсініксіз жайттар орын алатыны белгілі. Мысалы, жолдама алған спортшының орнына өзге саңлақтың аламанға аттануы күдік ұялататыны сөзсіз. Республикалық БАҚ беттеріне жарияланған Назым Қызайбайдың сұхбаты мұндай жағдайға бірден бір дәлел. Дегенмен белгілі спорт шолушысы Бек Төлеу бұрымды боксшының көтерген мәселесін орынсыз деп санайды.

ЖАПОНИЯ БІЗДІ ЖАРЫЛҚАЙ МА?
Бек Төлеу

– Назым Қызайбайдың сұхбатын толық оқып шықтым. Әңгімесінде Ангелина Лукасты сүйреп, Олимпиадаға Ангелинаны жібермек ниетте депті. Бізде бірыңғай бір жақты пікірге сүйеніп, сол спортшының мерейін асырып, барлығы Назымды жақтап, Лукасты даттап кетті. Ангелинаның да пікірін тыңдаған жөн. Оныңда сұхбатын көрдік. Алдымен мынаны түсініп алайық. Назым барлық жетістігін 48 келіде жеңіп алды. Олимпиада бағдарламасында 48 келі болмағандықтан 51 келіге ауысты. Бокс федерациясы немесе бапкерлер қосыны болсын Қызайбайға үлкен сенім артып, қолдау көрсетті. Бірақ қолдау болсада Қызайбай 51 келіде Әлем чемпионаты былай тұрсын Азия біріншілігіндеде нәтиже көрсетпеді. Әлемдік рейтингке көз тастасақ Назым 40 орнынан бір-ақ шыққан. Сондықтан қатысқан барлық жарыстарынан жүлдесіз қайтқанын біреуден емес өзінен көргені дұрыс секілді. Жалпы елде спортшыларға байланысты былықтың бар екенін жасыруға болмайды. Мысалы, 2008 де күрес түрлерінен сырттан спортшылар алдырып, соларға сенім білдіргеніміз бар. Соның салдарынан қаншама жергілікті жастар спорттан қол үзді. Мысалы, бір ғана Таймураз Тигиев. Тигиевты алдырып, азаматтық алу үшін қомақты қаржы құйып, Олимпиадаға апарды. 2008 де күміспен күптеліп, күрестің мәртебсін көтергендей болды. Бірақ 2012 жылы Лондон Олимпиадасында Таймураз алғашқы белдесуінен ақ жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды. Сол кезде жергілікті спортшыға сенім артқан кезде жағдай басқаша өрбуі мүмкін бе еді. Қызықтың көкесі алда болды. Әлгі Тигиевтың қанынан допинг табылып, 2008 жылы алған жүлдесін тартып алды. Қаншама қаражат желге ұшты. Сондықтан жергілікті спортшыларға мүмкіндік берген дұрыс секілді. Жалпы қазір Олимпиададан олжалы келсек те қорқатын болдық. Араға бірнеше жыл салып, дау дамайға ілігіп кетсе жүлдеден әпсәтте айырылып қаламыз. Сол себепті әділдікті алға тартуымыз керек. Ең бастысы, инфрақұрылымды дамытып, кадрлар мәселесін шешуіміз тиіс.

Небәрі үш айдан кейін басталатын Токио Олимпиадасында ел спортшылары бақ сынайды. Күн шығыс елінде өтетін дүбірлі додаға жолдама саны аз болса да жеңімпаз көп боларына сенеміз. Бастысы, қырық жолдама қыдыру үшін берілмегін саңлақтарымыз сезінсе екен дейміз. Әмәнда жеңісті күнде жолығайық!

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!