Токио Олимпиадасының басталуына да небәрі жарты жыл уақыт  қалды. Дәл қазіргі жағдай бойынша Қазақстан қоржынында Токио Олимпиадасының 42 жолдамасы бар. Дегенмен әлі де өз иесін таппаған бірқатар Олимпиада лицензиясы да бар. Былтырғы ғаламдық пандемияға байланысты Токио Олимпиадасына іріктеу турнирлерінің жарыс кестесіне біраз өзгеріс енгені баршаға белгілі. Жуырда Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті жерлестеріміз жолдама үшін сынға түсетін бірқатар жарыс тізімін жариялады.

Бокстан  Қазақстан әйелдер командасы қазір мүмкін болған бес жолдаманың тек біреуін ғана алды. Қалған төрт лицензияның тағдыры маусым айында өтетін Париждегі турнирде шешілмек. Бас бапкер Ерік Алғабектің айтуынша, Олимпиада салмағындағы бұрымды бес боксшы Мажарстанда өтетін халықаралық турнирде бақ сынамақ. «Кейін Түркияда төрт мемлекеттің қатысуымен бірлескен жаттығу жиынына қатысу жоспарда бар. Ал 5 маусымда Парижде әлемдік іріктеу турнирі басталады. Сол бәсекеге 51, 57, 60 және 69 кило салмақтағы боксшыларды апарамыз. Әзірге іріктеу сынына нақты кімдердің баратыны анықталған жоқ. Әлі уақыт бар, бапкерлермен ақылдаса келе шешеміз», дейді Ерік Алғабек.

Таэквондодан Токио Олимпиадасының жолдамасы Халықаралық федерацияның (World Taekwondo) арнайы рейтингі бойынша үлестіріледі. Яғни ерлер мен әйелдер арасындағы Олимпиадалық салмақ бойынша әлемдік рейтингте үздік алтылыққа енген спортшылар тікелей лицензияға иелік етеді. Өкінішке қарай Қазақстан командасы мүшелері рейтингте алтылық қатарынан көріне алмағандықтан, енді олар Иорданияда өтетін қосымша Азия аймақтық іріктеу турнирінде лицензияға таласып көреді. Таэквондодан Қазақстан командасы төрт салмақта жолдамаға таласады. Әйелдер арасында Фариза Алдоңғарова (49 кг), Жансель Дениз (+67 кг), ерлер арасында Қайрат Сарымсақов (68 кг) және Руслан Жапаров (+80 кг) сынға түседі деп жоспарлануда.

Күрес түрлерінен Азия аймақтық іріктеу турнирі 9-11 сәуір күндері Алматыда, ал әлемдік лицензиялық жарыс 6-9 мамыр күндері Болгарияның София қаласында ұйымдастырылады. Бүгінде алты салмақтың төртеуінде жолдама алған еркін күрес шеберлері қалған екі салмақтағы олқылықты толтыруға ниетті. «Қазақстан құрамасының алға қойған мақсаты – жолдаманы түгендеу. Сәуір айында Алматы қаласында құрлықтық іріктеу турнирі мен Азия чемпионаты өтеді. Қазіргі таңда бізде еркін күрестен Олимпия ойындарына төрт жолдама бар. Енді қалған екі салмақ дәрежесінде, атап айтар болсақ, 86 және 125 килоға дейінгі салмақта жолдаманы еншілесек, Олимпиадаға ұпайымыз түгелденеді. Соңғы мүмкіндікті қолдан жібермес үшін барымызды салып, дайындаламыз», дейді бас бапкер Әсет Серікбаев.

Халықаралық семсерлесу федерациясы (FIE) ұзақ үзілістен соң Олимпия ойындарына іріктеу турнирін бастамақ. Атап айтар болсақ, әлемдік ұйым жекелеген қару түрлері бойынша лицензиялық жарыстардың қайда өтетінін мәлімдеді. Бас бапкер Алексей Писцовтың пікірінше, қазақстандық шпагашылардың лицензияға ілігетін мүмкіндігі жоғары. «Шпагамен семсерлесуден лицензиялық Әлем кубогы кезеңін Ресейдің Қазан қаласы қабылдайды. Ерлер мен әйелдер арасындағы аталған сын 19-23 наурызға жоспарланған. Ал сәуір айының ортасында Азия аймақтық Олимпиадаға іріктеу турнирі өтеді. Бірақ бұл бәсекенің нақты қай елде ұйымдастырылатыны әлі анықталған жоқ. Саблядан ерлер мен әйелдер арасындағы Гран-при турнирі 10-14 наурыз аралығында ұйымдастырылады. Шпагадан команда үздіктерінің бірі Руслан Курбановтың Токио ойындарына қатысу мүмкіндігін 95 пайызға бағалаймын. Соңғы турнирде жақсы өнер көрсетсе, лицензия қоржынға түседі. Одан бөлек, 14-15 сәуірде Оңтүстік Кореяда өтеді деп жоспарланған Азия аймақтық іріктеу турнирінде сабляшы қыздар мен шпагадан Ульяна Балаганскаяның жолдама алатын мүмкіндігі бар», дейді Писцов.

Нысана көздеуден Қазақстан құрамасы жаңа маусымда бірнеше турнирге қатысуды көздеп отыр. Ал жылдың ең алғашқы жарысы – командалық есептегі ел чемпионаты. «Жоспар әдеттегіден аса қатты өзгерген жоқ. Алдымен командалық есептегі Қазақстан біріншілігін өткіземіз. Содан соң біздің спортшыларды Әлем кубогы күтіп тұр. Үндістандағы Әлем кубогы кезеңінде рейтингке сәйкес тағы да лицензиялар ойнатылады. Сондай-ақ Оңтүстік Кореяда өтетін Әлем кубогы кезеңіне шақырту алдық. Әрі қарай Токиода өтетін бақылау жарысы бар. Аталған сынға тек қана жолдама алған спортшылар қатыса алады. Жаңа маусым өте қарқынды әрі жемісті өткелі тұр. Әлем кубогының тағы бір кезеңі Олимпиада қарсаңында ұйымдастырылады. Бұл турнирдің барлығы да Халықаралық федерацияның күнтізбесінде тұр. Ендеше, бәрі сәтімен өтеді деген сенімдеміз», дейді команда бас бапкері Ольга Довгун.

Стенд атудан Қазақстан командасы алғашқы оқу-жаттығу жиынын Түркияның Конья қаласында өткізіп, Марокконың Касабланка қаласына аттанды. «Бұл мемлекетте 9-27 ақпан аралығында дайындалып, кейін лицензиялық Әлем кубогына қатысу үшін Мысырға сапар шегеміз. Каирдегі Әлем кубогы кезеңі ақпанның 26-сы мен наурыздың 6-сы аралығында өтеді. Әлем кубогының лицензия тарататын соңғы кезеңі Үндістанның Нью-Дели қаласында ұйымдастырылады. Әрине, біздің команда спортшыларының Олимпиадаға жолдама алатын мүмкіндігі бар. Бірнеше спортшыдан үміт күтіп отырмыз», дейді бас бапкер Сергей Колос.

Айта кетейік, стенд атудан Қазақстан командасының мүшесі Әсем Орынбай жолдамадан үмітті спортшылар қатарында. Ол қаңтардың аяғында өткен онлайн Азия чемпион­а­тында топ жарды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!