Таяуда Францияның Нормандия қаласында дүниежүзілік гимназия ойындары өтіп, Сыр спортшылары ел мерейін асқақтатты. 70 елден 4000-нан аса спортшы бақ сынаған байрақты бәсекеде дзюдошы Самал Мәлікқызы да сайысқа түсіп, қоржынға қола жүлдені салды. «Кәрі құрлықтан» Қызылордаға жеткен жеңімпаз жарыстың деңгейімен бөлісті.
– Самал, Франциядағы жүлдеңіз құтты болсын! Қола жүлде оңай келмеген болар…
– Иә, Франциядағы жарыс қызық болды. Жарыс басталмас бұрын дәстүрге сәйкес жеребесі өтті. Жеребенің нәтижесіне орай сегіздікке ендім. Сегіздікке ену дегеніміз – алғашқы белдесуде есе жіберген дзюдошының жұбаныш кездесуге қатысып, қола жүлдеге талас жүргізе алатынын білдіреді. Бірақ мен мұны естен шығарып, алтын үшін келгенімді байқатқым келді. Бірақ бұл ой жүзеге аспай қалды. Жарыстың алғашқы белдесуінде алаң қожайындарымен күш сынасуға тура келді. Бірінші белдесу болған соң аздап абдырап қалғанымды жасырмаймын. Оның үстіне Францияға жарақатпен келдім. Алматы қаласындағы оқу-жаттығу жиындарының бірінде тобығымды ауыртып алдым. Тобық – біздің спортта маңызды рөл атқарады. Өйткені әдіс тәсілде аяқпен көп жұмыс істейміз. Францияға түсе салысымен бейжай қараған тобығым ісіп, жүруге мұрша бермеді. Ел сенім артқан соң үкілеген үмітті ақтауыма тура келді. Татамидегі тұңғыш белдесу өкінішке қарай жеңіліспен аяқталды. Қола жүлде үшін мүмкіндігім болғанымен, көңіл күйім құлазыды. Бапкерім Рамазан Мұстафаев қолдау сөзін арнап, жарысқа қайта желпіндірді. Осылайша қайта күш жинап, жұбаныш белдесуінде түрік қызын, қола жүлде үшін таласта Испания өкілін ұтып, жүлдегерлер қатарынан көріндім.
– Жеке бапкерініңіз Рамазан Мұстафаев нәтижеге көңілі толмаған секілді…
– Енді әр бапкер шәкірттің шамасын біледі. Менің алтын алуыма физикалық тұрғыдан мүмкіндігім мол болды. Өйткені жыл басынан бері татамиден алшақтаған жоқпыз. Әлемдік жарыстардың түр-түрінде бақ сынап, жүлдеге іліктік. Францияның алдында Алматы қаласында 2 оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Тәжірибе алмасу мақсатында түрлі спарингтер болды. Соның бәрін қорытындылай келгенде кем дегенде күміс жүлдеге ілінуім тиіс еді. Алайда жарақат жолымды байлады.
– Енді денсаулық жайын реттейтін шығарсың?
– Кәсіби спортшыда уақыт кемшін болады. Қызылордаға келе салысымен сынықшыға барып, тексерілдім. Тобығым шығып кеткен екен. Дәл сол жарақатпен жүргеніме 1 айдан асыпты. Мұны естігенде өзімде аң-таң болдым. Қазір жағдайым аздап дұрысталған секілді.
– Жыл басынан бері түрлі жарыстарда бақ сынадың. Бапкерлерің тынығуға мүмкіндік бермей ме?
– Бізде демалыс деген мүлде болмайды (күліп). Бүгін Көкшетау қаласына бағыт алып барамын. Онда ұлттық құраманың кезекті оқу-жаттығу жиыны өтеді. Сондай-ақ маусым айыныі бел ортасынла Грузияға аттанып, халықаралық деңгейдегі мықты дзюдошылармен тәжірибе жинақтаймыз. Шілде айында Гонгконгта жаһандық жарыста ел намысын қорғаймын. Осылайша күнтізбем тығыз болғандықтан демалысты ысырып қойғанымыз абзал.
– Сәттілік!
– Рақмет!
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!