«125 High School Kyzylorda» мектебінде «АMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалы және «125 High School Kyzylorda» мектебінің ұйымдастыруымен «Чемпиондық рух» жобасы және «Bir tolqynda» ашық диалог алаңы өтті.
Қызылорда қаласында алғаш рет ұйымдастырылған жобаның мақсаты – жастар арасында еңбек етіп, көк туымызды көкке көтеріп жүрген спортшыларымызды насихаттап, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру.
Іс-шараға Сыр елінің ғана емес, қазақ жұртының мақтаныштары 2025 жылғы грек-рим күресінен Әлем чемпионы, 26 жылдан кейін грек-рим күресінен қазақ еліне алтын медаль сыйлаған Айдос Сұлтанғали, 2022 жылғы «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы, «Әлем барысы» турнирінің жүлдегері, қазақ күресінен Азия чемпионы Мақсат Исағабылов, жуырда ғана Мысыр елінің астанасы Каир қаласында ересектер әйелдер арасында өткен пара пауэрлифтингтен үш тәсілдің қорытындысы бойынша 285 келі нәтижесімен Әлем чемпионы, Пара пауэрлифтингтен Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының мүшесі, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Фариза Төлжан және сол байрақты бәсекеде жасөспірімдер арасында сынға түсіп, Азия және Әлем рекордын жаңартып, қатарынан екінші мәрте Әлем чемпионы атанған Снежанна Бойко арнайы келді.

150 жастың қатысумен өткен «Чемпиондық Рух» жобасын «Жастар Рухы» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Әсетхан Баймұрза ашып берді.
– Еліміздің түкпір-түкпірінде чемпиондардың қатысуымен өтіп жатқан ауқымды жобаның ұйымдастырушысы – АMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты. Аталған шараның Сыр елінде өтіп жатқаны біз үшін үлкен қуаныш. Осы арқылы жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыра аламыз деп сенемін. Сонымен қатар жас буындар чемпион аға-әпкелерімен кездесіп, өздерінің сауалдарын жолдап, қажетті мағлұматтар алады. Қолдап келген қонақтарымызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Әсетхан Қазиханұлы.
– Кейінгі уақытта Сыр елінің қай жағынан болмасын алғашқы орында екенін жақсы білеміз. Сол секілді жастарымыз да биік белестерді бағындырып келеді. Бүгін сіздермен осындай басқосуда жүздескеніме дән ризамын. Әр қадам, әр жаттығу сайын рухы мықты, денесі сау, тек шаршы алаңда ғана емес, өмірде де жеңіске жетуге дайын жаңа ұрпақ шыңдалады. Алдағы жоспарларыңызға сәттілік тілеймін. Сыр елінің жастары рухты, жігерлі, білімді бола берсін, – деді Айдос Сұлтанғалиұлы.

Мұнан соң Мақсат Исағабылов, Фариза Төлжан, Снежанна Бойко жастарға таңғы жаттығу жұмыстарын жүргізді.
«Чемпиондық рух» жобасынан кейін «125 High School Kyzylorda» мектебінің 3-ші қабатында жастар чемпиондармен «Bir tolqynda» ашық диалог алаңы ұйымдастырды. Ел мақтаныштары өздерінің бастан өткерген қиын әрі қызықты сәттерімен бөлісіп, жастардың сауалдарына жауап берді.
Мәселен, «125 High School Kyzylorda » мектебінің 10 сынып оқушысы Амина Бахиева спортшылардың кімді үлгі тұтатынын, алдағы жоспарларын сұрады. Сол секілді мектеп директоры Гүлнұр Мырзабекқызы жастардың әрдайым көңілді жүруі үшін қандай жаттығулармен шұғылданғаны дұрыс екенін сұрады. Басқосу барысында алдағы Ұлттық біріңғай тестке дайындалып жатқан оқушылар, белгілі спортшылардың емтиханнан қанша балл жинап, қандай мамандықта білім алғаны туралы да әңгіме-диалог құрды.

Өздерінің ерекше сәттерімен бөліскен спортшылар алға қойған мақсаттары жолында аянбай еңбек етіп, білім алу керектігін айтты. Сондай-ақ ата-аналарының үмітін ақтап, жалқаулықтан алшақ болуға шақырды.
Кездесу соңында «125 High School Kyzylorda» мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әли Кеңесұлы чемпиондарға жыр арнап, жастар естелік суретке түсіп, ерекше көңіл-күйде тарқасты.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!