Фото: qazaqstan.tv
Олимпиада чемпионы Елдос Сметов Qazaqstan ұлттық телеарнасына берген сұқбатында спорт мансабы мен өмір жолын туралы кино түсіргісі келетінін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов өзінің спорттық мансабында қандай жолдарды кешкені турасында кино түсіру ойында бар екенін жеткізді.
«Кино түсіру ойда бар. Менің басымнан өткен оқиғаларды көп адам біле бермейді. Кішкентай бала қалай Олимпиада чемпионы болды? Ол үшін адамның бойында қандай қасиет болуы керек? Қандай нәрседен өту керек? Осындай менің басымнан өткен дүниелерді кино қып шығару жоспарымда бар. Бұл киноны көрген бала мотивация ала алатындай болса, онда мен қуанамын.
Бұл 2021 жылғы Олимпиадада қола медаль алғанымнан бері қозғалып келе жатқан мәселе. Сондай бір ой туындаған. Сонда мен: «Қазір кино түсірудің қажеті жоқ, Париж Олимпиадасына дайындалып жатырмын. Париж Олимпиадасының чемпионы атанған кезде, міне, менің спорттық мансабым осылай аяқталды деп кино түсірейік», – деп ұсыныс тастадым.
Бірақ менде ой өзгеріп жатыр. Мен спортты тоқтатқан жоқпын. Мысалы Демеу Жадыраев 35 жасында Олимпиаданың финалына шығып тұр. Бұл мүмкін емес нәрсе жоқ деген сөз. Егер жақсы көріп тұрсам, осы нәрсе қолымнан келіп тұрса ел абыройын асыруға, тағы да көк туды желбіретуге, әнұранды ойнатып жіберуге, мүмкін тағы бір тарихи жеңіс болып кетеді. Екі дүркін Олимпиада чемпионы болып кетем деген сияқты бір ой туындады да өзім бұл спортты жақсы көргеннен кейін мен шешім қабылдадым. Мен Лос-Анджелеске дайындаламын», – деді Елдос Сметов.
Айта кетейік, Олимпиаданың алғашқы күні дзюдошы Елдос Сметов 60 кг дейінг салмақ дәрежесінде топ жарып, алтын медаль еншілеген болатын. Финалда франциялық спортшы Лука Мхеидземен шеберлік байқасқан болатын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!