Жыл сайын әр сала бойынша ерекше қабілет, дарынымен үздік жастар ерекшеленіп, ел дамуына өзіндік үлес қосатыны белгілі. 2024 жылы да білімді жастар ауқымды жетістіктерге қол жеткізді. Сондықтан басылымның бүгінгі санында ғылым, денсаулық, мәдениет, спорт және ІТ салалары бойынша елеулі еңбек етіп, үздік болған жас мамандар туралы кеңінен таныстыруды жөн көрдік.
Жас зерттеушінің жобасы үздік атанды
Ғылым саласында тың идеяларымен ерекшеленіп жүрген жастардың бірі – Сәкен Абызбай. Ізденімпаз әрі ғылымға құштар студент биыл нәтижелі зерттеу жұмыстарымен ерекшеленіп, байқауларда топ жарды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі «Агрономия» мамандығының 2-курс студенті Сәкен Саматұлы калифорниялық шылаушындар мен органикалық қалдықтардан тыңайтқыш дайындау жұмыстарына атсалысты. Бүгінде ғылыми жетекшісі, университеттегі «аграрлық технологиялар» білім беру бағдарламасының қауымдастырылған профессоры Раушан Нұрымова және өзге де білім алушылармен бірлесіп тыңайтқышты егін шаруашылығына пайдалану жұмысын жүргізіп, ғылыми зерттеулермен айналысуда.
– Қоршаған орта, табиғатты тануға деген қызығушылығым осы мамандықты таңдауыма себеп болды. Университетке оқуға қабылданған соң зерттеу жұмыстарына қатыса бастадым. Осы салаға одан әрі қызығуыма ғылыми жетекшім үлкен ықпал етті. Бүгінде биогумус атты ауыл шаруашылығында маңызы зор тыңайтқыш дайындаумен айналысудамыз. Органикалық тыңайтқыш дайындау үшін төрт түлік малдың қиы және калифорниялық шылаушын қажет. Көңге шылаушынды орналастырғаннан кейін тыңайтқыш 8-9 айда дайын болады. Органикалық тыңайтқыштың әсерінен экологиялық таза өнім аламыз.
Биогумус – қазіргі уақытта ең жоғарғы сападағы тыңайтқыш, сондықтан оған көршілес елдерден де сұраныс бар. Бұл өнім топырақтың құнарлы болуына әсер етеді. Соның нәтижесінде өсімдік өз уақытынан 20 күндей ерте піседі. Басқа тыңайтқыштармен салыстырғанда мұның құрамында кальций, фосфор, азот секілді минералды тыңайтқыштар көбірек, – деді Сәкен Абызбай.
Айта кету керек, 2020 жылы университет аумағындағы «Ботаникалық баққа» егілген алма ағаштары 4 жылдан кейін ғана жеміс берді. Себебі биылдан бастап ағаштардың топырағына биогумус қосылған. Жас ғалым тыңайтқыштың оң әсерін дәлелдеу үшін ботаникалық бақтағы жеміс, алма және туя ағаштарына қолданып, тәжірибе жүргізген.
Ғылыми жетекшінің қолдауымен ол студент Бақдәулет Сайфуллаев, Б.Момынбаев атындағы №278 IT мектеп-лицейінің оқушысы Жаңабекқызы Ұлжанмен бірге «Жас аграномдар» үйірмесінің де дамуына үлес қосып келеді.
Агрономия саласында еңбек етуді бала кезден армандаған Сәкен Абызбай – Шиелі ауданының тумасы. Ізденімпаз студент үшін биылғы жыл өте табысты болды.
Халықаралық ғылыми-зерттеу байқауында «Ауылшаруашылығы ғылымдары» номинациясы бойынша І дәрежелі диплом иеленіп, зерттеу жұмысы «Үздік студенттік жоба – 2024» атанды. Ал ҚР ЖОО студенттерінің ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауының университетішілік І кезеңінде жас зерттеуші І дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, «Ustaz tilegi» республикалық ғылыми-әдістемелік журналында авторлық материалдары жарық көрді. Белсенді жас университеттегі кәсіби бағдар беру жұмыстарына да атсалысып, нәтижелі еңбек етті.
Білімді әрі еңбексүйгіш жас ғалымның алдағы уақытта да биіктерді бағындыратынына сенімдіміз.
5 млн 400 мың және 5 ЖОО гранты
Кейінгі жылдары ақпараттық технологиялар саласы әлемдік экономиканың басты қозғаушы күштерінің бірі ретінде танылып келеді. Бұл салада өз қабілетімен, жаңашыл көзқарасымен және тынымсыз еңбегімен ерекшеленген тұлғалар жиі назарға ілігуде. Солардың бірі – бірнеше жобаның авторы, NURIS QuickStart түлегі, «11 lab Nazarbayev University» team leader, «Enactus AITU» капитаны, Astana IT Business Coworking-тің платинум резиденті 17 жастағы қызылордалық Асылжан Абдуллаев.
Бұған дейін де жас технократпен сұхбат ұйымдастырып, жиі байланыста болдық. Дегенмен ол оқушы шағын аяқтап, Астанаға оқуға түссе де жаңа бастамаларымен қуантып келеді.
Асылжан − Сырдария ауданының тумасы. Бала кезінен осы салаға қызығушылығы артып, ақпараттық технологияларды тұтынушы емес, жасаушы ретінде бағын сынаған. Оның айтуынша, жас өнертапқыш ретіндегі жолын «Enactus Korkyt Ata» ұйымының бизнес-бенефициары және Кyzylorda Нub өңірлік технопаркінің резиденті болудан бастаған.
Биыл отандық БАҚ-та «Жасанды интеллектті қазақша сөйлетті» деген тақырыппен Асылжаннын «Qazaq GPT» жобасы елге танылды. Мұнан бөлек 150 000 жазылушысы бар, тарихты қысқа әрі оңай түрде жеткізуге арналған «Тарихнама», шетелдік фильмдерді қазақ тіліне аудару бойынша жұмыс істейтін «Орда Студио», компьютерлік көру бағдарламасымен мал шаруашылығына бағытталған «Q-AGRO», «YOLO», МСБ саласындағы «Geek ERP» жобасымен айналысуда.
Жұмыс істеу бір бөлек, нәтижеге қол жеткізу қажырлы еңбекті талап етеді. Кейіпкеріміздің жетістіктеріне тоқталсақ. «Recodetau Hackathon» байқауында 1-орын иеленіп, Үндістандағы компанияның бірінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Халықаралық дәрежедегі «Harvard Crimson Project Competition» сайысының финалисі, «Zhongguacun World Competition» 2-орын, республикалық IV «NextGenLeaders» байқауында 2-орын, сондай-ақ «The best innovative project» номинациясы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқу грантын жеңді. «Jas Fund Battle»-да 1-орын, 600 000 теңге, «Startup District» байқауында қаржылай 1 000 000 теңге, Тәуелсіздік ұрпақтарына қатысып 3 000 000 теңге, Samsung GenAI хакатонынан қаржылай 300 000 теңге, Sustex Hackathon-да 200 000 теңге, облыстық «Idea Battle 2024» идеялар конкурсында бақ сынап 250 000 теңге, «InnoFest» инновациялық жобалар фестивалінің алғашқы жылы 300 000 теңге иеленсе, келесі жолы Астанадағы Astana IT University-дің грантын жеңіп алды. Мұнан бөлек «TeachersLab Battle»-да қанжығасына 1 орынды байлап, 300 000 теңге көлемінде қаржы ұтты. Биыл қарашада «CancerZero» жобасы үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрінің алғыс хатын алған. Кейінгі бір жарым жылда қатысқан байқаулардан қоржынына 5 миллион 400 мың теңге жинаса, 5 ЖОО-дан білім грантын жеңген.
«Талапты бала талпынған құстай» демекші, биыл Асылжан Astana IT-де 1-курс оқиды. Еліміздегі беделді оқу орындарынан түрлі білім грантын жеңгенімен, мемлекеттік грант иегері атанды. Өзі тәжірибе жинаған алаңды да ұмытпай университетінде алғаш рет «Enactus» ұйымын құрып, университет басшылығынан 3 500 000 теңге қолдау иеленген. Қазір білім ордасының базасында «Jardem », «CancerZero» секілді MedTech жобаларымен айналысуда. Командасында түрлі мамандықта оқитын 30 студент бар. Сондай-ақ Назарбаев университеті және Тұңғыш Президент қоры университеттер лигасымен ресми серіктестік орнатқан.
Қолға алға соңғы жолбасы − «Canvision». Ол – PACS жүйесі мен ERM технологиясын қолдана отырып, қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтауға арналған жасанды интеллекттің шешімін әзірлейтін стартап. Жобада ең алдымен ерте диагностика, яғни PACS жүйесі арқылы медициналық суреттерді талдау, қатерлі ісіктің алғашқы белгілерін дәл анықтау қарастырылған. Медициналық жазбаларды басқару жүйесімен біріктіріп, науқастардың деректерін тиімді сақтап, талдауға мүмкіндік бар. Мұнан бөлек талдаудың дәлдігін арттырып, дәрігерлік қателіктерді азайту үшін терең оқыту модельдері қолданылады.
− Біздің мақсатымыз − онкологиялық аурулардың өлім көрсеткішін азайту үшін қолжетімді әрі дәл медициналық құрал жасау,− дейді Асылжан Абдуллаев.
Өзі жас болса да, бас болып жүрген стартапер бүгінде С.Шауқаманов атындағы ұл балаларға арналған лицей оқушылары Алькен Серікбек, Омар Байзақпен жұмыс істеуде.
− Оларды YOLO Computer Vision-ге үйретіп жатырмын. Бүгін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиевпен кездесті. Біз үшін бұл кездесу өте маңызды,− деді ол.
Жаңашылдыққа бет бұрған жастар барда еліміздің болашағы жарқын, келешекке басар қадамы нық болмақ.
Сценарий жазудың шебері – Ұлықбек
Мәдениет саласы – қоғамның рухани дамуының негізі. Қызығы мен қиындығы мол саланың ауыр жүгін арқалап, ең үлкен еңбекті атқарып жүргендер әсте елене бермейді. Солардың бірі – сценаристер. Іс-шара немесе кеш сценарийін жазу – шығармашылық һәм ұйымдастырушылық қабілетті талап ететін күрделі процесс. «Мінсіз дүние жасау үшін ең әуелі үш нәрсе қажет – сценарий, сценарий және сценарий» дейді британдық кинорежиссер Альфред Хичкок.
Осы орайда мәдениет саласында маңдай терін төгіп, өлшеусіз үлесін қосып жүрген жастардың бірі де бірегейі, ақын Ұлықбек Бекұзақұлы жайлы айтқымыз келеді. Шығармашылық шабыт пен ізденіс үстінде жүретін ол жуырда ғана Сәбира Майқанованың 110 жылдығына арналған «Сахна саңлағы – Сәбира» атты облыстық жабық сценарийлер байқауында жүзден жүйрік атанып, 1-орынды иемденген болатын.
Бүгінде облыс орталығында түрлі мәдени және салтанатты іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып жүргені көңіл қуантады. Осынау іс-шаралардың барлығы дерлік Ұлықбек Бекұзақұлының идеясынан туындап, қолымен жазылатынын бірі білсе, бірі білмейтіні анық. Сценаристің басты міндеті – сол идеяны жанды, әсерлі және есте қаларлықтай етіп халыққа ұсыну. Қатысушылар мен көрермендердің назарын ұстап, іс-шараның негізгі мақсатын ашу да Ұлықбек Тәңірбергеновтың жауапкершілігіне кіреді.
Ұлықбек Бекұзақұлы 2022 жылы «Қызылорда қаласының үздік мәдениет қызметкері» марапатына лайық деп танылды. Одан бөлек поэзияны жанына серік еткен ақын республикалық мүшәйраларда топ жарып, жеңімпаз атаны п жүр.
Ол шығармашылық ойлау арқылы тың идеялар ұсынып, процеске қатысушы құрамның толықтай үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету жолында ешқашан аянып қалған емес. Сондай-ақ, командамен тығыз қарым-қатынас орнатып, қолайсыз жағдайларда жылдам шешім табуға бейімделген өз ісінің білікті м аманы.
Мұндай сала өкілдерінің еңбегі көрермендерге қуаныш сыйлап, кез келген іс- шараның жоғары деңгейде өтуіне кепілдік береді.
Мыңдаған сәбидің кіндігін кескен
Үміт пен сенім арқалаған дәрігерлер қашанда халықтың қалаулысы. Медицина саласы кез келген мемлекеттің керегесін берік етуде үлкен рөл атқаратын маңызды құрылымдардың бірі. Осындай ауыр міндет жүктелген медицина салаларының қатарында акушерия да бар. Ана мен баланың амандығына арқау болып, акушерияның қыр-сырын меңгергендер аз емес. Арасында облыстық перинаталдық орталығында перзентхана блогының бірінші санатты акушері Әйгерім Енсепбаева білікті жас мамандар қатарында көш бастап тұр.
Акушерлік қызмет – ана мен сәбидің, яғни екі бірдей өмірдің жауапкершілігін арқалайды. Осы бір қиын саланың ауыртпашылығын арқалаған Әйгерім Қуантқанқызы бұл салада жұмыс істеудің өзі оңайға соқпағанын айтады.
– Кез келген адамның мамандық таңдауына бір себеп болады. Мектеп қабырғасында жүрген кезде денсаулығым жиі сыр беретін. Жаныма араша іздегендіктен бе, осы салаға бүйрегім бұрып тұрды.
2007 жылы мектепті бітіріп, Қызылорда медициналық жоғары колледжінде «Жалпы тәжірибелі акушер» мамандығын меңгеруді ұйғардым. Мамандыққа деген ыстық ықыласыман болар, 2010 жылы үздік дипломмен аяқтап, сол жылы Қызылордадағы қалалық перзентханаға жұмысқа тұрдым.
Әрине, теория бөлек, ал практика тіптен басқаша. Жұмыстың қиындығын көріп, бір апта «жұмыс істегім келмейді» деп те жылаған кездерім болды. Осы сәтте бас мейіргер Құралай Жалелқызы мен сол кездегі босану бөлімінің аға акушері Ақжарқын Қожағұлқызы бар білгендерімен бөлісті. Ұстазым Алуаш Қожантайқының да қолдауы мықты болып, менің саланы тез меңгеруіме, білікті маман болуыма үлкен үлес қосты. Болашақта үздік атанарымды сол кезде кім білсін, – дейді Әйгерім өткеніне көз тастап.
Иә, кез келген саланың қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Медицинада қателікке жол жоқ. Бұл жерде бір адамның жаны үшін ғана емес, екі адамның өміріне араша түсетін акушердің арқалайтын жүгі ауыр. Бүгінде кейіпкеріміздің епті қолдары мен 15 жылдық тәжіриесінің арқасында мыңдаған қызылордалық сәби дүние есігін ашты.
– Толғақ пен босану процесі физикалық та, моральді тұрғыда да өте ауыр. Акушердің жұмысы бала дүниеге келгеннен кейін де жалғасады. Ананың босану процесі аяқталысымен, оның жағдайы бақылауда болады. Күтпеген түрлі оқиға орын алуы мүмкін. Асқыну, қан кету және тағы да басқа. Осындай сәтте шапшаң ойлап, ана мен баланың денсаулығын қадағалауда ұстаймыз, – деді әңгіме барысында.
Әйгерім Енсепбаева «Ана болу қауіпсіздігі», «Тиімді перинаталдық технологиялар» және «Омырау сүтімен қоректендіру практикасын қорғау, қолдау және көтермелеу» бағдарламаларын жүзеге асыруға үлкен үлес қосқан. Кейіпкеріміз Денсаулық сақтау министрлігінің ұйымдастыруымен медицина және фармацевтика қызметкерлерінің арасында өткен «Кәсібінің үздігі» республикалық конкурсына қатысып, «Үздік акушер» номинациясын бойынша жеңімпаз атанған. Байқауда қанжығасы майланған Әйгерім қолдау білдірген әріптестерінің сенімін ақтағанына қуанышты.
Міне, жас та болса Әйгерім Енсепбаева дәрігер ретінде өз борышын асқан жауапкершілікпен орындап, талай ананың алғысын арқалап, ел сенімін ақтап келеді. Оның әр анаға көрсеткен қамқорлығы – адамгершілік пен кәсіби шеберліктің үлгісі. Еліміздің әрбір азаматы, әсіресе жас буын, осындай жарқын болашаққа нық сеніммен қадам басып, туған елінің үмітін ақтаса екен дейміз.
Жамбы атудан жыл үздігі
Жыл аяғы таяп келеді. Осы жыл ішінде қазақ елінің спорттағы жетістігіне көз жүгіртсек, жеңісті күндер аз болмапты. Кешегі Францияның Париж төрінде туын көтерген ХХХІІІ жазғы Олимпиада мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы ел спортшыларының деңгейі соның дәлелі. Одан қала берді Әлем, Азия біріншіліктеріндегі жетістіктер бір төбе. Соның ішінде Сыр спортындағы жағымды жаңалықтар кешегі күнге дейін аймақ абыройын асқақтатқаны рас. Жылан жылына аяқ басар тұста аймақтың үздік жас спортшысын анықтап, басылым бетінде бейнелегенді құп көрдік.
Біз сөз еткелі отырған спортшы – жамбы атудан ҚР Ұлттық құраманың мүшесі Ақәділ Пернебай. Ол 2005 жылдың қазан айында Жаңақорған ауданы, Әбдіғаппар ауылында дүниеге келген. 10 жасынан №7 Жаңақорған ауданының олипиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің жамбы ату бөліміне қабылданады. Бала Ақәділ үздіксіз жаттығудың нәтижесінде алғаш рет ел біріншілігінің жеңімпазы атанып, спорттағы алғашқы жүлдесін иемденген. Ол кезде спортшының жасы небәрі 15-те.
Ұлттық спортқа деген қызығушылығын байқап, әрі қарай жетелеген жаттықтырушысы Ғалымжан Өміртай үнемі жанынан табылып, қиын сәттерге баулыған. Соның жемісі болса керек, қазір Ақәділ ұлттық құрамадағы маңдайалды спортшы. Оның үстіне ҚР спорт шеберлігіне үміткерлігі тағы бар.
Өңір мақтанышы 2022 жылы жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде жеңімпаз атанды. Одан соң былтыр жастар арасында бақ сынап, қола және күміс жүлдеге қол жеткізді. Мақсатынан айнымаған қайсар жігіт әуелі жастардың көшбасшысы болуды көздеп, биыл қайта күш сынасып, қарсыластарын шаң қаптырды.
Жуырда Астана қаласында ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен үздік спортшылар анықталатын «Алтын тұғыр – 2024» мерекелік іс-шарасы өтті.
Кіл сен тұр, мен атайын мықтылар төбе көрсеткен іс-шараға ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов арнайы қатысып, спортшыларды марапаттады. Сол тұста Ақәділ Пернебай да үздік атанып, «Алтын тұғыр» сыйлығына ие болды. Ол бұл сыйлықты иеленген Сыр өңіріндегі алғашқы жас спортшы. Болашағынан үлкен үміт күттіретін жерлесіміз «Мен шығатын шың әлі алда» дейді.
– Кез келген адам баласы бір дүниеге қызығушылық танытып, соның жолында бар күш-жігерін сарп ететін болса, жетістікке жетпей қоймайды. Сол секілді мен де жаным қалаған спорт түріне бет бұрдым. Қазақстанның чемпионы болу өз алдына, 2024 жылдың үздігі болу мен үшін зор мәртебе. Мұнымен тоқтап қалуға болмайтынын жақсы білемін. Сәтін салса бағындырар белес
әлі алда. Бастысы, қажырлы еңбек ету қажет, – деді ол.
Ұлттық спортқа ден қойған спортшымыз ұлт мақтанышына айналсын деген ниетпен алдағы бәсекелерде қоржыны бос қайтпауын тілейміз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!