Көгалдағы хоккей – Қазақстанда көпшілікке әлі кеңінен таныс бола қоймағанымен, әлемнің көптеген елінде тамыры терең, қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі. Бұл спортта техника, жылдамдық және командалық үйлесімділік ерекше маңызға ие. Қазақстанда осы бағытты дамытуға үлес қосып жүрген жандардың бірі – Нұрбол Қожым.
Нұрбол спортты сүйіп өсті. Қарапайым ауыл баласының жүрегіндегі жалындаған арман мен тынымсыз еңбектің нәтижесі халықаралық деңгейдегі жетістіктер мен құрметті марапаттарға ұласты. Кейіпкеріміз – Қазақстандағы допты хоккей спортының беткеұстар өкілі, бапкер, төреші әрі бүгінде сала басшыларының бірі.
Нұрболдың спортқа келу жолы 2009 жылы басталған. Бар болғаны 13 жастағы бозбала хоккейге ерекше ықыласпен ден қойып, күн сайын жаттығу залы мен алаңда бар күшін салды. Бұл табандылық нәтижесіз қалған жоқ. 2010 жылы «Спорт шеберлігіне кандидат», ал небәрі үш жылдан кейін, 2013 жылы «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағын иеленді.

Жас спортшы ұлттық құрама сапында талай елдің намысты ойыншыларымен бақ сынасқан. Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері атанып, FIH – Халықаралық хоккей федерациясы ұйымдастырған турнирлерде жеңіске жетіп, «үздік ойыншы» деп танылды. Азия ойындары мен халықаралық ашық біріншіліктерде еліміздің туын биікте желбіретіп, Қазақстан спортының абыройын асырды.
Халықаралық аренадағы тәжірибесін жинақтап, кәсіби спортшылық жолын жаңа деңгейге көтерген Нұрбол бапкерлікке бет бұрады. Оның тәлімінен өткен талай жас спортшы бүгінде ел намысын қорғап жүр. Соның ішінде ерекше мақтанышпен айтуға тұрарлығы – Ағымтай Дүйсенғазы. Ол 2025 жылы «Азияның үздік жас ойыншысы» атанып, Қазақстан спорты тарихында есімі алтын әріппен жазылды.
2023 жыл Нұрбол Қожым үшін тағы бір белеске айналды – ол халықаралық дәрежедегі төреші ретінде FIH ұйымынан ресми аккредитация алып, еліміздің еңбек сіңірген төрешісі атанды.
Әділ төрелік – спорттағы ең үлкен жауапкершілік. Бұл абырой маған сенім ғана емес, биік міндет жүктейді, – дейді ол.
Нұрбол ожым – көп қырлы маман. Ол – Қазақстан Республикасының спорт шебері, еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші және елімізге еңбегі сіңген маман. Бұдан бөлек, ол ұлттық жастар құрамасының бұрынғы ойыншысы ретінде халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғаған. Бүгінде Нұрбол Қожым – Қазақстан Хоккей Федерациясы вице-президентінің орынбасары қызметін атқарып, хоккей спортының дамуына стратегиялық тұрғыдан үлес қосып келеді. Бұл лауазым арқылы ол еліміздегі хоккей спортының жүйесін жетілдіруге, дарынды жастарды қолдауға әрі Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға күш салып жүр.

Сондай-ақ Нұрбол Қожым халықаралық жаттықтырушылармен байланыс орнату арқылы көгалдағы хоккей саласында тәжірибе алмасуды жалғастырып келеді. Оның бұл спортқа деген жанкештілігі мен кәсіби біліктілігі шетелдік мамандар тарапынан да жоғары бағаланып отыр. Америкалық жаттықтырушы Casey Walker Нұрбол Қожымды өз ісінің нағыз маманы деп танып, оның Олимпиадалық спорт түрін дамытуға Америкада да үлкен үлес қоса алатынын ерекше атап өтті.
Мәселен, «Cal Cup» халықаралық турнирі аясында ұйымдастырылған жарыстарда ол жұмыс барысына белсенді атсалысып, нәтижесінде шәкірттер екінші дивизионда бірінші орын иеленді. Бұл – Нұрбол үшін кәсіби тәжірибені кеңейтуге және қазақстандық хоккей мектебінің әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндік болды.
– Спорт маған тек жеңістер мен марапаттар ғана емес, өмірлік бағыт, ұстаным, тәрбие мен көшбасшылық қасиет сыйлады. Енді сол жолдан алған тәжірибемді жастарға бергім келеді. Себебі менің миссиям – жеңіске жеткендер санын емес, арманына адал бола білген жастар санын арттыру, – дейді Нұрбол Қожым.
Жетістікке жету – бір басқа, ал сол жолда жүріп, Нұрбол секілді өзгеге жол көрсету – нағыз азаматтың ісі.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!