Сыр халқы үшін футбол спортының маңызы ерекше. Соның ішінде әуесқой аяқдопшылардың аламанына ат басын бұратындардың қарасы қалың. Бұған дәлел – жыл сайын ұйымдастырылатын жауынгер-интернационалист Батыржан Шалғынбаевты еске алуға арналған футзалдан республикалық дәстүрлі турнир.
Ақпан айының 22-23 ақпан күндері өткен бәсеке биыл – 29-шы рет шымылдығын түріп отыр. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен аламанға түсетін 32 команда өзара бақ сынайды. 500-ге жуық спортшының басын біріктіретін турнирдің атауы республикалық демесеңіз, командалардың құрамына қарап, халықаралық деңгейдегі жарыстан кем емес екендігін аңғарамыз. Өйткені, басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Ресейден арнайы келген. Ал еліміздің Алматы, Астана, Қарағанды, Түркістан, Шымкент, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау облыстары мен жергілікті ойыншы- лар бәсекенің көркін қыздырды. Екі күнге созылған аламанның басы-қасында жүріп, барлығын көзбен көрдік. Ендеше, көрермен алған әсерді қалың оқырманға жеткізелік.
Жарыстың алғашқы күні 8 топқа бөлінген командалар «Евразия», «Сейхун», «Абылайхан» және «Шанхай» мөлтек ауданындағы спорт кешендеріне бөлініп, топтан бірінші және екінші орынмен шығу үшін тартысқа түсті. Ауқымды шараны ашу үшін Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов, Батыржан Шалғынбаевтың інісі Батырбек Шалғынбаев және ауған соғысының ардагерлері арнайы «Евразия» спорт кешеніне ат басын бұрды.
– Батыржан Шалғынбаев ағамның атындағы футзалдан дәстүрлі турнир биыл да жалғасын тауып отыр. Турнирдің маңызы – жастарды отансүйгіштікке баулу және спортқа шақыру. Қазіргі таңда елге белгілі әуесқой спортшылардың барлығы дерлік Сыр елінде. Одан қала берді өзге елдердің де кіл сен тұр мен атайын спортшылары осында. Сәтін салса келер жылғы 30-шы турнирдің бұдан да ауқымды көлемде ұйымдастыратын боламыз. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, шын мықты жеңімпаз атансын, – деді Батырбек Шалғынбаев.
Қонақтардың жылы лебізі, командаларға деген ақ тілегінен соң қалың көрермен тартысты ойындардың куәсі болды. Алғашқы күні-ақ мықтылар суырылып алға шығып, кешкілік 1/8 ойындарына да куә болып үлгердік.
Бәсекенің екінші күні де келіп жетті. Таңсәріден «Евразия» спорт кешеніне асыққан көрерменде есеп жоқ. Сағат 9:00 болды дегеннен зал лық толды, адам аяқ басар жер азайды. Бұл уақытта 10:00-дегі алғашқы ойынға келетін ойыншылардың өзі мұнда бас сұғып үлгермеген. Уақыт таяп, жейде киген жігіттер алаңға шықты дегеннен көрермендер шулап қоя берді. Жергілікті қос команда «Альтимус» және «ҚазгерМұнай» аяқдопшылары 40 минут алаңда күш сынасып, барлығы пенальти сериясында шешілді. Нәтижесінде жартылай финалдың жолдамасы «Альтимус» командасына бұйырды. Дәл осылай «Adam Arafat» пен Кентау, Қожамберді мен Биосфера, «Qazaq motors» пен «Muslim» командалары жартылай финалға деген жорық жолында жанкүйерлерге тартысқа толы ойын көрсете білді.

Биылғы турнирдің басты жаңалығы – «Альтимус» командасы болды. Тіпті жергілікті көпшілік те бұл құраманың ақтық сынға жететініне күмәнмен қарады. Бірақ доптың домалақ екенін дәлелдеген жігіттер жартылай финалда 2023 жылы турнирдің чемпиондары атанған «Adam Arafat» командасын 2-3 есебімен тізе бүктірді. Ал бұған дейін әуесқойлар арасында футзалдан Қазақстан чемпионы болып үлгерген «Muslim» аяқдопшылары Қожамберді командасына қола жүлдені қанағат қылуға тура келетінін түсіндіргендей болды.
Финал. Соңғы қадам. Кіл мықтыларды артқа тастаған жігіттер сақадай сай. Көрерменнің ыстық қошеметінен соң барлығы алаңдағы ысқырықтың шалынғанын күтіп тұр. Төрешілер Дидар Сахиұлы мен Жандос Мнажадиннің пәрменінен соң көпшілік күткен ақтық сын басталды. Аә дегеннен алаңдағы басымдықты қолдарына алған «Альтимус» командасы алғашқы кезеңде 3-2 есебімен алға шықты. Алайда екінші кезеңде барлығы күрт өзгеріп сала берді. «Muslim» аяқдопшылары дер кезінде ес жиып, есепті 5-3-ке жеткізді. Осылайша жауынгер-интернационалист Батыржан Шалғынбаев атындағы турнирдің жеңімпазы атанып, 5 миллион теңгені қанжығасына байлады. Сондай-ақ, екінші орын алған құрамаға 2 миллион, қола жүлдеге 1 миллион және үздік төрттіктен көрінген командаға 500 мың теңге сыйға тартылды.
Екі күнге созылған бәсекенің «Үздік қақпашы» бағамына «Adam Arafat» командасының қақпашысы Нұрәлем Байдулла лайық болса, «Үздік қорғаушы» бағамы «Альтимус» командасының қорғаушысы Жаблон Анаровқа бұйырды. Сондай-ақ «Үздік шабуылшы» – Қожамберді командасының шабуылшысы Олжас Тайбасаров және «Үздік ойыншы» бағамына «Muslim» командасының ойыншысы Александр Сахацкий лайық деп танылды.
– Бұған дейін құрама жігіттерімен Ақтау қаласында өткен Қазақстан чемпионатына барып, басты кубокты Сыр еліне алып келгенбіз. Бұл жолы да шын мықтыға тұсау жоқ екенін дәлелдедік. Жолымызда талай мықты спортшылармен күш сынастық, тіпті өзге елдің азаматтары да болды. Бірақ бұл – спорт. Бұл – футбол. Яғни, өзіңе берілген уақыттың ішінде қолыңнан келген айла- тәсіліңді жасайсың, одан кейінгісі кеш болады. Шын қуаныштымын. Әлі талай додаларда топ жаратын боламыз, – деді «Muslim» командасының ойыншысы Нұржан Абдрасилов.
Міне, Сырдағы футболға қызығатын жігіттердің 22-23 ақпандағы демалыс күндері «Евразия» спорт кешеніндегі турнирді тамашалаумен өтті. Барлығы риза. Жыл сайын асыға күтетін жарыстың алдағы уақытта деңгейі бұдан әрі өсетініне күмән жоқ. Бастысы, көрермендерге сыйлайтын кереметі көп болсын!
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!