Фото: ашық дереккөзден

Жуырда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді.

Нәтижесі отандық спорттың дамуына және әлемдік спорт аренасында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге кедергі келтіретін жүйелі жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін айғақтаған көрінеді.

Біз де мәліметтермен таныстық, жағамызды ұстатадық. Тіпті айтарға сөз таппайсыз. Сандарды сөйлетсек, есебі жоқ. Қыруар қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Бұлай барлығына күйе жағу орынсыз дерсіз. Бірақ…

Айтайық. Соңғы алты жылда спорт саласына 1,4 триллион теңге жұмсалған. Ал осы жыл мен алдағы екі жылға тағы 1,3 триллион теңге беру жоспарланған. Бұл қаражат Орталық Азия мен алыс шет елдердің, яғни Канада, Норвегия, Нидерланды бюджеттерінен бірнеше есе артық. Сұмдық па? Бұл – басы.

6 жылда Қазақстан төрт Олимпиадаға қатысты. Оның екеуі Жазғы, екеуі Қысқы ойындар. Осы байрақты бәсекенің барлығында біздің спортшылар тек 1 ғана алтынмен шектелді. Азия ойындарында да жарытқанымыз шамалы. Уақытты кері шегерсек, Қазақстан Олимпиада ойындары бойынша, 2020 жылы – 83 орында, 2022 жылы – 0 медаль, 2024 жылы – 43 орынға жайғасты. Ал дүниежүзілік спорт сатысында 2014 жылы – 25, 2018 жылы – 47, 2023 жылы – 42 орынға жайғасқан. Басты себеп – мемлекеттік қаржыны ұтымсыз жұмсау және жымқыруға ықпал ететін жүйелі жемқорлық тәуекелдерінің негіз болуы. Ендеше, 1,4 триллион теңге қайда кетті?

Иә, барлығымыз ақшаны спорт саласына бөлудегі мақсат – халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыру, дені сау ұрпақ тәрбиелеу деп түйдік. Бірақ барлығы біз ойлағандай емес. Өйткені біз айтып отырған 1,4 триллион теңгенің 35 миллиарды ғана бұқаралық спортты дамытуға жұмсалған. Есептесек, Үкімет ақшаның 2,5 пайызын ғана қолжетімді спортқа бөлген. Ал «қалғаны қайда?» деген сұрақ бәріміздің көкейімізде сайрап тұр.

Антикордың есебіне сенсек, қаржының үлкен бөлігі легионерлерге жұмсалған. Ал тәуелсіздік алғалы Қазақстанға барлығы 126 легионер келген, азаматтық алған. Олардың барлығы сіз бен біз төлеген салықтан тамақтанды, киім киді, жарыстарға барды. Қысқасы, жүріп-тұруларына бюджеттен қаражат қаралды. Бірақ соңғы 4 Олимпиаданың нәтижесі көрсеткендей, ешбірі біздің елге алтын медаль сыйламады. Демек оларға жұмсалған миллиардтар орынсыз.

Жуырда белгілі спорт комментаторы Олжас Байбосынов антикор анықтаған мәліметтер жайында баяндап, азды-көп пікірін білдірді. Сол тұста легионерлерге де тоқталды.

– Елге келген 126 легионердің қатарында теннисші қыздарымыз Елена Рыбакина мен Юля Путенцева бар. Екеуі де Париж төріндегі дүбірлі додада ел намысын қорғаудан бас тартты.

Елена Рыбакина «тамағым ауырды» деп Францияға бармай қалды. Бірақ көп ұзамай спортшы қыздың өзі Түркияда балмұздақ жеп, демалып жатқан суретін әлеуметтік желіге салды. Кейіннен постты өшірді. Ал Юля Путенцева жарыстың басталуына жарты сағат қалғанда аяғы ауырғанын айтып Олимпиадаға қатыспайтынын мәлімдеді. Сонда 4 жыл бойы бұл қыздарды несіне асырадық?

Теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов «Легионер қыздарға өз қалтасынан ақша шығарады». Иә, барлығымыз солай ойлап келдік. Шынтуайтында олай емес. Елена Рыбакина, Юля Путенцева, Дмитрий Попко, Александр Чевченко, Александр Бублик, Александр Недовесов пен Анна Данилиналар мемлекеттің ақшасына қаржыландырылып отыр екен.

Бұл тек теннисте ғана емес, жеңіл атлетикада да жағдай осылай. Бұл федерацияны Даниал Ахметов басқарады. Даниал Кенжетайұлы 2019 жылы Кения елінен 5 жеңіл атлетті әкелді. Бұлардың да бірде біреуі Олимпиада ойындарынан алтын медаль алған емес. Алтын былай тұрсын, жүлдеге ие болған жоқ. Сорақысы ешбірі Қазақстанда тұрмайды. Жергілікті жастардың өсуіне көмегін тигізген де емес. Яғни олардың да бізге пайдасы тимеді. Ал 5 жыл ішінде бұл спортшыларға қанша қаражат бөлінгені бір Құдайға аян.

Депутат Дәулет Тұрлыханов басқаратын күрес түрлері федерациясында да легионерлер аз емес. Олар Олимпиада, Азия ойындарына және Әлем чемпионаттарына қатысты. Сонда өзімізде күресетін білекті жігіттердің болмағаны ма? Оның үстіне күрес түрлері федерациясы мемлекет бюджетінен ең көп қаржы алатын спорттық ұйымның бірі. Соған қарамастан нәтиже көңіл көншітпейді, – деген ренішін білдірді.

Легионерлер жайлы тарқатсақ әңгіме таусылмайды. Өйткені біздегі басты мәселе осы жерде болып отыр. Бұл қатарға легионерлер үшін ақшаны аямай құятын «ASTANA» велоклубын да қоса аламыз. Айтпақшы бұл клубқа құда түсіп отырған компания бар көрінеді. Ол қытайлық – «XDS ASTANA SUPER TEAM» компаниясы. Олар велоклубқа қыруар қаржы беруге дайын. Бұл келісімшарт мемлекеттік деңгейде талқыланып жатқан сыңайлы. Неге? Өйткені велокоманда акциясының негізгі бөлігі мемлекетке тиесілі. Ал қаржыны «Қазына» қоры деген спортты қолдау қоры арқылы алады. Бұл қор ақшаның негізгі бөлігін елордалық спорт клубтарына бөліп отырады. Ал «ASTANA» велоклубына ақшаны Люксембургта тіркелген «ABACANTO SA» деген компанияға жібереді екен. Қалай, ә?

Ал енді нақты қаражатқа тоқталайық. Велоклуб 2007 жылдан 2014 жылға дейін шамамен жылына 15 миллион еуро алған. Бұл туралы сол кездегі велоспорт федерациясының басшысы Қайрат Келімбетов айтқан еді. Қызықтың барлығы осыдан кейін басталды. Яғни клубты қаржыландыруды президент жанынан құрылған «Астана» спортық клубы өз мойнына алды. Ақшаны «Самұрық Қазына» береді. Ал ондағы ақша кімдікі? Әрине, халықтың қаржысы. Елдің есебінен өмір сүрген әртүрлі спорт түрлерінен 9 клубқа жылына 100 миллион долларға дейінгі қаражат бөлген. Бұның ішіне «ASTANA» велоклубы да кіреді. Сондай-ақ 2014-2024 жылдар аралығында мемлекет «Astana Qazaqstan Team-ға» 174,1 миллион еуро бөлген. Сұмдық!

Бір ғана халқы аз Нидерланды елінде бұқаралық спортқа (497 миллион) жұмсалатын шығындар кәсіби спортқа (246 миллион) қарағанда 2 есе көп долларды құрайды. Ал салыстырып қарасақ, Қазақстан жоғары жетістіктер спортына 3 есе көп, ал бұқаралық спортқа 7 есе аз жұмсайды.

Жоғарыда айтып өткен 1,4 триллион теңгенің тағы біраз бөлігі Олимпиада бағдарламасына енбеген спорт түрлеріне бөлінген. Олардың қатарында стрип-пластика, яғни стриптиз, петанк, балық аулау және тас лақтыру сынды адам айтса күлкісі келетін спорт түрлері бар. Ал соңғы 6 жылда Қазақстанда спортқа жауапты қанша министр келгенін білесіз бе? Бес. Иә, 5 министр ауысқан.

Оның біреуі, яғни Арыстанбек Мұхамедиұлы министр лауазымынан босағаннан кейін жасаған қылмысы үшін абақтыда отыр. Одан кейін ведомство тізгінін ұстаған Ақтоты Райымқұлова болса қазір «Түркі мәдениетінің мұрасы» деген қордың директоры. Одан кейін тағайындалған Асхат Оралов бар болғаны 10 ай ғана жұмыс істеді де, қызметінен қуылғаны есте. Бірақ қазір Президент әкімшілігінде қызмет етеді. Ермек Маржықпаев та бұл орында 1 жыл толық отыра алмады. Париждегі масқарадан кейін Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев оны қызметінен босатты. Қазір ол Премьер-министрдің кеңесшісі. Су жаңа министр Ербол Мырзабосынов болса қызметке кеше ғана кірісті.

– Мұндай көп ақшаға 6 жылда УЕФА стандартына сай келетін 40 стадион салуға болады екен. Алайда тәуелсіздік алған 33 жылда біздің елде тек 2 стадион бой көтерді. «Орталық Азияның басымыз, дамыған 30 елдің қатарына кіріп келеміз» деп кеуде қаққанда тесіп жібере жаздаймыз. Сөйте тұра шамамыз тек екі стадионға ғана жетті. Одан бөлек мұндай ақшаға елдегі барлық ауылға жабық спорт кешенін, спорт алаңдарын көптеп салуға болатын еді ғой.

Көрші Өзбекстан 33 жылда 10 стадион салып үлгеріпті. Міне, олардың Олимпиадада бірінен соң бірі топ жарып, үлкен футболда жетістікке жетуі осының арқасында. Яғни бұл өзбек шенеуніктері спортқа деп бөлінген қаражатты діттеген жеріне жеткізеді деген сөз, – деді спорт журналисі Олжас Байбосынов.

Жалпы спорт саласында процестерді цифрландыру мүлдем жоқтың қасы. 2020 жылы «E-Sport» ұлттық цифрлық планформасын енгізуге жоспарлаған әзірлеу жүргізілген жоқ. Нәтижесінде министрлік қазақстандық спорттың жай-күйін толық білмейді. Жүлдегерлердің, спорт ғимараттарының, секциялар мен жаттықтырушылардың біріңғай есебін жүргізбейді.

Одан соң жалған спортшыларға спорттық атақ беруге, жарыстарға қатысу үшін спортшыларды ашық емес және субъективті іріктеуге ықпал етеді. Ал оның арты оқу-жаттығу жиындары мен спорт нысандарын жалға алудың жалғандығы, легионерлерге берілетін еңбекақыны асыра бағалауға, бюджет қаражатын бақылаусыз игеруге алып келеді. Міне, осылай есепсіз есіл ақша судай ағып кетеді. Легионерлер туралы айтқанда хоккейдегілерді де қоса кетейік. «Барыстың» құрамындағы канадалық легионерлерге 314 млн теңге төленеді екен. Мұндай ақшаны қарапайым қазақ өңі түгілі түсінде де көрмеген шығар… Сұрақ көп, жауап ше?..

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!