Жаңа маусымда «Қайсар» футбол клубының басты мақсаты –  Қазақстан кубогында жоғары нәтижеге қол жеткізу.

– Өздеріңізге белгілі биыл Қазақстан кәсіпқой лигасы ел кубогына жаңа өзгерістер енгізіп, сыйақы тағайындап жатыр. Бұл бәсекеде неге үш дүркін жеңімпаз болмасқа?! Біз әрдайым сапалы ойын көрсетуге тиіспіз, – деді Серік Құттыбайұлы.

Жеңіске ұмтылыс

«Қайсар» ел чемпионатында жергілікті футболшыларға көңіл бөледі. Қазіргі таңда 12 футболшы Түркияға оқу-жаттығу жиынына аттанды. Құрамдағы жаңалықтарға бас бапкер Сұлтан Әбілдаев аз-кем тоқталды.

– Өткен екі жиында жергілікті футболшыларға іріктеу жүргіздік. Өздерін жақсы көрсеткен 12 футболшыны таңдап алдық. Команда 80 пайызға жаңарғандықтан, бізді біршама жұмыстар күтіп тұр. Түркияда тәжірибе жинақтау барысында кем дегенде 5 командамен жолдастық кездесу ұйымдастырамыз. Қарсыластар Македония, Ресей, Украина елдерінің командалары болады деп күтілуде. Сондай-ақ өткен маусымда өнер көрсеткен Кларенс Битанг, Элгуджа Лобжанидзе, Элфин Фортес секілді футболшылармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Егер келіссөздер оңтайлы шешілсе, жаңа маусымда аталған футболшылар команда құрамын толықтырады, – деді бас бапкер.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!