28 қазан мен 10 қараша аралығында Бразилия мемлекетінің Флорианополис қаласында жасөспірімдер арасында классикалық шахматтан әлем біріншілігі өтті.

Ақыл-ойдың аламанына 63 елден 500-ден аса қатысушы келді. Аталған чемпионатта қазақстандық спортшылар 3 күміс пен 1 қола медалға қол жеткізді. Сол қатарда жерлесіміз Алдияр Аңсат та бар. ІІ орын иегері атанған ол осымен әлемдік сайыстағы үшінші жетістігіне еншілеп отыр. Сыр өңірінің ғана емес, тұтас қазақ елінің мерейін үстем еткен спортшыны Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы құттықтап, әлеуметтік желіге жазба жариялады.

– «Қадірлі жерлестер, құрметті спортсүйер қауым! Бразилиядан ақжолтай жаңалық жетті. Флорианополис қаласында өткен классикалық шахматтан Әлем чемпионатында жас спортшымыз Алдияр Аңсат жүлделі ІІ орын иеленіп, ел абыройын асқақтатты.

Әлемнің 63 елінен келген 500-ден астам ең мықты спортшылар арасынан Қазақстан, оның ішінде Қызылорда өңірінің шахматшысы топ жарды. Алдиярдың 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы сайыстан ІІ орын иеленуі – біз үшін алтынға бергісіз жетістік!

Ол Бразилиядағы Әлем чемпионатында 11 ойын өткізді. Нәтижесінде ой сайысынан 8,5 ұпай жинап, үздіктер қатарынан көрінді. Жас шахматшымыз Сыр елінің спорттық жетістіктер қоржынына тағы бір күміс медаль қосты.

Алдиярдың айтулы интелектуалдық ойынға қызығушылығы 4 жасынан оянды. Алты жасында Тайландта өткен Әлем біріншілігінің жеңімпазы, 8 жасында Қазақстан Республикасының чемпионы болған. Сөйтіп 11 жасында «Фиде шебері», 13 жасында «Халықаралық дәрежедегі шебер» атағын иемденді. Міне, бүгін тағы бір әлемдік додада үлкен жетістікке қол жеткізді.

Айналайын, Алдияр, әлемнің, Қазақ елінің, Сыр өңірінің спорт шежіресіне атың алтын әріппен жазылатын жарыстарда жұлдызың жарқырай түссін! Сенің озық ойыныңа төрткүл дүние куә бола берсін! Жеңіс құтты болсын, Сыр елі!, – делінген облыс әкімінің жүрекжарды жазбасында.

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!