Қазақ күресінен Сыр елінің атын шығарған алып палуандар аз емес. Талай мәрте алдына келгенді атып ұрып, дүбірлі додаларда топ жарған олардың ізбасарлары бүгінде де жарқын жетістіктерімен қуантып келеді. Соның дәлелі ретінде жуырда ғана ҚР чемпионатының жеңімпазы атанған Еңбек Сақтағановты айтсақ болады.

Нақтыласақ, жуырда Шымкент қаласында, яғни 23-27 қараша күндері қазақ күресінен ересектер арасында байрақты бәсеке өтті. Еліміздің 17 облысы мен 3 қаласынан келген 500-ге жуық спортшы 16 салмақ дәрежесінде өзара бақ сынады. Алғашқы жарыс күнінде 90 келі салмақта бәйгеге бас қойған жерлесіміз қарсылас шақ келтірмей жеңімпаз атанды.

– Спортшы үшін жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Бұған дейін талай ел біріншілігінде өкінішпен кеткен жарыстардың орны толды. «Үйреніскен жау атыспаққа жақсы» демекші, бір салмақтағылар бір-бірін жақсы біледі. Бірақ айла-амал, үздіксіз жаттығудың арқасында жеңіске жету бөлек әңгіме. Бұл бастамасы. Енді әлемді бағындыру басты мақсатым болады. Тілекші жандарға алғысым шексіз, – деді спортшы.

Айта кетейік, Еңбек Сақтағановтың жаттықтырушысы – Болатбек Кенеев.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!