Токио Олимпиадасынан кейін татами шеберлері біршама уақыт үзіліс алып, жарыстардан тыс қалған еді. Өткен аптада кіл мықтылар Орал қаласында бас қосып, ел чемпионатының жүлделерін сарапқа салды. Жарыс алаңында бірқатар өзгеріс орын алған. Мәселен, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегері Отгонцэцэг Галбадрах және құрлықтық додаларда сан мәрте жүлде алған Елдос Жұмаханов үлкен спорттан кеткенін жария етті. Біріншілікте Сыр балуандары да бақ сынап, толағай табысқа ие болды. Сонымен Қазақстан чемпионатының қорытындысына тоқталсақ.
Ерлер арасындағы жарыста Қазақстанның бірінші нөмірлі дзюдошылары арасынан тек 73 келі салмақта күш сынасқан Жансай Смағұлов өзінің мықтылығын мойындата алды. Барлық қарсыласын қапы қалдырған қарағандылық балуан финалда тараздық Данияр Шамшиевті шаң қатырды. Бұған дейін 66 келі салмақ дәрежесінде күрескен Шығыс Қазақстан облысының өкілі Ерлан Серікжановқа бірден жаңа салмаққа бейімделу оңай болмаған секілді.
Аса жеңіл салмақтағы бәсекелерді де жанкүйерлер тағатсыздана күтті. Себебі Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев сынды саңлақтар бұл жарысқа қатыспады. Келесі жылдан бастап олар салмағын өзгертуге бел буған екен. Яғни, Жайық жағалауында жарыс жаңа чемпионды анықтады. Бұл мүмкіндікті Сыр балуаны Мағжан Шамшадин ұтымды пайдаланды. Биыл Будапештте өткен әлем чемпионатында бесінші орынға тұрақтаған жерлесеміз финалда маңғыстаулық Бауыржан Нарбаевтан айласын асырды.
66 келі салмақта Ермек Амангелдиевтің асығы алшысынан түсті. Ермек татамиде ерлеп, алтын тұғырдан қол бұлғады. Жарыс нәтижесінде қызылордалық дзюдошылар 2 алтын, 3 күміс, 1 қола жүлдемен командалық есепте топ жарды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!