Ел футболы оның ішінде жанкүйерлер натурализация, яғни жерсіндіру құбылысына оң пікір қалыптастыра алмады. Құрамаға келген шетелдік ойыншы көңілден шыға ма деген күдік күдерінен үзілмей барады. Жалпы бұл жүйе біздің футболға енетін болса, кімдерді шақырғанымыз абзал? Тізімді тізбектеп көрсек.

Александр Еремеефф. (Азаматтығы – Швеция, командасы – «Динамо Дрезден», Германия, 25 жас)

Нағашы жұрты орыс футболшы Швецияның екі дүркін чемпионы. Бұдан бұрын Александр «Спартактың» жаңа ойыншысы Джордан Ларссонмен сұрмергендер көшінде иық тіресіп келді. Еремеефф жазда екінші Бундеслига командасының намысын қорғауға келісіп, сонда ауысып кетті. Онда ол нәтижелілігімен көзге ілігеді. Әзірше Александр Швеция ұлттық құрамасы үшін бар-жоғы 1-ақ ойын өткізді. Оның өзі ресми матч емес. ФИФА ережесіне сәйкес футболшы ұлттық құрамасын ауыстыруға құқығы бар. Еремеефф әуедегі бәсекеде жақсы. Егер бұл ойыншымен келісімге келсек, құрама ойынын күшейтері анық.

Антон Вальдемар. (Азаматтығы – Германия, командасы «Ганновер 96», Германия, 23 жас).

Бұл жігіт жайлы қауесет ғаламтор желісінде жетіп артылады. Вальдемар – «Ганновердің» қымбат ойыншысы. Соңғы кездері Антонның командасы сәтсіз өнер көрсетіп жүр. Алар асуы алда жас қорғаушыны ұлттық құрамада асыға күтеміз.

Эдуард Левен. (Азаматтығы – Германия, командасы «Герта», Германия, 22 жас)

Эдуард Левен орталық жартылай қорғаушы позициясында өнер көрсетеді. Бұл футболшыны негізгі құрамның ойыншысы дей алмаймыз. Осы маусымда 3 ойын өткізген Левен әлі жас. Жас болғандықтан әлеуеті командаластарына қарағанда басым. Эдуардтың бастапқы құрамға жиі ілінбей қалу себебі бар. «Ливерпуль» дарыны Марко Груич пен чех Владимир Дарида барда Левеннің бастапқы құрамға кірмей қалу факторын түсіністікпен қарауымыз керек секілді.

Виталий Янельт. (Азаматтығы – Германия, командасы «Брэнтфорд», Англия, 21 жас)

Виталий орыс аудиториясына таңсық. Қазір түрлі ұлттық құрамалар Янельтті өзіне тартуда. «Бохумның» негізгі құрамының ойыншысы өте әмбебап. Қорғаныстың кез келген жағында ойнай береді. Виталий команданы қолғапша ауыстырады. Соңғы кездері ғана «Брентфордта» тұрақтап жүр. Аяқдопшының ендігі мақсаты жаңа командасымен жаңа деңгейге көтерілу.

Қорыта айтқанда, Германияда  Қазақстан құрамасына алуға болатын ойыншылар өте көп. Мысалы, «Вердер» академиясының түлегі Марсель Кляйн. Оның анасы – Диана қазақ. Түлкібастың тумасы. Міне, осындай тағдырлы адамдар Германияда көп. Қазақстанда жас ойыншылар өсіп шыққанша осындай дайын футболшыларға сенім артып көргеніміз бәлкім дұрыс шығар…

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!