Спортта жеңіске жетелейтін жаттықтырушының маңызы өте зор. Сол жолда бағыт-бағдар беріп, спортшының әр қадамын бақылап, шыңдала түсуіне үлес қосатын тұлға – бапкер. Шәкірттерінің бойындағы қабілетті дер кезінде танып, үздік нәтиже көрсетуіне барын салатын жаттықтырушының бірі – Нұрбол Тәжібаев. Бүгінде ол №2 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында дене шынықтыру мұғалімі болып еңбек етеді. Бүгінде оның шәкірттері жарыстарда жеңімпаз атанып, биіктерді бағындыруда.

– «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» демекші, дарынды спортшыларды тауып, оларды жарысқа дайындау мені ерекше қуантады. Өзім бірнеше спорт түрі бойынша шәкірттеріме бағыт-бағдар беремін. Жалпы біздің орталығымыздың қызмет алушылары спортқа біртабан жақын, соның нәтижесінде қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі спорттық сайыстарда жеңіс тұғырынан көрінудеміз. Орталығымыздың қызмет алушылары ерекше жандар арасында өткен спорттық сайыстарда, атап айтқанда шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, волейбол, баскетбол, дартс ойындарынан жүлделі орындарды иеленді.

Жігерлі спортшылар – жеңіс тұғырында

Бүгінде орталық заманауи спорттық тренажорларымен жабдықталған. Алғаш рет Түркістан қаласында Қызылорда-Түркістан үстел теннисі бойынша жолдастық кездесу ұйымдастырылып, біздің спортшыларымыз жүлделі I орынды иеленіп қайтты, – деді Нұрбол Ғалымұлы.

Жеңісті жол мұнан кейін де жалғасты. 2024 жылы Алматы қаласында алғаш рет «Seni cup» компаниясының ұйымдастыруымен өткен халықаралық шағын футбол турнирінде орталықтың қызмет алушылары жүлделі I орынмен марапатталды. Ал мұнан кейін Астана қаласында «Seni cup» компаниясы ұйымдастырған республикалық турнирде III орын еншіледі.

Жігерлі спортшылар – жеңіс тұғырында

Маусым айының аяғында орталықтың мақтанышы Марат Агибаев қызылордалық командалардың ішінен топ жарып шығып, алғаш рет Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласында ұйымдастырылған республикалық турнирде мүгедектігі бар жандар арасында үстел теннис спорт түрі бойынша жүлделі I орын алып, облыстың атын шығарды.

Орталықтағы спортшы жастардың мұндай белестерді бағындыруы үздіксіз еңбек пен ізденістің нәтижесі. Ерік-жігерін шыңдап, мақсатқа ұмтылған спортшылардың алда талай жеңіске қол жеткізетіні анық.

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!