Көктем – дене мүсінге көңіл бөліп, денсаулыққа мән берер шақ. Көбі дене шынықтырудың әдісін таңдағанда жүгіруге жүгінетіні жасырын емес. Себебі артық шығын жоқ, ақылы жаттығу залына барудың қажеті шамалы. Тек жүгіру мерзімі мен ережесін білсеңіз болғаны. Осы орайда жүгіруді бастамақ ниеттегі спортсүйер қауымның кәдесіне жарайтын бірнеше кеңесті назарға ұсынуды жөн көрдік.

Спорттың кез келген түрінде ең қиыны – бастау. Бойыңыздағы ерік-жігеріңізді жинап, бастап кету қажет. Кейін біртіндеп бұл күнделікті әдетке айналады. Жүгіру бірде-бір қаражат пен қосымша құралдарды талап етпейді. Бұл – жаттығудың ең қарапайым әрі жеңіл түрі. Ол – барлығына қолжетімді әрі пайдасы мол спорт.
Спорттың бұл түрімен кез келген жерде және кез келген уақытта шұғылдануға болады. Тіпті ауа райы мен тау-тас та сізге кедергі келтіре алмайды.
Жүгіру кезінде әуелі үстіңізге киетін киімді дұрыс таңдау және табаны жайлы аяқ киім кию қажет. Бір айта кетерлігі, мамандар тас жолда көп жүгіруге кеңес бермейді. Керісінше жай топырақ, шөп үстінде болмаса резеңке төселген арнайы жерлерде жүгірген абзал.
Жүгіру – денсаулықтың кепілі. Күн сайын бір мезгіл жүгіру арқылы сергектік келеді. Ол адамның иммунитетін көтеріп, жүрек-қан тамырларының жұмысын жақсартуға септігін тигізеді. Күнделікті жүгіруді әдетке айналдырғанның қан қысымы реттеледі және бауырдың жұмыс істеуі жақсара түседі. Сондай-ақ қанның жүру көлемі ұлғайып, ас қорыту жұмысы белсенді жүреді.
Тағы бір айта кетерлігі, жүгіру күйзеліс уақытында пайда болған қан қысымының көтерілуін азайтады. Әсіресе бір орында тапжылмай жұмыс істейтіндер спорттың осы түрімен белсенді түрде айналысқаны жөн. Нәтижесінде сүйектердің қатаюын әрі төзімділігін арттыруға және салмақ қосу қаупін болдырмауға болады.
Кез келген қозғалыстың миға оттегінің тасымалдауын жақсартатынын және зейінді қуаттандыратынын ұмытпаған жөн. Жүгіру тыныс алу жүйесін де жақсартуға септігін тигізеді, ұйқысыздықтан арылтады, қартаю процесін де тежейді. Спорттың қолжетімді түрімен айналысу ағзаны зиянды токсиндерден және қауіпті қалдықтардан тазартауға көмектеседі. Сондай-ақ теріңіз жақсара түскенін байқайсыз.
Әсіресе таңғы уақыттағы жүгіру адамға жан тыныштығын сыйлайды. Сол уақытта адам миы ерекше күйге түседі. Мамандардың айтуынша, дәл сол кезде жүгіріп өмір жайлы ойлануға, болашақты жоспарлауға болады.
Сондай-ақ жүгіру­ден жаттығуды бастаған уақытта бірден үлкен жылдам­дықпен жүгірмеген жөн. Керісінше кәдімгі жай жүріспен басталу қажет. Әсіресе таңертең жаттығу күні бойы сергек жүруге көмектеседі.
Мамандардың айтуынша, жүгіріп келіп, бірден тоқтап қалмау және отырмау қажет. Себебі кеуде қысылып, дем алу бәсеңдей түседі. Осындай жағдайлар болмау үшін жүгіріп келе жатып жылдамдықты азайтқан жөн. Сосын жүгірісті жай жүріске ауыстырып, қолмен жаттығулар жасаңыз.
Бұған қоса жүгіру марафондарына қатысатындардың күнделікті рационы жеңіл көмірсулардан тұруы керек. Бастысы дұрыс тамақтануды әдетке айналдырыңыз. Таңғы асты марафон басталардан екі-төрт сағат бұрын ішуді ұмытпаңыз. Рационда май аз болу қажет. Керісінше жарма, банан және т.б. көбірек болғаны жөн. Бір айта кетерлігі, таңғы ас жеткілікті мөлшерде болуы керек. Бірақ бұл асқазанға тым ауыр болмау қажет. Жүгіру қосымша калориядан құтылуға көмектеседі. Жүйелі жүгіру жаттығулары ағзаның қалыпқа келу функцияларын жақсартады.
Ал баланы жеңіл атлетикамен айналысуға шамамен сегіз-тоғыз жастан берген дұрыс дейді мамандар. Түрлі ойын арқылы жеткіншектердің жүгіруге қызығушылығын оятуға болады. Әлбетте, бұл процессте монотонды жаттығулар болмауы керек. Керісінше қысқа әрі жеңіл және қызықты болуы қажет. Мәселен, 100-200 метрлік шағын жарыстар ұйымдастыруға болады. Сондай-ақ балаға арналған секция мен жақсы жаттықтырушы таңдау өте маңызды. Өйткені жаттықтырушы кішкентай спортшыны дайындаудың бастапқы кезеңінде жүгіруге деген сүйіспеншілігін оятуы қажет.
Жүгірушілер егер кәсіби тұрғыдан айналысуды мақсат етсе, онда тек денені қыздырумен және жүгірумен шектелмегені жөн. Денеге күш түсіретін арнайы жаттығуларды жасауды ұмытпағаны жөн. Ал жүгірудің әуесқой түрімен айналысатындар аптасына үш-төрт мәрте жаттықса жеткілікті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!